Qazaq24.com, Inform.KZ дереккөзінен алынған ақпаратқа сүйене отырып мәлімет бөліседі..
Оның айтуынша, Конституция жобасының 46 және 62-баптарының бастапқы редакциясына қатысты азаматтар негізінен 62-бапты сөз еткен. Алайда тиісті нормалар 46-бапта да қамтылған. Атап айтқанда, негізгі лауазымдарға тағайындаулар бірнеше рет келісілмеген жағдайда Президент Құрылтайды таратуға міндетті деген норма көзделген.
Бұл тетік Вице-Президентті, Премьер-министрді, судьяларды, Конституциялық сот мүшелерін, Орталық сайлау комиссиясы мен Жоғары аудиторлық палата мүшелерін тағайындау, сондай-ақ Құрылтай төрағасын сайлау рәсімдеріне қатысты болған.
– Аталған нормаларды тура мағынасында оқу азаматтар арасында орынды алаңдаушылық туғызды. Себебі Конституция мәтіні барынша нақты әрі құқықтық тұрғыдан дәл болуы тиіс. Сарапшылар да өкілді органды негізсіз тарату қаупі «күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» формуласына сәйкес келмейтінін әділ атап өтті, – деді депутат.
Мұрат Әбеновтің сөзінше, мұндай автоматты тетік институционалдық дағдарысқа және тығырыққа тірелген жағдайдың туындауына алып келуі мүмкін. Яғни белгілі бір саяси күштердің жоғары мемлекеттік лауазымдарға тағайындауларды әдейі бұғаттауы бүкіл мемлекеттік биліктің жұмысының тоқтауына соқтыруы ықтимал.
– Мұндай сценарий халықаралық тәжірибеде бар. Мәселен, Ұлыбританияда екі жылға жетпейтін уақыт ішінде төрт премьер-министр ауысты, олардың бірі небәрі 50 күн ғана қызмет атқарды.
Оңтүстік Кореяда да институционалдық тұрақтылық мәселелері жиі байқалады, – деді ол.
Депутат көптеген дамыған елдерде тежемелік әрі тепе-теңдік жүйесінің әлсіздігі салдарынан саяси күштер бұл механизмдерді жеке немесе партиялық мүдделер үшін әдейі пайдаланатынын атап өтті. Оппозициялық партиялар фракциялар құрып, кандидатураларды келісуді созбалаңға салып, негізгі тағайындауларды бұғаттау арқылы парламентті таратуға әкелетін жағдай қалыптастырады. Нәтижесінде саясаткерлер емес, қарапайым азаматтар зардап шегеді, басқару әлсірейді, реформалар тежеледі.
Осыған байланысты «Amanat» партиясының фракциясы Конституцияның 46-бабына, сондай-ақ 62-баптың 2-тармағына өзгеріс енгізуді ұсынды. Атап айтқанда, «Президент таратады» деген норманы «Президент таратуға құқылы» деген тұжырымға ауыстыру.
– Бұл өзгерістер арқылы норманың мәні түбегейлі трансформацияланады. Құрылтайды жасанды түрде тарату қаупі жойылады, яғни ықтимал саяси дағдарыстың алдын алу мүмкіндігі артады. Теориялық тұрғыдан алғанда, белгілі бір ұсыныстарды жүйелі түрде кері қайтару арқылы Құрылтай өкілеттігін автоматты түрде тоқтатуға әкелетін сценарийдің жолы кесіледі, – деп түйіндеді Мұрат Әбенов.
Еске салсақ, қазіргі жаһандық өзгерістер дәуірінде, төртінші өнеркәсіптік революция, технологиялық серпіліс пен цифрландыру жағдайында мемлекеттік басқаруға жаңа талаптар қойылып отыр. Осыған байланысты қоғам дамуына серпін беретін заманауи Конституцияның маңызы айрықша. Онсыз орнықты даму мүмкін емес. Бұл туралы Конституциялық реформалар жөніндегі комиссияның оныншы отырысында Мәжіліс депутаты Мұрат Әбенов айтқан еді.