Inform.KZ парақшасындағы ақпаратқа сәйкес, Qazaq24.com хабар таратты..
Ведомствоның Kazinform сауалына берген жауабында мұнай бағасы қалай құбылса да Ұлттық қордан 2026 жылға жоспарланған трансферт 2,77 трлн теңге деңгейінде қалатыны айтылған.
Тіпті Үкіметтің бұл мәселедегі ұстанымы өзгере қалған күннің өзінде бюджет ережесі бұған жол бермейтіні айтылған.
- Республикалық бюджетке түсетін шикі мұнайға экспорттық кедендік бажды қоспағанда, мұнай секторы ұйымдарынан түсетін барлық түсімдер Ұлттық қорға есепке алынады. Ұлттық қорды қалыптастырудың белгіленген тәртібін ескере отырып, көрсетілген мұнай кірістері мұнайдың неғұрлым жоғары бағасы кезінде қосымша түсімдерді қоса алғанда, Ұлттық қорға толық көлемде есептеледі.
Осылайша, мұнай бағасы базалық деңгейден жоғары болған жағдайда түсетін қосымша табыс республикалық бюджетке емес, Ұлттық қорға бағытталады, - деп жазылған министрлік жауабында.
Жауапта кепілдендірілген трансфертті қайта қарау үшін республикалық бюджет туралы заңға өзгерістер енгізу керектігі де айтылған. Ал қолданыстағы заңнамада мұнай бағасына байланысты трансферт көлемін автоматты түрде өзгерту тетігі қарастырылмаған.
Қысқартып айтқанда, мұнай нарығындағы қазіргі қолайлы жағдай бюджет кірістеріне бірден әсер етпейді және қосымша түсімдер негізінен Ұлттық қорда жинақталады.
Бұған дейін «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы бойынша тұрғын үй және білім алуға 46,8 млн-нан аса доллар бағытталғанын жазған едік.