Egemen.KZ парақшасынан алынған деректерге сүйене отырып, Qazaq24.com хабарлама жасады..
Жуалыға жол түссе, даңқты Бауыржан Момышұлының мұражайына соқпай кетпейміз. Онда сақталған ерекше жәдігерлер тұлғаның толық болмысын ашып, әртүрлі шығармашылық қырын танытады. Ерлікке толған жүректің өнерге деген іңкәрлігін, ішкі жан-дүниесінің рухани байлығын байқатады. Аңызға айналған ғұмырдың әр парағы, әр естелігі қаһарман кеуденің арғы жағындағы нәзік бір әлемнен сыр шертеді.
Батырдың домбырасы
Кеңес Одағының Батыры, жазушы Бауыржан Момышұлы жеке фотосуреттері мен қойындәптерін, әскери картасын және өзге заттарын музейге тапсыруды аманаттаған екен. Батырдың қойындәптері мен картасы елордадағы әскери музейде тұрса, қалған біршама жәдігер облыстық тарихи-өлкетану музейіне қарасты «Даңқ» залына тапсырылған. Мұндағы жәдігерлердің бірқатары соғыс жылдарынан естелік айтады.
Мемориалдық музей қорында бүгінде жалпы 1 556 жәдігер бар. Ал экспозицияға 838 жәдігер қойылған. Онда Бауыржан Момышұлы өмірінен фотосуреттер (балалық шағы, әскери өмірі, шығармашылығы мен отбасы), әскери киімі, гвардиялық белгісі, белдігі, пайдаланған заттары (электрлі сақал алғышы, бет сүлгісі, кесесі, күміс қасықтары мен шанышқысы, ағаш тостағаны, ағаш қасығы мен ағаш ожауы, шай ішкен ыдысы мен шай қасығы) өз қолымен ойған оюлар альбомы, мемлекеттік наградалары, домбырасы, төсегі, жұмыс бөлмесіндегі заттары (үстелі, орындығы, ағылшын машинкасы, май шамы, қалам салғышы, аспалы шамы, күлсалғышы, мүштегі, сувенирлері), кітаптары, сағаты, басқа да жеке заттары бар.
Жамбыл облыстық тарихи-өлкетану музейінің қызметкері Лаура Байтұрсынова құнды жәдігерлердің «өз мінезі» бар екенін айтып, қалай сақталатынын түсіндірді.
«Біз ең алдымен арнайы микроклимат қалыптастырамыз. Ауаның температурасы мен ылғалдылығы (әдетте
18–22°C және 45–55% ылғалдылық) тәулік бойы қатаң бақыланады. Шамадан тыс жарық та жәдігерге жау (әсіресе мата мен қағазға), сондықтан ультракүлгін сәулелерден қорғайтын арнайы жапқыштар мен жарықтандыру жүйесін қолданамыз. Күтім жасауға келетін болсақ, бұл – үлкен ғылыми жұмыс. Жәдігерлерді шаңнан тазартудан бастап, зақымдалған жерлерін қалпына келтіруге дейін арнайы мамандар айналысады. Оларды тек арнайы мақта қолғаппен ғана ұстауға болады. Әрбір жәдігердің жеке «төлқұжаты» бар. Онда заттың музейге келген сәттегі күйінен бастап, жасалған барлық жұмыс жазылады», дейді ол.
Музей қызметкерінің айтуынша, қорда ерекше орын алатын бұрыштардың бірі – «Баукеңнің қарулас жерлестері» деп аталады. Бұл бөлімде Жуалы ауданынан Екінші дүниежүзілік соғысқа аттанған жауынгерлердің суреттері, олардың майданнан жазған хаттары, жеке құжаттары, алған марапаттары мен орден-медальдары ұсынылған.
Баукең ойған оюлар
Жаужүрек қаһармандығымен танылған тұлғаның сан қатпарлы жан-дүниесінің астарында көпке беймәлім өнер бар дегенге сенбессіз, бәлкім. Музей сөресіндегі Бауыржан Момышұлының өз қолымен жасаған ою-өрнектері ерекше назарымызды аудартты.
Шығармашылыққа жаны құмар Баукең бірде:
Өткенді еске салып ойға толам,
Сұрыптап тезге салып көп ойланам.
Ой түбіне жете алмай титықтасам,
Қолыма қайшы алып ою оям,
– деп толғанады. Терең ойға батып, ой түбіне жете алмай қиялы қыр кезген уақытта қолына қайшы алып, немересі Ержанға темекінің түс қағаздарынан түрлі оюлар ойып береді екен. Тіпті бізбен кестелеп те шыққан. Батырдың бізге тосын бұл қызығушылығы көркем қиял мен нәзік толғаныстардың айшығы сынды. Оның ішкі тебіренісінен, жан толқынысынан туған оюлар тау-тұлғаның нәзік бір тамырын басты. Бәлки, бұл жан тыныштығын бір күйге түсіретін бейнелеудің өзгеше тәсілі болар.
Өзгеше өрнектелген оюларды көрген зергерлер автор қолтаңбасынан сирек кездесетін бір иірімді таныған. Тіпті «жер қойнауынан жеткен тарих» деп бағалайды. Расында да әр ою бір-біріне ұқсамайды, өзінше тарамдалады. Қорда сақталған жетпіске жуық оюдың әрқайсысының ай-күні жазылған, батырдың өз қолының ізі тұр.
Бауыржан Момышұлының арнайы тапсырып, аманаттаған тағы бір сүйікті заты – маузері. 1965 жылы Ялтада жазған өсиетхатында: «Маузерім осы музейде тұрсын» деп Жамбыл облыстық тарихи-өлкетану музейіне тапсырған. Музей қорындағы бар дерекке жүгінсек, маузер металл, ағаш және қайыстан жасалған, 7,65 калибрлі. Жәдігердің металл бөлігінде «Маузер полковника Бауыржана Момышулы» деген жазуы бар. Саналы ғұмырын әскери қызметке арналған батыр осы қаруды соғыс жылдарында пайдаланған.
Музей қызметкерінің айтуынша, батыр өміріне қызығушылар жыл санап артып келеді. Әсіресе отбасылық келушілер мен шетелдік туристер музейге көп келеді.
«Біз үшін ең басты көрсеткіш – адамдардың музейден рухани азық алып, тарихына мақтанышпен қарап шығуы. Қуантарлығы, кейінгі уақытта музейге келушілер, әсіресе жастар қатары көбейіп келеді. Бүгінгі көрермен тек көрумен шектелмейді, олар тарихты тереңірек танып, сезінгісі келеді. Интерактивті көрмелер мен цифрлық технологиялардың арқасында музейлер заманауи мәдени орталыққа айналды. Әсіресе демалыс күндері мен мерекелерде халықтың ықыласы өте жоғары», дейді Лаура Байтұрсынова.
Сондай-ақ музей сөрелерінде Б.Момышұлының Куба еліне сапарынан естеліктер, фотолар, өзімен алып жүрген заттары қойылған. Баукең 1963 жылы Куба басшылығының шақыруымен сол елге барады. Сапар барысында Куба басшысы Фидель Кастроның інісі Рауль Кастромен кездесіп, оған үлкен әсер қалдырады. Куба Қарулы күштерінің әскери академиясында офицерлер мен жауынгерлер алдында соғыс тактикасының үлгілерінен дәріс оқиды. Б.Момышұлының әскери әдіс-тәсілдері қазіргі уақытта да Кубаның әскери оқу орындарында оқытылады. Куба еліне сапарынан «Куба әсерлері» деген атпен көлемді очерк жазды. Музей қорында оның Куба сапарынан қалған заттары сақталған.
Соңғы жаңалықтар
Бүгін доллар қанша теңгеден саудаланып жатыр?
Қаржы • Бүгін, 09:33
Синоптиктер болжамы: Үсік пен ыстық қатар келеді
Ауа райы • Бүгін, 09:24
Ай сайын 1 млн теңге: Баян Алагөзова Мерует Өтекешоваға ерекше сый жасады
Оқиға • Кеше
Астанада жалдамалы пәтерлерде есірткі сақтаған күдікті ұсталды
Есірткі • Кеше
Аргентинада мектептегі музыка кабинетіне Димаш Құдайбергеннің есімі берілді
Оқиға • Кеше
Хоккейші Уэйн Гретцкидің жейдесі 1,2 млрд теңгеге сатылды
Хоккей • Кеше
3000 шақырым жол: 76 жастағы ақсақал Ұлытаудан Парижге жаяу барды
Оқиға • Кеше
Жүк ұшақтарын әкелуге 12 жылдық кедендік жеңілдік енгізіледі
Салық • Кеше
Қазақстан джиу-джитсу құрамасы Парижде екінші орын иеленді
Спорт • Кеше
Атырау облысында браконьерлерден 6 тоннадан астам балық тәркіленді
Аймақтар • Кеше
Геннадий Онищенко: Ормұз бұғазы ашылмаса дәрі-дәрмек қымбаттайды
Әлем • Кеше
Ришат Хайбуллин Азия жағажай ойындарында қола медаль жеңіп алды
Спорт • Кеше
Аймақтар • Кеше
Астанада 2000 оқушы бір мезетте күй орындап, көпшілікті тәнті етті
Өнер • Кеше
Біріккен Араб Әмірліктері ОПЕК ұйымдарынан шығатынын мәлімдеді
Әлем • Кеше