Мұхтарбай Өтелбайұлы: Ғылымның бағытын елдік мүдде айқындайды

05.06.2026

Egemen.KZ парақшасынан алынған ақпаратқа сүйене отырып, Qazaq24.com хабарлама жасады..

– Мұхтарбай Өтелбайұлы, іргелі еңбектеріңіз ғылыми-зерттеу мен өндірістік жетіс­тіктердің бастауына ай­налды. Көне ғылымға қызығу­шы­лы­ғы­ңыз неден басталды?

– Жас күнімнен есепке зерек болдым. Балалық шағым малшы ауылда өтті. Кейде бала күнімді сағынып есіме аламын. Ол жылдарда кешкілік үлкендер жиналып әңгіме-дүкен құратын. Түрлі аңыз-әңгімелер мен жыр-дастандар айтылады. Әсіресе бүркітші ақсақалдың әңгімесі қызық еді. Әңгімесін тыңдағанда қансонарға бүркітіммен шық­қандай сезімде болатынмын. Ауылымыз қырғыз еліне көр­шілес. Жетінші сыныптан кейін Тоқмақтағы механизаторлар техникумына оқуға түс­тім. Бірақ толық аяқтауға зейі­нім соқпады. Кейіннен Қара­қоңыздағы кешкі мектепте орысша оқыдым. Еңбекке ерте араласып, ұстаның көмекшісі болдым. Трактор жүргіздім. Әке-шешеме қолғабысым тигені болмаса, «мұның бәрі уақытша» деп өз-өзімді іштей жұбатып жүретінмін. Ата-анам өте еңбекқор жандар еді. Бар мейірімі мен тәрбиесін беріп, бойыма жақсы қасиеттерді сіңірді. Ешкімнің ала жібін аттамауға үйретті. Ғылымдағы жолымды ашқан – осы қасиеттер. Кешкі мектепте жүргенде кітапханадан математикаға қатысты кітаптар алып оқимын. Әлемдегі мықты ғалым­дардың өмірбаяны жазыл­ған «Математика в школе» журналын қызыға парақтаймын. Сірә, математик боламын деген арманым осы сәтте оянды. Кейіннен Қырғызстан педагогикалық инсти­тутында білім алып жүрге­нім­де Мәскеу мемлекеттік универси­тетіне жолдамамен оқуға кеттім.

– Сол жылдарда есіміңіз ғы­лым докторлығын қорғаған ең жас ғалымдар қатарында аталды. Мәс­кеуде қалуға ұсыныс болды ма?

– Мәскеуде қалуға ұсыныс болды. Бірақ елге келіп, отандық ғылымның дамуына пайдамды тигізуді ойладым. Оқу бітірген­нен кейін Қырғызстанға жолдама берілді. Алайда көп істеген жоқпын. Елге қайтуыма профессор Иманәлиевтің көп ықпа­лы тиді. Шынымды айтсам, Мәс­кеуде талантты қазақ жас­та­ры көп оқыды. Әсіресе Б.М.Леви­тан, А.Г.Костюченко, академик С.М.Никольскийдей секілді ұстаздарымыз қазақ балаларының алғырлығы мен зеректігіне үнемі тәнті болатын. Мәскеуде оқыған жылдары бар күшімді сапалы білім алуға жұмсадым. Академик Колмогоровтың жетекшілігімен 36 жасымда физика-математика ғылымдарының докторы атандым. Осының бәрі ізденістің нәтижесі деп білемін.

– Елге оралған жылдарда математика ғылымының деңгейі қандай еді?

– Ол кезде ғылыммен айналы­сатындар сирек болатын. Десе де, математика саласының да­муына аға буын көп еңбек сіңірді. А.Тайманов, О.Жәутіков, Т.Аманов секілді мықты ғалымдар болды. Олардың ізін Б.Оразбаев, Қ.Қасымов, Ө.Сұлтанғазин секілді ағаларымыз басты. 70-дарға қарай отандық математиктердің жаңа буыны қалыптасты. Мәскеуден оқып келген Т.Кәлменов, кейіннен Ш.Смағұлов, Н.Темірғалиев, А.Жең­сікбаев секілді ғалымдар­мен қатарымыз толықты. Жас ға­­лым­­дарды даяр­лауға көңіл бө­лін­ді. Түр­лі ғылыми семинарлар ұйым­­дастырылды. Шын­ды­­ғында, өт­кен ғасырдағы 80 жыл­дар­дың ор­тасында қазақ ма­те­матика ғы­лы­мы кеңес одағы ке­зін­дегі басқа республикалардан алға шықты. Р.Ойнаров, У.Өмір­баев, М.Мұратбеков, А.Жұ­­ма­ділдаев, Е.Нұрсұлтанов, Қ.Мыңбаев сынды дарынды математик ғалымдардың аты одақ көлеміне танылды. Бүгінде академик М.Садыбеков жетекшілік ететін Математика және модельдеу ғылыми-зерттеу институтында жұмыс істеп жүрген жас ғалымдардың осы салаға қосып жатқан үлесі жетерлік. Мәселен, С.Дөрбетхан секілді математик жас ғалымдардың есімі әлемге танылғаны қуантады.

– Ғылымның қазіргі беталысын қалай бағалар едіңіз?

– Отандық ғылым түрлі кезең­дерден өтті. 1998 жылы матема­тика­дан халықаралық конгресте әлем­дегі көрнекті 1000 математик­тің тізімі жасалды. Адам басына шақ­қанда еуропалық елдердің талайынан оза шығып, осы тізімге Қазақстан математиктері енген болатын. Алайда 90-жылдардағы қиын­шылық ғылымның дамуына кері әсерін тигізді. Бұл 2009 жылдарға дейінгі кезеңді қам­тыды. Аралығы 4–5 жылғы эко­номикалық дағдарыс математика ғылымында 10–12 жылға созылды. Осы кезеңде бір жарым буыннан ажырап қалдық, бірқатар талантты математиктер басқа салаға ауысты. Мұның өзі математика ғылымына көпке дейін ес жиғызбады. Ал қазіргі жағдайда дүниежүзілік рейтингте орташадан жоғары тұрмыз. Ғылымның ендігі дамуы Ұлттық ғылым ака­демиясының құзырында. Ғылым жүйелі дамуы үшін үлкен қолдау қажет. Талантты жастарды ғы­лыми ортаға ықпалдастырып, жағ­дай жасау уақыт талабы. Кейінгі жылдары елімізде жоғары оқу орын­дарының саны көбейді. Ал сан­ның көптігі сапаға кері әсер етеді. Ғылым тоғысқанда ғана нәтиже береді емес пе. Көрнекті ға­лымдарды жоғары оқу орындарына қабылдап, жоғары еңбекақы төлеу ісі жүйелі қолға алынса дер едім. Қайбір жылы жапон еліне барғанда үлкен зауыт жанында бірнеше ғылыми-зерттеу институттары жұмыс істейтінін көрдік. Осындай озық елдер ғылыми әзірлемелерді дереу өндіріске енгізіп, инновацияның игілігін көріп отыр. Ал бізде ғылым мен өндіріс арасында байланыс жоқ. Ғылыми әзірлемелерді өндіріске енгізуге кәсіпорындар, ірі бизнес өкілдері әзірге құлықсыз болып отыр.

– Жақында Шымкентте өт­кен ма­тематиктердің І кон­гресіне қатысып қайттыңыз. Осыдан біраз бұрын Дүниежүзі­лік математиктер конгресі өтіп, ғалымдар Түркістанда бас қосты. Әлем математиктерін қандай мәселе толғандырады?

– Математика – дербес дамитын ғылым дегенімізбен, адамзат кеңістігінде математика аралас­пайтын сала жоқ. Дәл қазіргі заманда математика жетістіктерінің қалай пайдаға асып жатқанын технологиялардың дамуынан көріп отырмыз. Математиктердің І конгресі іргелі математика ғы­лымының экономиканың ажырамас бөлігі ретінде дамып жат­қан­дығын көрсетті. Бұл алаңда қол­­данбалы ғылымды дамыту, жасан­ды интеллект алгоритмдерінің көмегі­мен жаңа шешімдерге қол жет­кізудің қазіргі жағдайы тал­қы­ланды. Бүгінде адамзат қол жет­кіз­ген компьютер, қол телефонда­ры сияқты технологиялар осы көне ғылымның жетістігі. Мате­матика елдің зияткерлік әлеуе­тін нығайтумен қатар заманауи­ ин­новациялық шешімдердің да­муына негіз болып отыр. Түркі әлемі математиктерінің VII Дү­ниежүзілік конгресінің Түркіс­танда өтуі кездейсоқтық емес. Түркі әлемінен шыққан талай ғұламаларымыздың ең­бек­тері, ашқан жаңалығы бүгінде жал­пы адамзатқа қызмет етіп келеді. Үш жыл сайын өтіп тұра­тын конгрестің келесі жолы да Түркістанда өтуіне атса­лыс­пақшымыз. Отандық математика ғылымын дамытамыз десек, біз үшін осы түркі ынтымақтастығы маңызды.

– Қазақ тілін ғылымның, техника тіліне айналдырудың бүгінгі өрісі қандай? Бұл бағыт­та нені ескерген жөн?

– Қазақ тілін ғылым мен тех­ника тіліне айналдыру ісі мем­лекеттік деңгейде іске асуға тиіс. Ғылымның әр саласындағы мамандар өзара ынтымақтаса отырып, ғылыми тілді жүйелеудің озық үлгілерін қаперге алуы қажет. Бүгінде әлемде ғылымның әр саласы түрлі деңгейде дамып жатыр, соның жаңалықтарын біліп отыру үшін 10-нан аса тіл білу қажет. Қазіргі кезде қолданыстағы технологияларда қазақ тіліне, қа­зақ тілінен өзге тілдерге аударма жүйесі жақсы дамып келеді. Әрі қарай компьютерлік бағдар­ламаларға қазақ тілінің мол қо­рын енгізуді дамыта беру қажет. Сонда ғана тілімізді өміршең ете аламыз. Ғылымдағы қазіргі жетістіктер роботтардың, өзге де тех­нологияның жадына өте көп сөз қорын сыйдыруға мүм­кін­дік береді. Ал ғылымдағы бірін­ші мәселе, жұртшылықтың интел­лектін дамыту. Интеллектің дамуы тіл­ден басталады. Адамзат өрке­ниетінде тілдің рөлі жоғары екені дәлелді қажет етпейді. Қазіргі кезде көптеген елдер ұлттық тамыры, дәстүріне бет бұра бастады. Ал қазақ халқының тарихи, мәдени мұрасы ана тілінің арқасында дамып, ғасырдан-ғасырға жалғасып келеді. Өскелең ұрпақ бойында отансүйгіштік, ұлтжандылық қасиеттер ана тілімен бірге дариды. Туған тілімен сусындап өскен ұрпақ елге, жерге жанашыр келеді. Жастарға патриоттық тәрбие беру үшін халықтың тарихы мен мәдениетін оқыту керек. Тіл болмаса, ұлттың жойылатыны белгілі. Өз басым ана тілінде білім алып, ұлттық тәрбиені көргендіктен де бо­лар, еліме қалтқысыз қыз­мет етуге бар күшімді салып келе­мін. Шәкірттеріме ғылыми жұмыстарын көбіне қазақ және ағылшын тілдерінде жазғызамын. Ағылшын тілі әзірге халықаралық тіл болғанымен, ғалымдардың қазақ тілін өз дәрежесінде мең­геруі бойындағы талантын ашуға ықпал етеді. Сондықтан алдымызда жаңа технологиялар, заманауи алгоритмдерді ұлттық құндылықтармен ұштастыра ала­тын тұлғаларды тәрбиелеу міндеті тұр. Соңғы уақытта талай та­лантты түлектер оқу-білім іздеп шет­елдерге кетіп жатыр. Егер ол ұрпақ елдік мүддені ойласа, әлем­нің озық тәжірибесін туған жеріне әкеліп, қызмет етуге әрдайым ынталы болады.

– Күнделікті өмірімізге жасанды интеллект дендеп­ ене бастады. Заманауи ал­горитм­дер­дің ғылымның дамуына ықпалы қандай?

– Жасанды интеллект, сондай-ақ басқа да заманауи алгоритмдер ғылыми әзірлемелерді жыл­дамдатуға, нақты шешімдер алуға пайдасы зор. Жасанды интел­лект алгоритмдерін қолдану ғалым­дардың ең күрделі деген сан­дық талдаулармен жұмысын же­ңілдетті. Осы мақсатта Мемлекет бас­шысы үш жылда цифрлы елге айналу туралы тапсырма бер­ді. Жасанды интеллект және цифр­лық даму министрлігі құрылды. Жасанды интеллектің дамуы, роботтардың өндіріске, күнделікті тұрмысымызға енуі өнеркәсіптегі ауыр жұмыстарды жеңілдетіп, үй шаруасына қолғабыс етуде. Қалай айтсақ та, жасанды интеллект арнайы бағдарламалар, берілген тапсырма негізінде жұмыс істей­ді. Ол адам ойын, ақылын, зерт­теулерді алмастыра алмайды. Әлемнің көптеген ғалымы жасанды интеллектің адамзатқа қаупі туралы болжам жасап жатыр. Сондықтан оны басқару, қолдану тетіктері ғылыми негізді ережелерге бағынуға тиіс, яғни бегілі бір аксиомаға сүйеніп, мемлекеттік деңгейде абстракты ойлайтын ғалымдар араласуы керек деп ойлаймын. Тиісті министрлік жанынан ғылыми-зерттеу институты деңгейіндегі қолданысына басымдық берген дұрыс па деймін. Жасанды интеллекті игілікке айналдыра білгенде ғана ғылымға пайдасы зор болмақ.

– Осыдан оншақты жыл бұрын Клэй математикалық инс­титуты «мыңжылдық есебі» деп жарияланған Навье-Стокс дифференциалдық теңдеуінің ше­шімін ұсындыңыз. Сол кезде әртүр­лі пікірлер айтылды. Әлем ма­те­матиктерін тығырыққа тіреп отыр­ған осы есептің мәні неде?

– Навье-Стокс дифференциал­дық теңдеулер жүйесі Ньютонның екінші заңына бағынады. Сұйық­тық бөлшектеріне әсер ететін инерция, қысым, үйкеліс пен сырт­қы күштерді байланыстырады. Қазіргі кезде Навье-Стокс теңдеулерінің сандық шешімдері іс-тәжірибеде, ғылыми еңбектерде қолданыс тауып жатыр. Бірнеше аналитикалық шешімі бар, бірақ Навье-Стокс теңдеулерінің қасиетін толық аша алмайды. Сондықтан физика ғылымында шешілмеген теңдеулер қатарында тұр. Есептің ғылыми жолмен шешуге ұсынылғанына жүз жыл­дай болды. Әлемде Навье-Стокс теңдеуін «шештім» деп жария­лаған көптеген аса көрнекті ға­лымдар бар. Алайда олардың көп­шілігі қателесті немесе толық шешімін таба алмады. Мен де солардың қатарынанмын. Оны шешумен айналысып жүргеніме 40 жылға таяды. Кезінде теңдеудің шешімін ұсынғанымда өз ғалым­дарымызбен қатар, Ресей ғалым­дары да ойын айтты. М.Ломоносов атын­дағы Мәскеу мемлекеттік университетінің ректоры, көрнекті математик Виктор Садовничий де пікірін білдірген болатын. Ғылымда ашылған жаңалықты дәлелдеу, дәйектеу аса маңызды әрі ұзақ үрдіс. «Навье-Стокс теңдеулерінің мықты шешімінің болуы» атты еңбегімде шешу әдісін ұсынып, оннан аса түсіндіру нұсқасын әзірледім. Қазір де осы бағыттағы еңбегімді жалғастырып жатырмын.

– Математика ғылымын­да Штурм-Лиувилл функ­ция­сы­ның шешіміне қатысты «q – Өтел­баев функциясы» бар. Бұл функцияның ғылымдағы қол­данысы әрі өндіріске тиімділігі қандай?

– «q – Өтелбаев функция­сы» – спектрлік теория мен диф­ференциалдық теңдеулерді шешуде қолданылатын математикалық ұғым. Әріптестерім бұл жаңалық­ты «Өтелбаев әдісі» деп атап кет­кен. Бұл теңдеуде меншікті мәндердің мүмкіндігі зерттелді. Кезінде шәкіртім болған Р.Ойнаров та тың жаңалық ашқаны белгілі. Ғылымда «Ойнаров ядросы» деп аталып жүр. Сол теория бүгінде әлемдегі айтулы ғылыми еңбектер қатарында аталады. Түсінікті тілмен айтқанда, Штурм-Лиувилл есебі математикалық физикада, кванттық механикада және инженерияда жеке дифференциалдық теңдеулерді шешуде қолданылады. Мате­матика теңдеулері туралы кейбір жаңалықтар пайда бол­ғанда оның тиімділігін байқау үшін әдетте Штурм-Лиувилл опе­ра­торы модель ретінде пайдаланылады.

– Лоренц заңдылығын қарас­тырғанда «Шойқара» бүр­кеншік атын қолданған екен­сіз. Осы еңбекте жарық жыл­дам­дығынан да жылдам қозғалыс­тың бар екенін айтасыз. Бұл зерттеуді қашан жариялайсыз?

– Физика дұрыс дамуы үшін белгілі бір заңдылықтармен жұ­мыс істейді. Ол үшін матема­тикаға жүгініп, акциоматикасын жасау қажет. Физикада жарық жыл­дамдығынан жоғары жыл­дамдықпен қозғалатын бөлшек­тер бар. Осы заңдылыққа сүйе­не отырып, жарықтан жылдам ма­териалдық нүктелердің болу мүм­кіндігін зерттедім. Энштейн тео­риясында жарық жыл­дам­дығынан жылдамдық жоқ делін­ген, шын мәнінде олай емес, ол дә­лелденбеген. Десек те, жа­рық жылдамдығынан тезірек жү­ретін материалдық нүктенің жыл­дамдығын өлшей алмаймыз. Өйткені бақылау мүмкіндігіміз жарық жылдамдығынан әлдеқай­да төмен. Жарық жылдамдығынан жылдам қозғалыс бар екенін дәлел­дейтін эксперименттер де, осы тұрғыда ойланып жүрген көптеген физик ғалымдар да бар. Бірақ олар оны дәл түсіндіре алмайды. Өз зерттеуімді қабылдамайтындар болуы мүмкіндігін ескере отырып, бесінші атам болып келетін «Шойқараны» бүркеншік атпен қолданып, түсіндіруге тырыс­тым. Негізі Ньютон–Галилей физикасы шегінде қала отырып, салыстырмалылық теория­сы әкелетін нәтижелерге қол жеткізуге болады. Мұнымен қоса Энштейн теориясына барша әлем толық бағынады деуге келмейді. Әлемде Энштейн теориясына ұқсас 200-ден астам теория бар. Қазіргі кезде бар әлемді сыйғыза алатын теория жоқ әрі болмайды да, болашақта одан кеңірек теориялар шыға беретіні анық. Осы бағытта зерттеуімді әлі де жалғастыра бермекпін. Әзірге бұл еңбекке қызығып қарағандар жоқ. Бір кездері белгілі болады деп ойлаймын.

– Ғылыми-зерттеулер нәти­жесінде әзірленіп, патенттелген жобаларыңыз қандай салада қолданыс тапты?

– Елімізде ғалымдар қол жет­кізген жүздеген патент бар. Оның іске асуына белгілі бір уақыт қажет. Ғылымнан өндірісте пайда көріп, шығыны өтелгенше де біраз жылдар өтеді. Ал әлемде ғы­лым мен технология жылдам­ дамып барады. Бизнес үшін да­йын па­тенттерді қолдана салған әл­деқайда қолайлы. Еліміз­де­гі ғалымдардың көптеген әзір­лемелері өндіріске енбей қа­лып жатқандығы да осы себептен. Патенттерім негізінен жер сіл­кінісін болжау, суды, энер­гия­ көзін үнемдеумен байланыс­ты. Бір ғана мысал, жел стансаларын оптималды жасауға бола­тынын зерттеп, өндіріске енгізу жағын қарастырған жоба бір жылдарда ҚазҰУ-да механика­ кафедрасында жасалды. Ғалымдар тобымен жел электр стансасының көп қабатты моделін ұсынып, жел қондырғыларынан энергия кө­зін алуға болатынын дәлел­де­дік.­ Жоба бір қабатта орна­лас­­қан қарапайым жел электр стан­саларына қарағанда бір­қатар артықшылықтарға ие. Ол көп қабатты құрылым, әр қаба­тында әртүрлі типтегі жел тур­биналары орналасқан. Көп орын алмайды, жел энергия­сын тұрақты пайдалануға ыңғайлы. Па­тенттелген тағы бір жоба тік­ұшақтың жүк көтеру ықтимал­дығына қатысты. Мысалы, те­ңіз жағалауындағы елдер ауыр салмақтағы жүк тасымалында кемені пайдаланады. Ал теңізден жырақ орналасқан біз сияқты елдер үшін әуе тасымалы қолайлы. Осы мақсатта тікұшақтың ауыр салмақты жүкті көтере алатындығын дәлелдедім. Алайда тікұшақ конструкциясын әрі қарай жетілдіру үшін кәсіби конструкторлар қажет. Еліміздің әлем елдерімен порт арқылы байланысы дамып келеді. Болашақта мұндай жобаларға қажеттілік болады деп ойлаймын.

– Кейінгі онжылдықта әлемдік зерттеулерде жаһандық апаттың ықтималдығы артып келеді деген болжам айтылып жүр. Отандық математика ғылымында болашақты, ғарышты зерттеуде қандай зерттеулер жасалып жатыр?

– Әлемдегі ғарыш зерттеулері өзге планеталардан материал алумен, оның өміршеңдігін зерттеу­мен тығыз байланысты. Қазіргі кезде өз басым шексіздік түсінігі төңірегінде ойланып жүрмін. Негізі математикалық болжамдар арқылы адамзаттың өміршеңдігі, өзін-өзі жою ықтималдығын қарастыра аламыз. Тіптен бізбен параллель өркениеттердің бар екеніне математикалық болжамдар жүз пайызға жуықтайды. Ертегі сияқты болып көрінгенімен, оның дәлелін ғылыми болжамдар көрсетіп отыр. Біз ғаламның моделін жасай отырып, жер ға­ламның ең жоғарғы шегін «бол­жауға» тырысамыз. Менің ойымша, жаратушы ғаламды жаратты, жансыз және жанды табиғат заңдарын басқарады. Ол адамзатқа ақыл берді, бостандық сыйлады. Бұл секторда ақылға қонымды жаратылыстар, жақсылық немесе жамандық атаулы жасалып жатыр. Осы бағыттағы зерттеулерді жалғастыра бермекпін.

– Біраз уақыттан бері математикадан республикалық «Ойлан, тап» олимпиадасына төрешілік етіп келе­сіз. Қатысушылардың математи­калық деңгейін қалай бағалар едіңіз?

– Байқағаным – балалардың барлығы талантты әрі қабілетті. «Ойлан, тап» олимпиадалық ойын­­дарына еліміз аймақтарынан бала­лар көп қатысып жүр. Оқушы­лардың қай сала болса да олимпиадаларға қатысуы қабілетін шыңдайды, білуге, үйре­нуге ықпал етеді. Сондықтан гу­манитарлық әрі жаратылыстану-математика бағытындағы білім додаларының жиі өтіп тұрғанын құптаймын. Математика тарихы, үздік математиктердің өмірбаяны сияқты қызықты тақырыптар оқу үрдісінде қамтылса деймін. Оқушының қажетіне қарай, сапалы, қолжетімді оқу құралдары мейлінше қажет. Мұнымен қоса математика саласында еңбек етіп жүрген жас ғалымдарды насихаттап, кездесулер өтіп тұрса, оқушылардың көне ғылымға деген қызығушылығы арта түсетіні анық. Ғылым мен техниканы дамытуда қазақ баласының үлесі жоғары болғанын қалаймын.

– Әңгімеңізге рахмет.

Әңгімелескен –
Эльвира СЕРІКҚЫЗЫ,
«Egemen Qazaqstan»

Соңғы жаңалықтар мен жаңартуларды жіберіп алмау үшін Qazaq24.com сайтынан бақылауды жалғастырыңыз, біз жағдайды қадағалап, ең өзекті ақпаратты ұсынамыз.
Читать полностью