Qazaq24.com, Tengrinews.KZ дереккөзінен алынған ақпаратқа сүйене отырып мәлімет бөліседі..
Кезінде Қарағанды көшелерінде жолаушы тасыған автобус қайтадан халыққа қызмет ете бастады, бірақ бұл жолы аялдама ретінде. Есептен шығарылған MAN маркалы көлік Бытовая көшесіндегі ерекше павильонға айналды: мұнда рөлі бар жүргізуші орны сақталып, орындықтар, шамдар мен электронды табло орнатылған. Жаңа аялдама тез арада жергілікті тұрғындардың суретке түсетін сүйікті орнына айналды – мұнда адамдар көлік күту үшін ғана емес, естелікке сурет түсу үшін де келеді, деп хабарлайды Tengri Life.
Қарағанды қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің сектор меңгерушісі Темірлан Талдыбаевтың айтуынша, бұл идея биылғы наурызда туындаған. Әкімдік өкілдері ерекше аялдамаларды безендірудің шетелдік тәжірибесін зерттеп, содан кейін Қарағандыда осындай жобаны жүзеге асыруды ұсынған.
"Шетелдерде мұндай ерекше аялдамалардың қалай безендірілетінін көріп, басшылықпен келістік те, үшінші автобус паркіне ұсыныс тастадық", - дейді Темірлан Талдыбаев.
Осы мақсатта үшінші автобус паркінің басшылығына өтініш білдірілген.
Ол жерде қолданыстан шығарылған, осы жобаға лайықты автобус табыла кеткен.
Фото: Қарағанды әкімдігі
"Бұл 2011 жылы шыққан MAN маркалы автобус. Ол бұрын есептен шығарылған болатын. Үшінші парк басшылығымен келіссөз жүргізіп, идеяны мақұлдағаннан кейін, оны аялдама ретінде қайта жабдықтадық", - деп толықтырды Талдыбаев.
Автобустың шыққанына 15 жылға жуықтаған. Енді ол қалалық инфрақұрылым нысаны ретінде екінші өмірін бастады. Ішінде жолаушыларға арналған орын дайындалып, перфорацияланған болаттан орындық орнатылды. Бүйір жағы қосымша шынымен қапталған.
Түнгі уақытта жүргізуші панеліне жарық беріледі, ал электронды таблода бағыт нөмірінің орнына аялдаманың атауы шығып тұрады.
Фото: Қарағанды әкімдігі
Қайта жабдықтау жұмыстарын автопарк қызметкерлері жүргізді. Бұған арнайы компания тартылған жоқ. Жұмыс негізгі қызметтен бос уақытта жүргізіліп, үш айға жуық уақытты алды.
Бұл ретте аялдама ерекше көрініп қана қоймай, негізгі қызметін де атқарып тұр. Оның ішінде жаңбыр мен желден паналауға болады. Конструкциясы кәдімгі аялдама павильонының принципіне негізделген: төбесі, бүйірлік және артқы бөліктері бар, ал бір жағы ашық қалдырылған. Жолаушылар шыны арқылы келе жатқан автобусты көре алады.
Фото: Қарағанды әкімдігі
Қарағандылықтар бұл идеяны жоғары бағалады. Ерекше аялдаманың суреттері әлеуметтік желіде тараған соң, көпшілік оған жылы лебіз білдірді.
Фото: Қарағанды әкімдігі
"Дегенмен, қала тұрғындарының таңданысымен қатар: "Бұл ерекше нысан қанша уақытқа шыдайды?" деген орынды сауал да туындады. Біз бұл жағын да ескердік. Аялдама маңына үш бейнебақылау камерасы орнатылды – олар ішкі және сыртқы аумақты бақылайды. Азаматтарымыз бұл игілікке ұқыптылықпен қарайды деп сенеміз", - деп атап өтті Талдыбаев.
Қарағандыда бұл осындай форматтағы жалғыз аялдама. Қала билігі әзірге жобаны кеңейтіп, тағы бірнеше автобус павильонын орнатуды жоспарлап отырған жоқ.
Айта кетсек, есептен шығарылған MAN көлігінің бұл хикаясы қалалық көлікті жаңартудың ауқымды бағдарламасына сай келеді. Жолаушылар көлігі бөлімінің мәліметінше, 2023 жылдың өзінде Қарағанды тасымалдаушылары 146 жаңа автобус сатып алса, 2024 жылы тағы 6, ал 2025 жылы 70 автобус алуды жоспарлап отыр.
Бүгінде қалалық бағыттарда тұрақты қызмет көрсететін автобустардың 80 пайыздан астамы салыстырмалы түрде жаңа, олардың пайдаланылғанына бес жылдан асқан жоқ. Ал биылғы жылдың қорытындысы бойынша қалалық автобус паркінің орташа жасын 5,5 жылға дейін төмендету көзделген.
Google News арқылы жаңалықтарымызды қадағалаңыз
Жазылу