Egemen.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып, Qazaq24.com түсініктеме жасады..
Фото: Видеодан скринделген
Бейнежазбада сөз сөйлеген ер адам тойларда арақтың қойылмай жүргенін құптайтынын айтып, ендігі кезекте музыкадан бас тарту керектігін жеткізген.
«Аллаға шүкір, тойлардағы арақ деген бәледен құтылдық. Бірақ тағы екі нәрсе қалды. Бірі – музыка деген бәле. Одан да құтылуымыз керек. Шариғатқа мүлдем сай келмейді. Екіншісі – ерлер мен әйелдердің бірге отыруы», деді ол.
Бас мүфти TikTok-та қате уағыз айтатын имамдарға ескерту жасады
Аталған видеода ер адам тойға қонақ ретінде келіп, ән айтқан әнші Роза Әлқожаны ашық сынаған. Бұған қатысты әнші Роза Әлқожа әлеуметтік желідегі парақшасында пікір білдіріп, үлкен жиындарда ерлер мен әйелдердің бөлек отыру дәстүрі бұрыннан бар екенін айтты.
«Мені қойшы, тұтас музыканы харам деп тұрғаны қалай кетті? Ақшасын берді деп айыптағанға үндемей кете береміз бе? Кезінде пайғамбарымыз Айша анамызға ән айтқызған дегенді бұл кісі естімеген бе?», деп жазды Роза Әлқожа.
Әнші мұндай мәлімдемелердің қоғамда алауыздық тудыруы мүмкін екенін айтып, өңірдегі діни ахуалға жауапты құзырлы органдардың жұмысына қатысты сауал көтерді.
Ислам діні есті әндерге шектеу қоймайдыҚазақстан мұсылмандары діни басқармасы (ҚМДБ) әлеуметтік желіде тараған мәлімдемеге қатысты пікір білдірді. ҚМДБ аталған сөздер қоғамда түрлі пікір мен түсінбеушілік туғызып отырғанын хабарлап, Ислам дінінің бірлік пен ынтымақты, құрмет пен ізгілікті дәріптейтіндігін атап өтті.
«Ислам діні даналықпен насихат айтуға, өзгелерді ауыр сөзбен айыптамауға және әр адамның ар-намысына құрметпен қарауға үндейді. Сондықтан діни мәселелерге байланысты өнер өкілдерін жалпылама айыптау немесе оларға ауыр сипаттамалар беру дұрыс емес. Сондай-ақ аналарымызды, қыз-келіншектерді бейәдеп сөздермен кемсіту де өрескел қателік саналады. Адамды арсыздыққа, азғындыққа және шариғат тыйым салған істерге үндейтін әндерді дініміз құптамайды», делінген мәлімдемеде.
Мүфтият дін мен дәстүрдің асыл құндылықтарын насихаттайтын, Отанды қорғауға, ата-ананы құрметтеуге, адамгершілік пен ізгілікке шақыратын әндерге рұқсат берілетіні жөнінде Ислам ғалымдарының пікірлері бар екенін жеткізді.
«Өзегімізден жаңылып, өзімізді таппай жүрміз...»Кәсіпкер және қоғам қайраткері Нұркен Асанов тойлардағы мұндай келеңсіз жайттар көбіне ұлтымыздың өзегінен адасып жүргендігінен екендігін атап өтті.
«Қазақ халқының тойшыл екені ақиқат. Біз одан бас тарта алмаймыз. Той – салт-дәстүріміздің сабақтастығы. Қаншама нәубет пен соғыстан аман қалғанымыз – осы дәстүрлерімізді сақтай алғанымыздың арқасында. Ал бүгін өзегімізден жаңылып, өзегімізді таппай жүргеніміз рас. Бүгінгі тойлардағы тамадалардың мәнсіз қалжыңы, келеңсіз әрекетке барып жүргені де сондықтан. Бұрынғы тойларда халқымыз той басқаратын адамды «асаба» деп атап, бұл міндетті ауызына сөз қонған, ізденген, оқыған адамдарға жүктейтін. Ал қазір той иелері өз деңгейіндегі тамаданы шақырып, өз ақыл-ойы шамасында той өткізеді...», деді ол.
Сондай-ақ қоғам қайраткері тойдың басты мақсаты ақ тілек айтып, ұлттық құндылықтарды дәріптеу болуы керек екенін атап өтті.
Той мәдениеті қашан қалыптасады?«Біз тойда уағыз емес, тілек айтылуы керектігін ұмытып кеттік. Рас, біздің елде түрлі этностар өмір сүреді. Олардың өз рухани-мәдени ерекшеліктері бар. Оған құрметпен қарауымыз керек. Сол себепті қазақ халқының салт-дәстүріне қаратыла айтылған сөз де адамгершілік шегінен аспауға тиіс. Мәшһүр Жүсіп «Киіз үйіңнің есігі ашық-шашық болса, ол үйге ит пен құс та кіреді» деп айтады. Сондықтан осы елдегі өзге де сенім мен өзге ұлт өкілдері осы елдің азаматы болса, байрағына тағзым ететін болса, осы елдің құндылығының күзетшісі болуы шарт. Ұлыларымыздың ұлы жолымен, Алаштың үнімен, Абайдың сөзімен, Мәшхүрдің мұңымен болашаққа бағдар салсақ бұл Қазақ адаспасы хақ. Сонда ғана өзімізді тауып, өзегімізге оралармыз. Адами құндылық қоғамда орнын тапса, ұлттық құндылық өз тұғырында болары ақиқат» деді Нұркен Асанов.
Домбыраны «харам» деп жариялаған ақтөбелік 7 жылға сотталуы мүмкін
Ал әлеуметтанушы Жансая Бердімұрат Қазақстанда той өткізу мәдениетін жүйелейтін нақты қағидалар қабылдау қажет екенін айтады. Оның пікірінше, бұл той мәдениетін қалыптастырып, шығындарды азайтуға, ысыраптың алдын алуға ықпал етеді.
«Мемлекет басшысы: «Озық технологиялар заманында себепті-себепсіз той жасайтын, мақтаншақтықтан арылу қажет», деген болатын. Сондықтан той өткізудің де мәдениетін қалыптастырып, оны жүйелейтін өзгерістер енгізетін уақыт келді деп санаймын. Нақтырақ айтқанда, тойдағы қажетсіз шығындарды қысқартып, асаба, әнші, биші сияқты қызмет көрсететін азаматтардың еңбекақысын белгілі бір тәртіппен реттеу тетіктерін қарастырған жөн. Сонымен қатар тойдың идеологиялық және тәрбиелік мәніне де баса назар аудару қажет. Той барысында асаба мен өнер иелерінің қызметіне қатысты этикалық талаптар мен жол берілмейтін әрекеттер нақты айқындалса, бұл да той мәдениетін қалыптастыруға оң ықпал етер еді», деді ол.
Еске сала кетейік, бұған дейін Астана қаласының Дін істері жөніндегі басқармасы діни материалдарды заңсыз таратқаны үшін Дарын Мубаровты жауапкершілікке тартқанын хабарлаған болатын.