Inform.KZ парақшасынан алынған деректерге сүйене отырып, Qazaq24.com хабарлама жасады..
Қала әкімінің баспасөз қызметі хабарлағандай, ұлттық рухтағы шеру Ы.Жақаев көшесінен басталып, Өнер арбаты арқылы орталық алаңға дейін созылды.
«Ұлт мұрасы – ұлттық киім» атты шеруге мыңға жуық адам қатысып, ұлттық болмыс пен дәстүр сабақтастығын айшықтай түсті.
– Шеруді мәдениет саласының бір топ үздігі мен руханият жанашыры, «Сырлы саз» этно-фольклорлық ансамблі бастап жүрді. Қазақы үлгіде киінген өнерпаздар халық әндерін әуелете шырқап, Өнер арбатындағы сахнаға ерекше сән-салтанатпен жетті. Бұл көрініс көпшілікке ұмытылмас әсер сыйлап, Наурыз мерекесінің шынайы рухын сезіндірді.
Белгіленген орынға жиналған соң оқу орындарының студенттері ұлттық би өнерінің жауһары – «Қаражорға» биін нақышына келтіре орындап, көпшіліктің ыстық ықыласына бөленді.
Ал «Күміс домбыра – 2025» байқауының иегері Бексұлтан Орынбасар сахна төрінде жүрекжарды арнауын ұсынды.
Қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Айдын Қайруллаев сөз алып, қала тұрғындарын Ұлыстың ұлы күнімен құттықтады.
– Ауқымды шараның басты мақсаты – қазақ халқының бай мәдени мұрасын дәріптеу, ұлттық киім үлгілерін кеңінен насихаттау, өскелең ұрпақтың бойында ұлттық құндылықтарға құрмет қалыптастыру, – делінген хабарламада.
Мерекелік шеру қала өнерпаздарының ән шашуымен жалғасты.
Ал Көкшетау қаласында 27 мектептің 1500 оқушысы бір мезетте «Бес асық» ұлттық ойынына қатысты.