Qazaq24.com, Aikyn.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып түсініктеме береді..
Кейде бір әндер болады. Алғаш рет тыңдап тұрсаң да, бұрыннан білетіндей әсер қалдырады. Әуені қарапайым, сөзі жеңіл. Есте тез сақталады, еріксіз қосылып айта бастайсың. Бірақ олардың басты құпиясы мұнда емес. Олар жүрекке жақын естіледі. Мұндай әндерде адамды қан жылатар ауыр қайғы да жоқ, көңілді тасытар алапат қуаныш та жоқ. Керісінше, көңіл жабырқаған сәтте жанға жұбаныш болып, үнсіз демеу береді. Қайғыға батырып жібермейді, бірақ ішкі ауырлықты жеңілдеткендей әсер қалдырады. Сондықтан болар, арада қанша жыл өтсе де, олар ұмытылмайды.
Бүгін сондай екі әннің тарихына тоқталамыз. Бірі – нақты кейіпкері белгісіз болса да көптің жүрегінен орын алған «Неге, неге», екіншісі – шынайы махаббаттан туған «Шалқымалы».
Автобуста туған ән. «Неге, неге» әнінің әуенін Бекжігіт Сердәлі 1998 жылдың қыз мезгілінде шығарған. Ашық дереккөздерде сол кезде сазгер Кентауда тұрғанымен, жұмыс істеу үшін Түркістанға қатынап жүргені жазылады. Қыс өте ауыр болып, Кентауда жарық пен жылу тоқтап, бірнеше ай жалақы берілмеген кезең еді дейді автор. Такси де тапшы болғандықтан, Бекжігіт Сердәлі екі қаланың арасында ескі ПАЗ автобусымен қатынаған. Бір күні жұмыстан қайтып келе жатып, автобус терезесінің жанында ойға батып отырған сәтінде жаңа әуен келеді. Нота білмегендіктен, үйіне жеткен соң әуенді ұмытпау үшін магнитофонға өз даусымен жазып қояды. Жазады да ұмытады.
Кейін таныс әуен қайтадан ойына оралып, оның кімнің әні екенін есіне түсіре алмай біраз жүреді. Демалыс күндерінің бірінде магнитофондағы ескі жазбаларды тыңдап отырып, іздеген әуенінің өзіне тиесілі екенін аңғарады. Содан кейін ақын Рахым Балабиевке хабарласып, қолы жетпей жүрген сүйіктісіне жауап іздеген адамның көңіл күйін білдіретін махаббат әніне мәтін жазуды сұрайды. Сондай-ақ сөз арасында «неге, неге» тіркесі қайталануы керек екенін айтады. Рахым Балабиев мәтінді жарты сағатқа жетпейтін уақытта дайындаған. Сөз әуенге өзгеріссіз үйлесіп, ән осылай дүниеге келген.
Ақ көңілдім, ақ арманым,
Не болып жүр саған жаным?
Қаншама рет ойлансамда,
Құпияңды таба алмадым.
Неге жаным үндемейсің,
Сенсіз күнім, түн дегейсің.
Неге, неге қызғалдақтай,
Ажарланып гүлдемейсің.
Сағынғанның сазды әні. «Шалқымалы» әнінің сөзі мен әуенін ақын әрі сазгер Талғат Атшыбаев жазған.Маңғыстау облысы тумасы. Аудан мен облыс орталықтарында журналистика саласында қызмет еткен. Бірнеше әннің авторы. «Шалқымалының» тууына оның болашақ жары Түзел Сансызбайқызына деген сезімі негіз болған. Екеуі 1985 жылы шаңырақ көтерген.
Ән мәтінінде кейіпкердің жабырқаған көңілін бір адамның өзгерткені айтылады. Жаңа кездесуден кейін оның бойында жаңа әуен пайда болып, бұрынғы мұңның орнын үміт басады. «Шалқымалы» айырылысу немесе жауапсыз махаббат туралы ән емес. Ол сүйген адамын сағыну, сағынғанды ән арқылы жеткізу болса керек.
Жабырқап жүрген жанымды
Жап-жарық етті бір арай.
Әуенім жаңа,
Әуенім жаңа табылды
Әніме менің,
Әніме менің,
Әніме менің құралай.
Жүрегім солай салды әнге,
әнімді өзің кел жалға-ай.
Сағыныш болсаң,
Сағыныш болсаң, арман не,
Сағынатұғын,
Сағынатұғын,
Сағынатұғын жан барда.
Екі әннің де әуені өте қарапайым құрылған. Бір тыңдағаннан есте қалып, кейін еріксіз ыңылдап жүретін әндер осы қатарға жатады. «Неге, неге» сәл сұраулы, ойлы қалыпта басталып, адамның ішкі толғанысын жеткізеді. Екеуінде де дауысқа күрделі иірімдер жоқ, сондықтан оларды көпшілік оңай қабылдайды. Тыңдарман мұндай әндерді орындаушының шеберлігі үшін емес, өз көңіл күйімен үндескені үшін қайта-қайта тыңдайды. Бұл әндердің әсері қатты мұңнан да, аса шат көңілден де емес, адамның күнделікті сезіміне жақын болуынан туады.
Назар аударыңыз: Бұл мақала авторлық құқықпен қорғалған. Мәтіннің толық нұсқасын көшіру, тарату немесе басқа басылымдарға жариялағанда авторы көрсетіп, Аikyn.kz сайтына белсенді гиперсілтеме беру міндетті. Мақаланың жекелеген бөліктерін пайдаланғанда да осы талап сақталуы тиіс.
→ https://teksti.org/1/Akylbek-Jemeney/tekst-pesni-Shalkymaly