Qazaq24.com, Inform.KZ дереккөзінен алынған ақпаратқа сүйене отырып жаңалық таратады..
Биылғы форумның басты тақырыбы — Under Destruction («Қирау жағдайында»).
Ұйымдастырушылардың пайымдауынша, бұл атау соғыстан кейін қалыптасқан халықаралық тәртіптің күйреу кезеңіне аяқ басқан қазіргі әлемдік жүйені бейнелейді.
Биыл аталған конференцияға қатысушылар саны жағынан рекорд жасады: шамамен 50 мемлекет пен үкімет басшысы, 65-тен астам сыртқы істер министрі және 30 қорғаныс ведомствосының жетекшісі бас қосты.
Талқылаудың өзегіне Еуропалық одақ пен АҚШ арасындағы трансатлантикалық қатынастар (Дональд Трамптың екінші президенттік кезеңі тұсында), Ресей мен Украина арасындағы қақтығыс, Еуропаның қорғаныс қабілеті және өзге де өзекті мәселелер шықты.
— Ескі әлемдік тәртіп енді жоқ. Біз ірі державалар саясаты дәуіріне қадам бастық, — деді Фридрих Мерц Германия канцлері конференцияның ашылуында.
Ол трансатлантикалық сенімді қалпына келтіруге шақырып, АҚШ-тың өзі де «жалғыз әрекет етуге жеткілікті дәрежеде мықты емес» екенін атап өтті. Сондай-ақ Мерц пен Франция президенті Эмманюэль Макрон НАТО аясында «Еуропаның берік тірегі» ретінде еуропалық ядролық тежеу тетігін қалыптастыру идеясын талқылады.
Конференцияның басты оқиғаларының бірі — АҚШ Мемлекеттік хатшысы Марко Рубионың сөзі болды. Еуропалықтар бұл баяндаманы өткен жылғы АҚШ вице-президенті Дж. Вэнстің қатаң мәлімдемесінен кейін ерекше күтті. Алайда Рубионың үн қатуы едәуір ұстамды шықты. Ол: «АҚШ пен Еуропа бір-бірінен ажырағысыз», — деп атап өтті.
Сонымен бірге Вашингтонның жаңа бағытын да жасырған жоқ. Ол еуропалық одақтастарға көмек азайып, қорғаныс пен Украинаға қолдау мәселесінде қысым күшейетінін айтты. Бұдан бөлек, Рубио БҰҰ-ны қатаң сынға алып, ұйымды түбегейлі реформалауға шақырды.
ЕО дипломатиясының басшысы Кая Каллас америкалық тарапқа: «Сіздерге де біз қажетпіз», — деп үн қатты.
Ал Еуропалық комиссия президенті Урсула фон дер Ляйен Principled and Pragmatic: Wielding Power in a World in Disarray («Қағидалы әрі прагматикалық: бейберекет әлемде күш қолдану») атты баяндамасын ұсынды.
Оның айтуынша, әлем геосаяси бытыраңқылық дәуіріне енді, ал қауіпсіздік жөніндегі бұрынғы ұстанымдар жұмыс істемей қалды. Еуропа аумақтық қақтығыстар, тарифтік соғыстар, технологиялық бәсеке және Украинадағы соғыс сияқты сын-қатерлермен бетпе-бет келіп отыр. Осыған байланысты ол ЕО-ны жедел әрекет етуге және ішкі бірлікті нығайтуға шақырды.
Үш күнге созылған Мюнхен қауіпсіздік конференциясы бүгін мәресіне жетеді. Форум еуропалық және әлемдік аудиторияның айрықша назарын аударды.
Жалпы алғанда, MSC-2026 «Under Destruction» алаңы мемлекеттер өз ұстанымын айқындайтын, бейресми келіссөздер мен саяси сигналдар берілетін дәстүрлі маңызды мінбер ретіндегі рөлін тағы бір мәрте растады.
2026 жылы еуропалық көшбасшылар бір мәселеде ортақ пікірге келді: трансатлантикалық қатынастар дағдарысы мен жаһандық өзгерістер жағдайында Еуропа өз жолын іздеуге мәжбүр.
Осыға дейін АҚШ пен Еуропа арасындағы қатынас шиеленіссе, әлемдегі экономикалық белсенділік баяулауы мүмкін екенін жаздық.