Sputnik.KZ парақшасынан алынған деректерге сүйене отырып, Qazaq24.com жаңалық жариялайды..
АСТАНА, 17 мамыр – Sputnik. Мұрагерлікті дау-дамайсыз рәсімдеудің бірден-бір жолы – өсиет. Ал ондай құжат болмаса, мұрагерлік кезекті сақтау қажет, оның нақты тәртібі мен мерзімі бар, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Мұраға нені қалдыруға болады
Заң талаптарына сәйкес, мұраға жылжымайтын мүлік және жылжымалы мүлікті, интеллектуалдық меншікті, фирмалық атаулар мен тауарлық белгілерді қалдыруға болады. Ал мұра қалдырушының жеке басымен тығыз байланысты құқықтары мен міндеттері мұраның құрамына кірмейді. Олар:
ұйымдардағы мүшелік құқығы;
өмірі мен денсаулығына келтірілген зиянды өтеуге құқық;
алименттік міндеттемелерден туындайтын құқықтар мен міндеттер;
зейнетақы, жәрдемақы мен басқа да төлемдер;
мүліктермен байланысты емес жеке мүліктік емес құқықтар.
Айта кетері, мұрагерлікке мүлікпен бірге оның қарыздары да қосылады.
Мұрагерлікке қандай қарыздар өтеді
Мұрагерлікке өткен кредиттер мен қарыздары тек қолға тиген мүліктің құнына сай өтеледі. Мысалы, 10 млн теңгенің мұрасы қалды. Ал марқұмның мойнында 20 млн теңгенік қарызы болған. Ондайда тек 5 млн теңгені жабу керек.
Мұраға өтпейтін қарыздар да бар. Атап айтқанда, алимент пен әкімшілік айыппұлдар адам қайтыс болған сәтте біржола жойылады.
Өсиетті нотариуссыз рәсімдеуге бола ма
Мұраны өсиетпен туыстара ғана емес, бөтен тұлғалар да қалдыруға болады. Ондайда ресми құжат жасалады. Бірақ өсиетті нотариуссыз жасауға құқығы бар адамдардың нақты санаттары бар. Олар:
қарттар не мүгедектерге арналған санаторийлер, үйлердің пациенттері (құжатты директор, бас дәрігер, кезекші дәрігер куәландырады);
госпитальда немесе басқа әскери-емдеу мекемелерінде жатқан әскерилер (емхана бастығы куәландырады);
судағы теңізшілер (кеме капитаны куәландырады);
барлау/экспедицияларға қатысушылар (экспедиция бастығы куәландырады);
нотариус жоқ бөлімде тұратын әскерилер (бөлім бастығы куәландырады);
бас бостандығынан айырылған адамдар (түрме бастығы куәландырады).
Өсиет нотариуссыз жасалғада куәгер болуға тиіс. Ол да құжатқа қол қояды.
Өсиет болмаса, мұра қалай рәсімделеді
Өсиет болмаған жағдайда мұра заң бойынша туыстық басымдығына қарай кезекпен рәсімделеді.
1-кезек: мұра қалдырушының балалары, оның ішінде ол қайтыс болғаннан кейін тірі туған балалары, сондай-ақ мұра қалдырушының жұбайы (зайыбы) мен ата-анасы. Мұра қалдырушының немерелері және олардың ұрпақтары ұсыну құқығы бойынша мұрагерлікке ие болады. Ал мұрагерлікке қалатын капитал және басқа мүлік ұрпақтарына ауысады және олардың арасында тең бөлінуге тиіс.
2-кезек: мұра қалдырушының бір әке, бір шешеден туған және әкесі немесе шешесі бөлек аға-інілер мен апа-қарындастары (сіңлілері), сондай-ақ оның әкесі жағынан да, анасы жағынан да атасы мен әжесі.
3-кезек: тең үлеспен мұра қалдырушының туған ағалары мен апалары алады.
4-кезек: мұра қалдырушының арғы аталары мен әжелері;
5-кезек: мұра қалдырушының туған жиендері (тумалас немере ұлдары және тумалас немере қыздары) және оның ата-әжелерінің (немере ата-әжелері) туған ағалары мен апалары;
6-кезек: мұра қалдырушының тумалас немере ұлдары және тумалас немере қыздарының (немере шөбере ұлдары және немере шөбере қыздары) балалары, оның немере ағалары мен апаларының (немере жиендері) балалары және оның немере ата-әжелерінің балалары (немере ағалары мен апалары);
7-кезек: мұра қалдырушының туыстас аға-інілері мен апа-сіңлілері, өгей ұлдары, өгей қыздары, өгей әкесі және өгей шешесі. Олар мұра қалдырушымен кемінде он жыл бір отбасында бірге тұрса, мұрагерлікке шақырылады.
8-кезек: мұра қалдырушының асырауында болған еңбекке жарамсыз азаматтар (I, II және III топтағы мүгедектер, 18 жасқа дейінгі балалар, зейнеткерлер, 23 жасқа дейінгі студенттер).
Лайықсыз мұрагерге кімдер жатады
Мұра қалдырушыны күту жөнiнде өздерiне заң күшiмен жүктелген мiндеттердi орындаудан жалтарған ата-аналар немесе балалары заң бойынша лайықсыз мұрагер деп танылады.
"Мұра қалдырушыны қасақана өлтiрген немесе олардың өмiрiне қастандық жасаған адамдар, мұра қалдырушының соңғы еркiн жүзеге асыруға қасақана кедергi жасаған, балаларына ата-аналық құқықтарынан айырылған ата-аналар да лайықсыз мұрагер болып саналады",-дейді мамандар.
Мұрагерлікті рәсімдеу мерзімі қандай
Мұра қалдырушының соңғы тұрған жері мұраның ашылу орны болып табылады. Ал оның қайтыс болған күні мұраның ашылу уақыты болып саналады. Мұрагерлікті рәсімдейтін адамдар алдымен мұраның ашылу орны бойынша бірден нотариусқа жүгінеді.
"Заң бойынша мұрагерлікке ол ашылған кезден бастап 6 ай ішінде кіру керек. 6 айдан кейін нотариус мұрагерге мұрагерлік құқық туралы куәлік береді.
Нотариус басқа үміткерлер жоқ екендігін куәландырса куәлікті 6 айлық мерзім аяқталғанға дейін алуға болады", - делінген заңда.
Қажетті құжаттар:
жеке куәлік;
марқұмның қайтыс болғанын растайтын куәлік;
туыстықты дәлелдейтін құжат (туу туралы, неке туралы куәлік және т.б.);
мүлікке қатысты құжаттар (үйдің техпаспорты, көлік құжаты, банктегі шоттары);
өсиет хат (егер бар болса).
Мұрагерлер қабылдау мерзімін өткізіп алса, сот арқылы мерзімді қалпына келтіре алады. Бірақ нақты себептер болуы керек.
Ал сыйлыққа берілген мүлік ажырасу кезінде бөліске жатпайды. Өйткені ерлі-зайыптының бірлесіп жинаған мүлкі болып есептелмейді.