Inform.KZ парақшасынан алынған ақпаратқа сәйкес, Qazaq24.com хабарлайды..
Заң 2025 жылғы 27 маусымда Минск қаласында қол қойылған келісімді ратификациялауға бағытталған. Келісімнің мақсаты - тарифтік және тарифтік емес кедергілерді азайту немесе жою арқылы тараптар арасындағы тауарлар саудасын ырықтандыру және оңайлату, сондай-ақ экономикалық өзара іс-қимылды қолдау.
Сенаттың Экономикалық саясат, инновациялық даму және кәсіпкерлік комитетінің мәліметіне қарағанда, Келісімді ратификациялау қазақстандық экспортты Моңғолия нарығына әртараптандыру үшін қолайлы жағдайлар жасауға, өндірістік байланыстарды нығайтуға және өңірдегі сауда саясатының болжамдылығын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
- Келісімнің тауарлық қамтылуына әр тараптан 367 тауар қалыптасқан. Өз кезегінде Қазақстанның экспорттық мүддесі толықтай қамтамасыз етілген. Моңғолия азық-түлік өнімдері мен өнеркәсіптік тауарларға импорттық кедендік баждарды алып тастайды. Еліміз үшін экономикалық тиімділіктеріне тоқталсақ, моңғол тарапының тарифтік жеңілдіктері республикамыздың Моңғолияға экспортының 92 пайызын қамтиды. Нәтижесінде, отандық бизнес импорттық кедендік баждарды төлеу кезінде үнемдеуге қол жеткізеді. Тарифтік қорғау деңгейінің төмендеуі қазақстандық жеткізілімдерді ұлғайтуға қолайлы жағдай жасай отырып, олардың Моңғолия нарығындағы бәсекеге қабілеттілігін арттырады, - деді сенатор Әлібек Нәутиев.
Оның айтуынша, Қазақстаннан Моңғолияға жеткізілетін негізгі тауарлар қатарына темекі өнімдері, нан және кондитерлік өнімдер, кофе мен шәй, дәрілік заттар, теледидарлар, мониторлар мен проекторлар жатады.
- Ал Қазақстан Моңғолиядан жылқы етін, картоп, пошта маркалары мен өзге де бағалы қағаздарды, аяқ киім және басқа да тауарларды импорттайды. Сонымен қатар, Келісімді ратификациялау ауыл шаруашылығы мен өнеркәсіп секторларының дамуына оң әсерін тигізеді. Экспорт үшін қолайлы тауарларды өткізу нарықтарын кеңейту арқылы отандық өндірісті ұлғайту үшін қосымша ынталандыру болатыны сөзсіз. Жалпы, бұл Келісім Еуразиляқ экономикалық одақ елдері мен Моңғолия арасындағы сауда байланыстарын дамытуға және нығайтуға, сондай-ақ Моңғолия нарығына тауарларды ілгерілету үшін қолайлы жағдайлар қалыптастыруға бағытталады, - деді депутат.
Бұдан бұрын хабарланғандай, Қазақстан Моңғолиямен зейнетақы саласындағы ынтымақтастық туралы келісімді ратификациялады.