Мұстафа Шоқай Еуропада жүріп қазақ мемлекеттілігі идеясын қорғаған ұлы қайраткер

17.07.2026

Egemen.KZ парақшасынан алынған ақпаратқа сүйене отырып, Qazaq24.com хабарлама жасады..

Фото: Ашық дереккөз

Мұстафа Шоқайдың құжаттары отанына оралды

2001 жылы «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында Францияның «Жаңа Сорбонна-Париж-ІІІ» университеті жанындағы шығыс тілдері кітапханасы қорынан саяси қайраткер Мұстафа Шоқайдың құжаттары отанына оралды. Бұл туралы «Қызылорда облыстық мемлекеттік архиві» мекемесінің «Қоғамдық-саяси тарихы архиві» филиалының басшысы Қанат Ақпанов айтты.

«Осындай тарихи маңызды оқиғаға орай елімізге 6 мың парақтан тұратын дискілерге түсірілген құнды құжаттар көшірмесін «Ұлттық  мұрағат қорына» табыс етті. 2012 жылы Қызылорда облыстық мұрағаттар мен құжаттама басқармасының ұйымдастыруымен өткен «Ақпараттық Қазақстан-2020: Электронды құжаттарды қалыптастырудың және сақтаудың өзекті мәселелері» тақырыбындағы республикалық кеңесте Мәдениет және ақпарат министрлігі Мұстафа Шоқай құжаттарының дискідегі көшірмелерін Қызылорда облыстық мемлекеттік мұрағаты қорына тапсырды», дейді архив басшысы.

Филиал басшысы Алаш арысының еңбегі жайында айтпас бұрын, оның өміріне аз-кем тоқталып өтті.

«Тек қазақ халқының ғана емес барша түркі тілдес мұсылман халықтарының азаттық күресі жолына өз өмірін арнаған Сырдың саңлақ перзенті Мұстафа Шоқай Сыр өңіріне беделді кісі Шоқайдың отбасында 1889 жылы дүниеге келген. Жастайынан білім нәрімен сусындап әуелі Сұлутөбе станциясындағы орыс-түземдік бастауыш мектепте сауат ашып, 1902-1910 жылдары Ташкенттегі гимназияда оқып, 1910-1917 жылдары Санкт-Петербург университетінің заң факультетін бітіреді. Осындай іргелі оқу орны қабырғасында білім ала жүріп Мұстафаның дүниетанымы, саяси ұстанымы қалыптасады. Бір жағынан, түркішілдік-мұсылмандық қозғалыстың, екінші жағынан орыстың алдыңғы қатарлы демократиялық-либералдық ой-пікірлерін бойына сіңірген Мұстафаның 1917 жылы елге оралуы сол кездегі Ресейдегі Ақпан революциясынан кейінгі қоғамдық өмірдегі ірі өзгерістердің орын алуы кезеңімен тұспа-тұс келді. Мұстафа Шоқайдың Түркістан халықтарының азаттығы үшін күрескен саяси ұстанымы оны үлкен саяси қайраткер дәрежесіне көтерді. Мұстафа Шоқай сол кездегі Алаш арыстары Ахмет Байтұрсынов, Әлихан Бөкейханов, Міржақып Дулатовтарды ерекше құрмет тұтып, идеялық бірлікте болған», дейді Қанат Ақпанов.

Мұстафа Шоқай 1916 жылы Әлихан Бөкейханның ұсынысымен Ресей Мемлекеттік Думасындағы Мұсылман фракциясы бюросының хатшысы әрі мүшесі болып қызмет атқарды. Сол жылы Түркістандағы ұлт-азаттық көтерілістің себеп-салдарын зерттеу жұмыстарына қатысып, Ташкент, Самарқан және Әндіжан қалаларын аралады. Көтерілісті аяусыз басқан патша өкіметінің жазалаушы әрекеттерін әшкерелеп, Мемлекеттік Думаға арнайы петиция дайындауға атсалысты.

Мұстафа Шоқай халқының бостандығы мен болашағы үшін өмірін арнаған көрнекті қоғам және саяси қайраткері. Ол туған жерінен жырақта жүрсе де, қазақ халқының құқықтары мен Түркістан халықтарының тәуелсіздігі идеясын Еуропада табандылықпен қорғады.

«Мұстафа Шоқай елден тыс жерде өмір сүргенімен, туған халқына деген сүйіспеншілігін ешқашан жоғалтқан жоқ. Ол Еуропада газет-журналдар шығарып, мақалалар жазып, халықаралық ортаға қазақ халқының жағдайын таныстыруға күш салды. Оның басты мақсаты – халқына еркіндік пен әділетті қоғам орнату еді. Ол тәуелсіздікке біліммен, бірлікпен және саяси күреспен жетуге болады деп сенді. Менің ойымша, Мұстафа Шоқай – нағыз патриоттың үлгісі. Ол жеке басының мүддесінен гөрі елінің болашағын жоғары қойды. Оның батылдығы, білімділігі және қайсарлығы бүгінгі жастарға үлкен өнеге. Біз Мұстафа Шоқайдың өмір жолынан елге адал қызмет етудің, ұлттық құндылықтарды құрметтеудің және білімге ұмтылудың маңызын үйренеміз. Мұстафа Шоқай – Еуропада жүріп қазақ мемлекеттілігі идеясын қорғаған ұлы қайраткер. Оның тәуелсіздік жолындағы күресі мен еңбегі тарихымыздың маңызды бөлігі болып қала береді. Біз осындай тұлғалардың мұрасын құрметтеп, олардың армандаған тәуелсіз Қазақстаның одан әрі дамытуға үлес қосуымыз керек», деді Қанат Ақпанов.

Францияда эмиграцияда жүрген жылдары Мұстафа Шоқай бүкіл саналы ғұмырын Түркістан халықтарының азаттығы жолындағы күреске арнады. Ол «Тұтас Түркістан» идеясын насихаттап, түркі халықтарын бірлікке шақырды. Кеңес үкіметінің «бөліп ал да, билей бер» саясатын, қолдан ұйымдастырылған ашаршылықты, тәркілеу науқанын, ұлттық-аумақтық межелеуді және Алаш қайраткерлерін қудалауды халықаралық қауымдастыққа әшкерелеп көрсетті.

Оның қызметі кеңестік билікті алаңдатты. 1925 жылы Иосиф Сталин Қазақ өлкелік комитетіне жолдаған хатында Мұстафа Шоқай мен «Ақ жол» газетінің идеялық үндестігін атап көрсетіп, олардың ықпалын тоқтатуды талап етті.

«Мұстафа Шоқайдың идеялары әлі де өзекті»

Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің оқытушысы, профессор Тастанбек Сәтбайдың айтуынша, Кеңес үкіметі жылдарында Мұстафа Шоқайдың тұлғасын әдейі теріс қырынан көрсетуге тырысты. Бұл сол кездегі мемлекеттік идеологияның бір бөлігі болды. Ал бүгінгі көзқараспен қарасақ, оның қазақ қоғамына сіңірген еңбегі өте ауқымды.

«Ең алдымен, Мұстафа Шоқай – жаңа типтегі қазақ зиялысының өкілі. Ол ұлттық азаматтық сананың қалыптасуына үлкен үлес қосты. Ресей билігіне қарсы күресте де күш қолдануға немесе қантөгіске шақырған жоқ. Керісінше, құқықтық жолмен күресуді жөн көрді», дейді тарихшы.

Оның сөзінше, Мұстафа Шоқай қазақ қоғамын дамытатын жаңа бір тылсым жол ұсынған жоқ. Ол бұған дейінгі Алаш зиялылары көтерген ағартушылық бағытты жалғастырды.

«Қазақ қоғамының тығырықтан шығуы білімде деп есептеді. Білім беру жүйесін жетілдіру, халықтың құқықтық сауатын арттыру, ұлттық сананы ояту – оның негізгі ұстанымдарының бірі болды», дейді ол.

Сонымен бірге Мұстафа Шоқай қоғамдағы ең үлкен мәселелердің бірі ретінде рулық және тайпалық психологияны көрді. Тарихшы бұл ойды дәлелдейтін бір оқиғаны мысалға келтіреді.

«Бірде Торғай өңірінің қыпшақтары Мұстафа Шоқайға: «Сіз еуропалық білім алған адамсыз, бізге қыпшақтардың көсемі болыңыз» деген ұсыныс айтады. Сонда Мұстафа Шоқай: «Не айтып тұрсыздар? Мен қазақты да, қырғызды да, өзбекті де бөліп қарамаймын. Біз – біртұтас түркі халықтарымыз», деп жауап берген», дейді Тастанбек Сәтбай.

Оның пікірінше, бұл көзқарас қазір де өз маңызын жоғалтқан жоқ.

«Сол кезеңде пантүркілік идея кең тарады. Бірақ Мұстафа Шоқай бұл мәселеге эмоциямен емес, шынайы саяси тұрғыдан қарады. Ол қазақ, өзбек, қырғыз халықтары жан-жаққа бөлініп отырғаннан гөрі, күш біріктіргені тиімді деп санады. Патша үкіметінің Түркістан өлкесінің орнына Түркі республикасы құрылғанын қалады. Оның мақалаларынан осы ұстанымды анық көруге болады», дейді Тастанбек Сәтбай.

Профессордың айтуынша, бүгінде Қазақстан, Өзбекстан және Қырғызстан арасындағы экономикалық байланыстардың нығаюы – Мұстафа Шоқай көтерген идеялардың бір көрінісі. Дегенмен ол тек экономикамен шектелмейді.

«Мұстафа Шоқайдың идеясын жаңғырту дегеніміз – ең алдымен халықтарды жақындастыру. Кеңес өкіметі бұл халықтардың тілдерін бір-бірінен алыстатты. Біз әлі күнге дейін осы мәселені толық түсініп болған жоқпыз. Мұны зиялы қауымның аз ғана бөлігі біледі, ал саяси элита бұл мәселеге жеткілікті деңгейде назар аударып отырған жоқ», дейді тарихшы.

Тастанбек Сәтбайдың пікірінше, Шоқай идеясының жалғасы – қазақ, өзбек, қырғыз тілдерінің жақындасуы, мәдени және тұрмыстық байланыстардың нығаюы.

«Бұрын бұл халықтардың аралас-құралас өмір сүруі қалыпты жағдай болатын. Құдандалық та болды, достық қарым-қатынас та үзілген жоқ. Тұрмағамбет Ізтілеуұлы сияқты тұлғалар Самарқан мен Бұқарада еркін жүрген. Ол кезде тіл мәселесі деген болған жоқ», дейді ол.

Тарихшы Мұстафа Шоқайдың Еуропадағы қызметіне де ерекше тоқталды.

«Мұстафа Шоқай эмиграцияда жүріп қазақ халқының ғана емес, тұтас Түркістан халықтарының мүддесін қорғады. Ол өзінің публицистикалық мақалалары арқылы Еуропаға кеңестік биліктің шынайы табиғатын жеткізді. Себебі ол кезде Батыс елдері Кеңес Одағын жұмысшылардың алғашқы мемлекеті ретінде қабылдап жүрген еді. Ал Мұстафа Шоқай кеңестік жүйенің тоталитарлық сипатын, халықтарға жасаған қысымын, жаппай қуғын-сүргінін нақты деректермен көрсетті. Бұл – қазақ халқының ар-намысын, табиғи құқықтарын халықаралық деңгейде қорғаған үлкен еңбек», дейді Тастанбек Сәтбай.

Тарихшының айтуынша, бүгінгі қоғамда Мұстафа Шоқайдың мұрасына әлі де сақтықпен қарайтын көзқарас бар. Алайда оның көтерген мәселелері уақыт өткен сайын өзектілігін жоғалтқан жоқ.

«Мұстафа Шоқайдың идеясын жаңғырту дегеніміз – Түркістандық идеяны жаңғырту. Бұл тек ортақ тарих туралы айту емес. Түркі халықтарының тілдерін жақындастыру, мәдени байланыстарды күшейту, ортақ тарихи сананы қалыптастыру маңызды. Түркияда бізді әлі күнге дейін Түркістан деп атайды. Сондықтан Мұстафа Шоқайдың идеялары қазір де өзекті деп есептеймін», деп түйіндеді Тастанбек Сәтбай.

1940 жылы неміс әскері Парижді басып алған кезде Мұстафа Шоқай бірнеше ай концлагерьде болды. Кейін неміс басшылығы оны Түркістан легионын құру жұмысына тартуға әрекеттенді. Алайда ол бұл ұсынысты қолдамады. Көп ұзамай Берлиндегі «Виктория» ауруханасында жұмбақ жағдайда қайтыс болып, сол қаладағы мұсылман зиратына жерленді.

Мұстафа Шоқай – ұлттық еркіндік, түркі халықтарының бірлігі, ұлттық тіл мен рухтың сақталуы мәселелерін басты құндылық ретінде қарастырды. Оның бірнеше тілде жазылған мол шығармашылық мұрасы бүгін де азаттық, мемлекетшілдік және ұлттық бірлік идеяларының маңызды рухани негіздерінің бірі болып саналады.

Мұстафа Шоқайдың негізгі идеялары

Мұстафа Шоқайдың саяси және рухани мұрасының өзегі – ұлттық тәуелсіздік, ұлттық рух, ана тілі, білім, бірлік және Тұтас Түркістан идеясы. Оның пікірінше, ұлттық рухсыз тәуелсіздік болмайды, ал ұлттық рухтың негізі – ана тілі. Ол халықтың өз жерінің иесі болуы, ұлттық мемлекеттің құрылуы және елдің тәуелсіздігі үшін күресу әрбір азаматтың қасиетті борышы деп санады.

Алаш зиялысы ұлттың адаспау үшін де, азаттыққа жету үшін де білімнің шешуші рөл атқаратынын айтты. Сонымен бірге халықтың ішкі бірлігі мен ұлттық мүддені жеке бастың мүддесінен жоғары қоюды тәуелсіздіктің басты шарты ретінде қарастырды. Оның «Тұтас Түркістан» идеясы түркі халықтарының ынтымағы мен ортақ болашағын көздеген тарихи тұжырымдама ретінде бағаланады.

Оқиғаларды жіберіп алмау үшін Qazaq24.com сайтынан ең өзекті жаңалықтарды қарап отырыңыз.
Читать полностью