Tengrinews.KZ парақшасынан алынған ақпаратқа сәйкес, Qazaq24.com хабарлайды..
Ғабит Мүсірепов атындағы Балалар мен жасөспірімдер театры Алматы тұрғындарына жақсы таныс. Бірі мұнда спектакль тамашалауға келсе, енді бірі іргесіндегі скверде серуендегенді ұнатады. Алайда биыл театр айналасындағы үйреншікті аумақ қоршалды. Мұнда құны миллиард теңгеден асатын қайта жаңғырту жұмыстары басталды.
Tengri AI ұсынған жаңалықтың қысқаша мазмұны Бұл ЖИ жазған мәтін
Алматыда «ЕНБЕК» ЖШС-мен жасалған 1,22 млрд теңгелік келісімшарт бойынша Ғ. Мүсірепов атындағы БЖТ айналасындағы сквер реконструкциялануда (тендер 30.04 жарияланды, өтінімдерді қабылдау 04–08.05; шарт мерзімі 31.12.2026 дейін). Жұмыс алаңы — 30,7 мың м²: ~16 мың м² көгалдандыру, ~13 мың м² жолдар мен өткелдер, 1,6 мың м² құрылыс; төсемтас, жиектастар, асфальт, жаңа жарықтандыру және автоматты суару жүйесі қарастырылған. Кемінде 114 ағаш пен 12 303 бұта егу; шойын орындықтар, шахмат үстелі, сағат, эко-стильдегі балалар мен спорт алаңдарын, дәмханаға арналған модульдік павильон мен қоғамдық әжетханалар орнату жоспарлануда. Жұмыстар 16.06.2026 жылы басталды (бастапқыда 2025 жылға жоспарланған болатын); аяқталуы — 2026 жылдың соңына дейін. Мемлекеттік сатып алу мәліметтері бойынша, мердігерге әзірге төлем жасалмаған. Учаске бастығы мерзімдердің сақталатынын мәлімдеді; басымдық — ауа райы автоматикасы бар және әкімдік қашықтан басқаратын суару жүйесі; балалар алаңы дайын дерлік, көгалдандыру жұмыстары жүріп жатыр. Театр алдындағы тарихи субұрқақ (1962) бөлек реконструкциялануда: жалпы жоба құны 5,6 млрд теңге, мердігер «EC ENERGY Qazaqstan» ЖШС, субұрқақтың үлесі — ~540 млн; мерзімдері ауыстырылды, 2026 жылдың шілдесіне қарай дайындығы 95%. Театр — сәулет ескерткіші (1987 жылдан бастап, 2010 жылы расталған); ғимаратты күрделі жөндеу әлі басталған жоқ. Әуезов (құны құпия, сахнаның қайта ашылуы 2027 жылдың 1-жартыжылдығынан ерте емес) және Сац (21,7 млрд, ашылуға жақын) театрларының ұзаққа созылған реконструкциялары аясында Мүсірепов атындағы БЖТ жұмыс істеп тұрған алаң болып қала береді.
Бұл қаражатқа әкімдік скверді толық жаңартуға уәде беріп отыр. Жаяу жүргіншілер жолдары төселеді, жаңа орындықтар мен жарықшамдар орнатылады, балалар алаңқайлары жабдықталады, мыңдаған бұта мен жүзден аса ағаш отырғызылады. Яғни жоспар ауқымды.
Tengrinews.kz редакциясы Мүсірепов театрының айналасындағы скверді жаңғырту жұмыстары қалай жүріп жатқанын, бюджет қаражаты нақты неге жұмсалатынын және қала тұрғындарын не күтетінін анықтады.
Скверге арналған миллиардтаған теңгенің тендеріҒабит Мүсірепов атындағы театр аумағын жөндеу мәселесі биыл сәуірде басталды. Сол кезде Алматы қаласы Алмалы ауданы әкімінің аппараты театр айналасындағы скверді қайта жаңғыртуға тендер жариялады. Айта кетейік, театр ғимараты жобаға енбеген. Мемлекеттік сатып алу порталы мәліметінше, іргелес аумақты күрделі жөндеуден өткізуге 1,27 миллиард теңге бөлу көзделген.
Тендер туралы хабарландыру мемлекеттік сатып алу порталында 30 сәуірде жарияланғаны назар аудартады, алайда өтініштерді қабылдау тек 4 мамырда басталып, небары төрт күнге, яғни 8 мамырға дейін созылды. Жұмыс көлемі мен бөлінген соманы ескерсек, мұндай ауқымды тендер үшін бұл - өте қысқа мерзім.
Соған қарамастан, осы уақыт ішінде қатысуға 15 өтініш түскен. Жеңімпаз - "ЕҢБЕК" ЖШС. Бұл компания туралы бұған дейін де жазғанбыз. Қазір ол Уәлиханов көшесіндегі тарихи "Қызыл Таң" маталар үйін шамамен жарты миллиард теңгеге, сондай-ақ, Алматының Әуезов ауданындағы аулаларды абаттандырумен айналысып жатыр. Бұл жұмыстарға 3,81 миллиард теңге бөлінген.
"ЕҢБЕК" ЖШС-ның жұмыс өнімділігі қызығушылық тудырады: компания тағы бір ірі келісімшартқа ие болды. Мүсірепов театрының айналасындағы скверді қайта жаңғыртудың түпкілікті құны - 1,22 миллиард теңге. Келісімшарт биыл 31 желтоқсанға дейін жарамды.
Сонымен қатар, мемлекеттік сатып алу порталының дерегіне сүйенсек, бүгінде қарастырылған сомадан әлі бірде-бір теңге төленбеген.
Нақты не жөнделеді?Ғабит Мүсірепов атындағы театр айналасындағы скверде нақты не істелетінін және ақша қайда жұмсалатынын талдап көрейік. "Intermax BSV" ЖШС 2025 жылы дайындаған жобалық құжаттама тендердің негізі ретінде алынған. Айта кетейік, бұл тегін емес.
Бастапқыда скверді жөндеу жұмыстарын 2025 жылғы қарашада аяқтау жоспарланған болатын. Бұл туралы былтыр қаңтарда Open Almaty порталында бұған дейін де хабарланған еді. Мемлекеттік сатып алу сайтында жарияланған жобалық құжаттамаға сәйкес жұмыстарды 2025 жылы шілдеде бастау көзделген. Алайда, сайып келгенде, мерзімдері ауысып, қайта жаңғырту жұмыстары тек 2026 жылы 16 маусымда басталды. Бұл туралы аудандық әкімдіктің біздің сауалымызға берген жауабында айтылған. Енді жұмыстарды жыл соңына дейін аяқтау жоспарланып отыр.
Қайта жаңғыртылатын аумақтың жалпы ауданы 30,7 мың шаршы метрден асады. Бұл шамамен төрт футбол алаңына тең. Оның ішінде 16 мың шаршы метрге жуығы көгалдандыруға бөлінсе, тағы 13 мыңын жолдар, алаңқайлар мен көлік жолдары алады. Қалған 1,6 мың шаршы метрі құрылыс нысандарына тиесілі.
Сурет: мемлекеттік сатып алу сайтынан скриншот
Құжаттамаға сәйкес сарапшылар сквердің жағдайын "жағдайы нашар" деп бағалаған. Сипаттама бойынша театр айналасындағы жолдар мен аллеяларға күрделі жөндеу қажет болған: гранит плиталар мен жиектастар шөгіп кеткен, кей жерлерде шұңқырлар мен жарықтар пайда болған, тастардың арасынан шөп өсіп кеткен.
Ағаштары бар металл орындықтар да тозып кеткен, қоқыс жәшіктері зақымданған. Жарық бағаналарының қорғаныс қабаты сылынып, кейбір бұрандалар тот басып, босап кеткен. Автоматты суару жүйесі де жұмыс істемейді: құбырлардан су ағады, ал суарғыштардың көбі жоқ.
Жоба авторлары қайта жаңғырту барысында аумақ толық дерлік жаңаратынын мәлімдеді. Жаяу жүргіншілер жолдарына тас төселіп, жиектастармен қоршалады, өтпе жолдарға да асфальт төселеді, жаңа автоматты суару жүйесі орнатылады, жарықтандыру модернизацияланады, шамамен 114 ағаш пен 12 303 бұта отырғызылады.
Құжаттамадан сквер жөндеуден кейін қалай көрінетінін тамашалауға болады.
Сурет: мемлекеттік сатып алу сайтынан скриншот
Бұдан бөлек, театр айналасындағы аумақта жаңа абаттандыру элементтері пайда болады. Мысалы, құжатта арқалығы бар шойын орындықтар, орындықтары бар көше шахмат үстелі және жеке бағанадағы сағат қарастырылған.
Ал балалар мен спортсүйер қауым үшін эко стильде безендірілген ойын және спорт кешендері орнатылады.
Сурет: мемлекеттік сатып алу сайтынан скриншот
Сонымен қатар, аумақта дәмхана жалдаушыларға арналған модуль павильондар мен қоғамдық әжетханалар жоспарланған. Дәмхананы кім басқаратыны және ол қандай шарттармен жалға берілетіні құжаттарда нақтыланбаған.
Сурет: мемлекеттік сатып алу сайтынан скриншот
Алматы қаласы Алмалы ауданының әкімдігі осындай ауқымды жөндеу жұмыстарына қатысты ресми сауалымызға былай жауап берді:
Реконструкция қалай жүргізіліп жатыр?"Жоба қала тұрғындары мен қонақтары үшін жайлы қоғамдық кеңістік құруға бағытталған. Күрделі жөндеу аясында жаяу жүргіншілер жолын жаңарту, демалыс аймақтарын абаттандыру, балалар мен спорт алаңдарын салу, сондай-ақ, заманауи жарықтандыру жүйесін орнату қарастырылған".
Осынау ауқымды реконструкция қалай жүріп жатқанын көруге бардық. Бірден көзге түскені - жергілікті тұрғындарға үйреншікті жағдайға айналған құрылыс қоршауы. Ол театр маңындағы аумаққа созылып жатыр.
Сурет: © Tengrinews.kz / Александр Григорянц
Әрі қарай нысанның паспортын көруге болады. Онда құрылыс аяқталатын мерзім ретінде биылғы желтоқсан көрсетілген.
Фото: © Tengrinews.kz / Александр Григорянц
Ал одан әрі сквер басталады, театрдың кіреберісінде жерден сымдар шығып жатқан қызық көрініс ашылады.
Сурет: © Tengrinews.kz / Александр Григорянц
Олардың кейбірі өтіп бара жатқан адамдардың қауіпсіздігі үшін әртүрлі тәсілмен оқшауланған.
Сурет: © Tengrinews.kz / Александр Григорянц
Сонымен қатар, ерекше жазуы бар қоршау да назарымызды аударды. Онда не жазылғанын ұзақ уақыт түсіне алмай, ақыры теріс қарай жабыстырылғанын аңғардық. Ондағы жазу өте қарапайым болып шықты: "АБАЙЛАҢЫЗ, КАБЕЛЬ".
Сурет: © Tengrinews.kz / Александр Григорянц
Скверді аралап жүріп, Мейірбек есімді өте сыпайы учаске бастығын жолықтырдық. Нысан паспортында дәл осы кісінің телефон нөмірі көрсетілген. Оның сөзінше, жерден шығып тұрған сымдар - жақын арада орнатылатын шамдардың негізі. Бұған дейін олар түнде аумақты қалай жарықтандыратынын көрсеттік.
Сквердің маңынан бөлшектеліп, үйіліп тасталған көше шамдарын да көрдік, түріне қарағанда, олар ескі шамдар болса керек.
Сурет: © Tengrinews.kz / Александр Григорянц
Мейірбектен жұмыс барысы туралы сұрадық.
"Уақыт бойынша үлгеріп жатырмыз, қазір жұмыс қызып жатыр. Нысанда дайын тұрған учаскелер - көгалдандырылып жатқан жерлер. Алдымен барлық техникалық бөлікті, мысалы, суару жүйесін орнатамыз, содан кейін ғана көгал төсеп, бұталарды отырғызамыз. Балалар алаңын аяқтап қалдық", - дейді ол.
Мейірбек жөндеу процесін түсіру үшін бізге қоршаудың ішіне кіруге рұқсат бермеді. Сондықтан суреттерді қоршаудың сыртынан түсірдік. Қоршаудың арғы жағынан эко стильдегі балалар алаңын көруге болады.
Сурет: © Tengrinews.kz / Александр Григорянц
Театрды айналып өтсеңіз, биіктеу жерден сквер аяқталған бөлік көрінеді. Ол өте көркем.
Сурет: © Tengrinews.kz / Александр Григорянц
Учаске бастығы баса айтқан маңызды жайт - оның компаниясы тек скверді реконструкциялап жатыр, театрдың өзіне тиіспейді, өйткені ол - сәулет ескерткіші. Дегенмен ол әкімдік мердігерді Балалар мен жасөспірімдер театрының айналасындағы гранит плиталарының кірін кетіруге көндіргенін айтты.
Сурет: © Tengrinews.kz / Александр Григорянц
Әкімдікке жолдаған сауалымызда "жергілікті тұрғындар шу мен құрылыс жұмыстарына шағымданып жатыр ма?" деп сұраған едік. Ведомство өкілдері бұл туралы ештеңе айтпады, сондықтан бұл жайында Мейірбектен сұрадық.
"Айтарлықтай мәселе туындаған жоқ, бәрі түсіністікпен қарайды. Мұнда негізінен осы скверде серуендеуге үйренген қарт кісілер тұрады. Сондықтан олар келген кезде қазір жөндеу жүріп жатқанын, Құдай бетін ары қылсын, олар зардап шексе, мен жауап беретінімді айттым. Олар түсіністік танытты", - деді ол.
Сонымен қатар, учаске бастығы жоғарғы қабатта тұратын тұрғындар жөндеу барысын видеоға түсіріп, мердігер "бәрін қиратып жатыр" деп әкімдікке шағымданған кездері болғанын жасырмады. Оның айтуынша, бұл кезде жұмыстар әлі аяқталмаған, сондықтан нәтижесін айту ерте еді. Мердігерге жағдайды қайта түсіндіруге тура келген.
Сурет: © Tengrinews.kz / Александр Григорянц
Тағы бір қызық жайт - тексерістер. Мейірбектің айтуынша, тексеріс жиі болып тұрады. Мәселен, аудан әкімі жұмыс барысын тексеруге аптасына бір рет келеді, ал оның орынбасары "үнемі байланыста". Нысан бастығының өзі мұнда күнде таңертеңнен кешке дейін болатынын айтты.
"Мұнда үнемі бір қозғалыс болып жатады. Кей жұмыстарды түнде, кейбірін таңертең ерте істеуге тура келеді, әсіресе, тауар жеткізуге келгенде. Жақында ғана көгалдандыруға арналған бұталар келді. Сол кезде мұнда ешкім болмаған соң таңғы сағат 4-те оларды күзетіп отырдым", - деді ол.
Сондай-ақ, одан реконструкцияға дейін сквердің жағдайы қаншалық нашар болғанын сұрадық. Мейірбектің айтуынша, басты мәселе суару жүйесінде болған. Дәлірек айтсақ, аумақтың басым бөлігінде ол мүлдем болмаған немесе істен шыққан. Айта кетейік, жаңа суару жүйесіне бюджет пен реконструкция жұмыстарының қомақты бөлігі қарастырылған.
Жарты миллиардқа жасалған, бірақ істемей тұрған субұрқақ"Мұнда заманауи суару жүйесі болады, бұл - ең ауқымды техникалық жаңашылдық. Бұрын мұндай болмаған. Ол автоматты түрде жұмыс істейді: ауа райына, жаңбырға қарап, суару қажет пе, жоқ па, өзі анықтайды. Сондай-ақ, оны телефон арқылы басқаруға болады. Жүйені театр әкімшілігі емес, аудандық әкімдік басқарады", - деді ол.
Театрға қатысты тағы бір қызық нәрсе бар, ол - ғимарат алдындағы субұрқақ, оның жөндеу жұмыстары бір жылдан аса уақытқа созылып кетті.
Сурет: © Tengrinews.kz / Александр Григорянц
2025 жылғы наурызда қала билігі Алматыдағы төрт ірі субұрқақ кешеніне күрделі жөндеу жүргізілетінін хабарлады: олар әкімдік ғимараты жанындағы шығыс және батыс субұрқақтары, Республика алаңындағы және Мүсірепов театры алдындағы субұрқақтар.
Театр алдындағы субұрқақ 1962 жылы салынған. Билік өкілдері бұл кейінгі 15 жылдағы субұрқақ кешендеріндегі алғашқы күрделі жөндеу екенін алға тартты. Ал реконструкцияның басты мақсаты - ескірген жабдықтарды ауыстыру және оның тарихи келбетін сақтап қалу.
Бастапқыда жөндеуге 5,13 миллиард теңге бөлінген, бірақ құжаттарға қол қойылғаннан кейін келісімшарт сомасы 5,6 миллиардқа дейін өсті. Мердігер ретінде EC ENERGY Qazaqstan ЖШС таңдалды. Әкімдік Мүсірепов театры алдындағы субұрқақ 2025 жылғы қазанға қарай дайын болатынына сендірген еді. Нысанның өзі шамамен 540 миллион теңгеге бағаланған.
Бірақ 2026 жылы сәуірде әкімдік мерзімдері ауыстырылғанын мәлімдеді. Республика алаңындағы және театр алдындағы субұрқақтарды реконструкциялауды енді үшінші тоқсанда аяқтау жоспарланған. Қоғамдық кеңістіктерді дамыту басқармасы мұны жобалық-сметалық құжаттамаға түзетулер енгізумен және қосымша жұмыстармен байланысты деп түсіндірді.
Шілденің соңында жаңа мәлімет шықты. Қала әкімшілігі субұрқақ 95 пайызға дайын екенін және оны тамыздың соңында іске қосу жоспарланғанын айтты. Сол кезде жоба неге кешіктіріліп жатқаны да белгілі болды. Билік мәліметінше, электр желілеріне қосылудың техникалық шарттарының мерзімі өтіп кеткен, сондықтан жобалық құжаттаманы қайта жасауға тура келген. Сонымен қатар, электр монтаждау жұмыстарын тек 2025-2026 жылғы театр маусымы аяқталғаннан кейін бастау мүмкін болған.
Басқарма реконструкцияның басты мақсаты "Алматы үшін маңызды нысанды техникалық тұрғыда жаңғырта отырып, оның тарихи келбетін қалпына келтіру" екенін алға тартты. Осылайша, билік өкілдері субұрқақтағы түпнұсқа гранит сақталғанын, ал ескірген құрал-жабдықтар заманауи технологияға ауыстырылғанын мәлімдеді.
Журналистер осынша көп уәдеге қарамастан мына жайтты анықтады: әкімдік ғимараты маңындағы шығыс және батыс субұрқақтардың реконструкциясы олардың сыртқы келбетін айтарлықтай өзгерткен. Тостағандардың авторлық тұжырымдамасы қайта қаралып, жалпақ тасжиектер алып тасталған. Пайдаланылған материалдар да өзгерген: Алматының 1970-80 жылдардағы модернистік сәулетіне тән ауыр гранит блоктардың орнына басқалары қолданылған. Мамандар бұл өзгерістерге назар аударып, журналистерге берген сұхбатында реконструкцияға қатысты пікір білдірді.
Гүлзарды реконструкциялауға жауапты учаске бастығы бізге берген сұхбатында компания субұрқаққа тиіспегенін және оған мүлдем қатысы жоқ екенін бірнеше рет айтты. Жөндеуге қалалық Қоғамдық кеңістіктерді дамыту басқармасы жауапты.
Мердігер бұл нысанға қатысы жоқ екенін субұрқақ бойымен созылған құрылыс қоршауы арқылы анық аңғартқан. Қоршау екі аумақты бір-бірінен бөліп тұр.
Сурет: © Tengrinews.kz / Александр Григорянц
Тарихи субұрқақ дайын болып көрінгенімен, біз барған кезде жұмыс істеп тұрған жоқ. Дегенмен мұның себебі Алматыда субұрқақтар маусымы аяқталуына байланысты болуы да мүмкін.
Сурет: © Tengrinews.kz / Александр Григорянц
Сонымен қатар, субұрқақтың маңында жөндеуге арналған нысанның жеке паспорты бар шағын қоршау тұр. Құжатта бас мердігер ретінде "EC ENERGY Qazaqstan" ЖШС көрсетілген.
Сурет: © Tengrinews.kz / Александр Григорянц
Қоршау маңындағы люкті жауып тұрғаны анық көрінеді. Бұл нысанда әлі де техникалық жұмыстар жүргізіліп жатқанын аңғартады. Демек, субұрқақты жөндеу жұмыстары әлі аяқталмаған болуы мүмкін.
Шіркеу орнындағы театрҒабит Мүсірепов атындағы театрдың тарихы соғыс жылдарынан бастау алады. 1944 жылы Қазақ КСР кеңестік үкіметі жас көрермендерге арналған театр ашу туралы қаулы қабылдаған. Ол кезде Алматыда эвакуацияланған мәдениет қайраткерлері болды, жаңа театр ашылуына мұрындық болғандардың бірі - Наталия Сац. Ол театрдың тізгінін ұстап, оның алғашқы көркемдік жетекшісі атанды.
Жас көрермендер театры 1945 жылы 7 қарашада ашылды. Сол күні Наталия Сацтың өзі сахналаған Евгений Шварцтың "Қызыл телпек" ертегісі көрсетілді. Ал кешкісін Виктор Розовтың қойылымындағы Исидор Штоктың "Лейденді қоршауға алу" атты тағы бір премьерасы өтті.
Алғашында спектакльдер тек орыс тілінде жүрді. Қазақ труппасы келесі жылы құрылды. Қазақ тіліндегі алғашқы спектакль Алексей Толстойдың "Алтын кілті" болды. Екі труппа бірге жұмыс істеп, бір сахнаны бөлісті.
Абылай хан даңғылы, 38 мекенжайындағы қазіргі ғимарат кейінірек, яғни 1957 жылдан 1962 жылға дейін салынды. Бір назар аударарлық жайт: ол 1934 жылы бұзылған Покров шіркеуінің орнында бой көтерген. Кейін бұл ғимарат Ғабит Мүсірепов атындағы театрға айналды.
Покров шіркеуі. Сурет: Орыс географиялық қоғамының мұрағаты
Ғимараттың жобасын сәулетшілер Леппик, Рипинский және Кацев әзірлеген. Театр іргетасы көтеріңкі етіп, үш қабатты болып салынған. Басты кіреберісі лоджия түрінде жасалып, фронтоны қазақтың музыкалық фольклорына арналған бедерлі өрнекпен безендірілген. Сәулетшілер ғимарат жобасында классицизм мен функционализм элементтерін қатар үйлестірген.
Театр алдында сквер ашылып, 1962 жылы субұрқақ орнатылған. Осылайша, ғимарат айналасында біртіндеп қоғамдық кеңістік қалыптасып, қазір ол қайта жаңғыртылып жатыр. 1996 жылы Мүсірепов атындағы театрға академиялық мәртебе берілді.
Сурет: © Tengrinews.kz
Бүгінде ғимарат сәулет ескерткіші мәртебесіне ие. Ол бұл тізімге сонау 1987 жылы енгізілген, ал 2010 жылы тізім жаңартылып, театр ғимараты Алматының жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіші мәртебесін сақтап қалды. Сондықтан ғимараттың өзіне қатысты кез келген жұмыс оның тарихына ерекше назар аударуды талап етеді.
2026 жылғы қыркүйекте театрдың 80 жылдығы тойланды, алайда мерекелік концерт театр қабырғасында емес, Көктөбедегі ашық сахнада өтті.
Ашық дереккөзге сүйенсек, Ғабит Мүсірепов атындағы театр жұмыс істеген жылдар ішінде ғимаратқа ауқымды реконструкция жүргізілмеген. 2024 жылғы қарашада Мәдениет және ақпарат министрлігі күрделі жөндеу бойынша алдағы қадамдарды анықтау үшін 2025 жылы ғимарат тексерілетінін хабарлады. Мәлімдемеде жұмыстардың нақты басталу мерзімі айтылмады.
Сол хабарламада министрлік Алматыдағы басқа театрларға қатысты жоспарын да жариялады. Мұхтар Әуезов атындағы театр ғимаратында инженерлік желілер мен материалдық-техникалық база тозуы өрт қаупін тудырған, сондықтан онда күрделі жөндеу жүргізу көзделген болатын. Ал Наталья Сац атындағы театр бойынша ол кезде құжаттама дайын болып, мемлекеттік сараптамадан өтіп жатқан еді.
Мүсірепов атындағы театрда әзірге тек тексеріс жоспарланды, оның нәтижесі бойынша алдағы іс-қимылдар айқындалуға тиіс.
Алматы театрлары жаппай жөнделіп жатырАлматыда ерекше жағдай қалыптасты: қаладағы ең ірі театрлардың бәрі не қайта жаңғыртуға жабылды, не ауқымды жөндеу жұмыстары жүріп жатқан кезде де көрерменге есігін айқара ашқан. Сонымен қатар, жөндеу мерзімі, құны және оның театр жұмысы мен көрермендерге әсері туралы сұрақ көп.
Мұхтар Әуезов атындағы театрда ұзаққа созылған жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Қайта жаңғырту 2024 жылғы қарашада басталған еді, ал мердігер ретінде BI Group құрамындағы компания таңдалған. Келісімшарт жобаның күрделілігі мен қысқа мерзіміне байланысты бір көзден алу тәсілімен жасалды. Жөндеу құны құпия сақталды.
2025 жылы жазда Дінмұхамед Қонаев дәуірімен байланыстырылатын ғимараттың әйгілі қасбеті бұзылып, бұл қоғамда қызу талқыланды. Мәдениет министрлігі ғимараттың тарихи келбеті сақталатынын, ал ескі материалдың орнына мәрмәрге ұқсас материал қолданылатынын мәлімдеген.
Алайда 2026 жылғы қаңтарда негізгі жұмыстар желтоқсанда тоқтап қалғаны белгілі болды. Мердігер шатырды жөндеумен айналысқан, ал министрлік қайта жаңғырту тоқтатылмағанын, тек қаржыландыруды күтіп тұрғанын мәлімдеді.
Сурет: ©️ Tengrinews.kz / Никита Данилин
Соңғы жарияланған жоспар бойынша құрылыс жұмыстары 2026 жылдың соңына дейін аяқталуға тиіс еді. Дегенмен негізгі сахнадағы қойылымдар 2027 жылдың бірінші жартысынан ерте басталмайды: жөндеу аяқталған соң сахналық жабдықтарды орнату және тексеру қажет.
Наталья Сац атындағы театрды да жөндеу де ұзаққа созылды, бірақ қазір нысан ашылуға жақын. Ғимарат 1981 жылы салынған және 40 жылдан аса уақыт бойы күрделі жөндеуден өтпеген. 2023 жылы тозған инженерлік желілер мен өрт қауіпсіздігіне қатысты шағымдардан кейін билік толыққанды қайта жаңартуға қосымша қаржыландыру көздерін іздестірген еді.
Жұмыстар 2025 жылы басталып, театр айналасындағы мозаикалар мен ағаштарға байланысты дау туындады. Әкімдік мозаикалық панноларды сақтауға уәде беріп, 439 ағаштың 31-і алынатынын хабарлады. Жобаның құны 21,7 миллиард теңге болды. Мерзімі де бірнеше рет шегерілді. Кейінгі мәлімет бойынша негізгі жұмыстар аяқталған, ал театр ашылуға дайындалып жатыр.
Сац атындағы Балалар мен жасөспірімдер театрының жаңарған кейпі. Сурет: © Тengrinews.kz/Светлана Антонова
Ал Ғабит Мүсірепов атындағы театр әзірге көрермен қабылдап, жұмыс істеп тұр. Мәдениет министрлігі нысанды күрделі жөндеу жоспарда бар екенін айтқанымен, жөндеу жұмыстары әлі басталған жоқ. Дегенмен қаладағы басқа театрлар жаппай жаңартылып жатқанда, кезек бұл театрға да келуі мүмкін. Ең бастысы, жөндеу жұмыстары басқа театрлардағыдай жылдарға созылып кетпесе болғаны.
Мәтін: Александр Григорянц
Дайындаған: Жансая Қадыржанова
Бізді Google-дың негізгі дереккөздер тізіміне қосыңыз
Қосу