Qazaq24.com, Tengrinews.KZ дереккөзінен алынған ақпаратқа сүйене отырып жаңалық таратады..
Сарапшылар АҚШ-тың Венесуэладағы мұнай өндірісін арттыра алатынына күмәнмен қарайды. Олар Вашингтон мен Каракас арасындағы келісім жақын арада немесе жалпы алғанда қандай да бір нәтиже беретініне сенімді емес, деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Politico басылымына сілтеме жасап.
Дүйсенбіде Ақ үй Құрама Штаттардың Венесуэлада мұнай ұңғымаларын бұрғылау үшін North American Blue Energy Partners мұнай компаниясының 35 пайыздық үлесіне ие болатынын жариялады. Бұл - Трамп әкімшілігінің жеке бизнес акцияларын сатып алған кезекті жағдайы. Келісім аясында АҚШ компания өндіретін мұнайдың 20 пайызына өзіндік құны бойынша "преференциалды қолжетімділік" алады.
Бұл серіктестік сәтті болған жағдайда Венесуэлада мұнай өндірісінің қайта жандануына серпін берер еді - бұл президент Дональд Трамптың қаңтар айында Венесуэла президенті Николас Мадуро ұсталғаннан бері көздеп келе жатқан мақсаты.
Дональд Трамп бастаған Республикалық партия ақпан соңында АҚШ-тың Иранға жасаған шабуылдарынан кейін жанармай бағасын төмендету тәсілі ретінде Венесуэла мұнайының АҚШ-қа импортын арттыруды алға тартып отыр. Мұнай компанияларының басшылары кен орындарын игеруге жылдар кететінін, ал Ақ үйдің аты беймәлім компаниямен жасасқан келісімі айтарлықтай нәтиже бермеуі мүмкін екенін ескертеді.
Сын саяси ортадан да айтылып жатыр. Атлантикалық кеңестің Жаһандық энергетика орталығының аға ғылыми қызметкері Лилиана Диастың айтуынша, Венесуэланың ұлттық байлығы болып саналатын активтің АҚШ меншігіне берілуі екі тараптың да қарсылығын тудырған.
"Сын екі түрлі тараптан айтылып жатыр. Қатаң ұстанымдағылар ресурстарға деген егемендікке қатысты қарсы шықса, оппозиция конституциялық заңдылыққа күмән келтіріп жатыр. Экономикалық аспектілерге қарамастан, екі жақтан бірдей соққыға ұшыраған дүние, әдетте, ұзаққа бармайды", - деді Диас.
Келісім бойынша, Венесуэланың ірі жеке компанияларының бірі - Барбадостағы NABEP 17 кен орнындағы 65 миллиард баррель мұнайды игеру құқығына ие болды. Мақсат - қысқа мерзім ішінде тәулігіне 1 миллион баррельден астам өнім шығару деңгейіне жету.
"Венесуэла бай табиғи ресурстарға, еңбекқор халыққа және ашылмаған әлеуетке ие", - деді аталған компанияның бас директоры Алехандро Бетанкур келісім туралы хабарлағанда.
Бетанкурдың бұл келісімге қатысуы мамандар арасында сауалдар туғызып отыр: оның есімі ақшаны жылыстатуға қатысты ауқымды халықаралық тергеуде аталады. The Washington Post мәліметінше, АҚШ оның келіссөздерге келуі үшін швейцариялық ордерді пайдаланған.
Бұған дейін АҚШ президенті Дональд Трамп Венесуэла мұнайы АҚШ-тың стратегиялық резервін толықтыруға жұмсалатынын мәлімдеген.
Сейсенбіде АҚШ Иран нысандарына жаңа соққылар жасап, Дональд Трамп Тегеранға жауап қайтарған жағдайда елге бұдан да қуатты соққы жасалатынын ескерткеннен кейін, әлемде мұнай бағасы күрт көтерілді.
Google News арқылы жаңалықтарымызды қадағалаңыз
Жазылу