Мұғалім нарық сұранысындағы мамандық

28.05.2026

Qazaq24.com, Egemen.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып жаңалық жариялады..

Іс-шара барысында журналистер университеттің басқарма төрағасы-ректор Бейбіткүл Кәрімовамен кездесіп, оқу орнының миссиясы, стратегиялық даму бағыттары мен қазіргі тыныс-тіршілігі туралы ақпарат алды.

Негізі 1944 жылы қаланған оқу орнында физика-математика, тіл-әдебиет және тарих факультеттері ашылып, 100 студент оқуға қабылданған болса, бүгінде республикадағы білім ошақтарын сапалы мұғалім мамандарымен қамтамасыз етіп отырған оқу ордасында 12 мыңнан астам студент білім алып жатыр. Университетте бакалавриат, магистратура және PhD докторантура білім бағдарламалары бойынша педагог кадрлары даярланады. Оқу орнында еліміз өңірлерімен қатар Өзбекстан, Моңғолия, Қытай, Ресей, Түрікменстан, Қырғызстан және Тәжікстан елдерінен келген талапкерлер де білім алуда.

Ректор атап өткендей, қазіргі кезде Алматы қаласы әкімдігімен, сондай-ақ алдағы уақытта облыстармен бірлескен жобалар аясында қай өңірде педагог мамандарға сұраныс барысы анықталатын болады. Қазіргі кезде бұл бағытта арнайы жобалар қолға алынып жатыр.

Бүгінде әлемнің 23 еліндегі 83-тен астам университет және ғылыми орталықтарымен серіктестік байланыс орнатқан оқу орны нарық сұранысына орай заманауи кадрлар даярлау ісіне басты мән беріп отыр. Әсіресе шалғай ауылдар, шағын кешенді мектептер, «Келешек мектептеріне» қажетті мамандарды даярлау ісі университет басшылығынан оқу-әдістемелік кешенді замана ағымына, оқушылар талабына, кәсіби мұғалім даярлау бағытына қарай икемдеп, әр кез нарыққа сараптама жасап отыруын талап етеді. Мұнымен қоса ерекше қажеттіліктері бар балаларды оқытуға, олардың сапалы білім алуына орай инклюзивті білім беру бағдарламасы іске асып, осы бағытта арнайы мамандар даярланып келеді.

Университеттің ғылыми-инновациялық және шығармашылық әлеуеті заман талабына сай жабдықталған. Мұнда молекулалық физика және термодинамика зертханасы, биотехнологиялық зерттеулер зертханасының жұмысына ерекше тоқталып өтуге болады. Ғалымдардың жетістіктері елімізбен қатар халықаралық кеңістікке кеңінен танылған. Физика, математика және цифрлық технологиялар институтында ашылған физика зертханалары заманауи PHYWE және PASCO құралдарымен жабдықталған. Бұл зертханалар болашақтың мамандарын даярлауға мол мүмкіндік береді.

Оқу орнында жалпы білім беретін мектептерге шахмат пәні мұғалімдерін даярлайтын «KazChessLab» білім беру алаңы, сонымен қатар «QyzPU» медиастудиясы, баспасөз қызметі, жаңартылған хореография залы және Серәлі Қаниев атындағы кітапхана жұмыс істейді.

Қосымша ақпарат пен соңғы жаңалықтар үшін Qazaq24.com сайтын бақылаңыз.
Читать полностью