Egemen.KZ парақшасынан алынған деректерге сүйене отырып, Qazaq24.com жаңалық жариялайды..
Бүгінде мұнайлы өңірдегі мүгедектер саны 27 901 адамға жетіп отыр. Оның ішінде бірінші топта 3 001, екінші санатта 9 977, үшінші топта 9 869 мүмкіндігі шектеулі адам бар. Кәмелет жасына толмаған мүгедектер саны – 5 054.
Тағдырдың теперішін тартқан жандарға арнап ашылған жаңа орталық Алмалы ауылдық округінде орналасқан. Бұрын бұл ауыл Махамбет ауданына қарайтын еді. Кейінгі жылдары Атырау қалалық әкімдігінің бөлінісіне берілді. Бұдан үш жыл бұрын осы ауылда құрылысы басталған нысанның жалпы аумағы 22 мың шаршы метрді құрайды.
«Алмалы» әлеуметтік оңалту орталығының директоры Анар Қаюпованың айтуынша, мұндағы қызмет түрі алты бағытта – әлеуметтік- тұрмыстық, медициналық, психологиялық, педагогикалық, әлеуметтік-еңбек, мәдени оңалту бағыттарында ұйымдастырылады.
«Орталық мамандарының басты мақсаты – мүмкіндігі шектелген жандарға жайлы орта қалыптастыру. Жаңа мекеме кешенді оңалтуға арналған заманауи құрал-жабдықтармен жеткілікті қамтамасыз етілген. Әр қызмет алушыға жеке оңалту, әлеуметтік бейімдеу бағдарламасы әзірленеді. Оларға дәрігерлер, мейіргерлер, психологтер мен логопедтер, дефектологтер, барлығы 189 маман қызмет көрсетеді», дейді А.Қаюпова.
Орталық мамандары бір мезетте 150 адамды қабылдайды. Осы кезге дейін жыл сайын шамамен мүмкіндігі шектелген 1 100 адамға оңалту көмегі беріліп келген. Енді мұндай қолдау алатындардың саны 2 300 адамға дейін көбейеді.
Орталықта кәмелет жасына толмаса да, мүгедектік санаты берілген балаларға да ерекше назар аударылғалы отыр. Әсіресе тірек-қимылы бұзылған, церебральды сал ауруына шалдыққан, Даун синдромы мен аутизм спектріндегі ауытқуы бар 3 пен 18 жас аралығындағы балаларға кешенді оңалту қызметі көрсетіледі. Осыған арналған АВА-терапия кабинеттері, механотерапия залдары, сенсорлық интеграция бөлмелері, сондай-ақ еңбек, арт-терапия шеберханалары бар.
«Ересектерді, әсіресе бірінші, екінші топтағы мүгедектік санаты берілген адамдарды оңалту курсынан өткізуге қолайлы жағдай жасалып отыр. Мұнда физиотерапия кабинеттері, заманауи құрылғылармен жабдықталған емдік денешынықтыру залы, бассейн, су емдеу кешені бар», деді А.Қаюпова.
Атырау облысы