Qazaq24.com, Aikyn.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып ақпарат бөліседі..
Reuters хабарламасына сүйенген Aikyn.kz Айға бағыт алған америкалық миссияның мақсатын талдайды.
NASA-ның Space Launch System (SLS) зымыран-тасығышы бортындағы Orion капсуласымен бірге Флорида штатындағы Кеннеди ғарыш орталығынан күн батар алдындағы сәтте ұшырылды. Бұл кезде Астанада 2 сәуір түнгі сағат 3 болатын.
Биіктігі 100 метрлік ғарыш аппараты қалың ақ бу бағанын артта қалдырып, ашық аспанға қарай гүрілдеп көтерілді. Үш америкалық және бір канадалық астронавт Жер маңындағы орбитаға көтерілді.
NASA әкімшісі Джаред Айзекман бұл ұшырылым болашақта ай базасын салуды қамтитын келесі миссиялардың бастамасы екенін айтқан. Егер миссия сәтті болса, NASA астронавттары Рид Уайзмен, Виктор Гловер және Кристина Кох, сондай-ақ Канаданың ғарыш агенттігінің астронавты Джереми Хансен шамамен 10 күндік экспедиция барысында Айды айналып ұшып, қайта оралады. Бұл сапар кезінде олар ғарыш кемесінің мүмкіндіктерін сынап, адамзат бұрын-соңды жетпеген терең ғарыш кеңістігіне барады.
Бұл миссия – «Артемида» бағдарламасы аясындағы алғашқы адам басқаратын ұзақ ұшу сынағы. Аталған бағдарлама – NASA-ның Қырғи-қабақ соғыс кезеңіндегі «Аполлон» жобасының мұрагері. Сонымен бірге бұл – соңғы 53 жылда астронавттарды Жер орбитасынан тыс, Ай маңына алып шыққан әлемдегі алғашқы миссия.
Осы жолғы ұшу – NASA-ның осы онжылдықтың соңында адамдарды Ай бетіне қондыруға арналған жоспарының басты дайындығы. Оған дейін Айды тағы бір пилотталатын миссия айналып өтуі тиіс. NASA «Артемида IV» миссиясын 2028 жылы аяқтауды жоспарлап отыр. Ол тарихта алғаш рет астронавттарды Айдың Оңтүстік полюсіне қондырмақшы. Осы арқылы АҚШ дәл сол аймаққа 2030 жылға қарай адам жіберуді көздеп отырған Қытайдан озып шығуға ұмтылуда.
Астронавттар соңғы рет Айға 1972 жылы, «Аполлон» бағдарламасының соңғы миссиясы кезінде қадам басқан. Әзірге бұл жетістікке тек АҚШ қана қол жеткізген.
Үш жылға жуық дайындықтан кейін бұл экипаж NASA-ның «Артемида» бағдарламасы аясында ұшқан алғашқы топ болды. Бұл – 2017 жылы құрылған, алдағы онжылдықта және одан кейін де АҚШ-тың Айда ұзақмерзімді болуын қамтамасыз етуге арналған, болашақ Марс миссияларына баспалдақ болуға тиіс миллиардтаған долларлық жоба.
Ұшырылымға бірнеше минут қалғанда, таяқша кәмпит пішіндес Orion капсуласының ішінде белдігін таққан канадалық астронавт Хансен Хьюстондағы басқару орталығына: «Бұл – Джереми, біз бүкіл адамзат үшін жолға шықтық», – деді.
Ұшырылым директоры Чарли Блэквелл-Томпсон: «Рид, Виктор, Кристина және Джереми, осы тарихи миссияда сіздер өздеріңізбен бірге «Артемида» командасының жүрегін, америкалық халықтың және бүкіл әлемдегі серіктестеріміздің батыл рухын, сондай-ақ жаңа буынның үміті мен арманын алып кетіп барасыздар. Сәттілік тілеймін, Құдай «Артемида II»-ні қолдасын. Алға!» – деді ол.
Ұшырылымнан бірнеше сағат өткен соң SLS зымыранының жоғарғы сатысы Lockheed Martin компаниясы жасаған Orion капсуласынан және оның қозғалтқыш модулінен сәтті ажырады. Бұдан кейін экипаж алғашқы сынақ тапсырмаларының біріне кірісті. Автоматтандырылған басқару жүйесі істен шыққан жағдайда кеменің маневр жасау қабілетін көрсету үшін олар аппаратты жоғарғы сатыда қолмен басқаруды бастады.
Сәрсенбідегі ұшырылым АҚШ ғарыш агенттігінің SLS зымыранын дайындаудағы маңызды белесі болды. Бұл дайындық он жылдан астам уақытқа созылды және жүйенің адамдарды ғарышқа қауіпсіз жеткізуге дайын екенін, негізгі мердігерлер Boeing және Northrop Grumman компанияларының кемесінің сенімділігін растау үшін керек.
Соңғы жылдары NASA астронавттарды Жердің төменгі орбитасына жеткізу үшін Илон Масктің SpaceX және басқа да компаниялардың жаңа әрі арзанырақ зымырандарына көбірек сүйене бастады. Artemis II ұшуының әзірге сәтті өтуі ғарыш агенттігі үшін жағымды жаңалыққа айналды. Былтыр Трамп әкімшілігі жүргізген федералдық қысқарту шаралары салдарынан NASA қызметкерлерінің шамамен 20%-ын жоғалтқан еді.
АҚШ президенті Дональд Трамп Иранмен соғысқа арналған ұлттық үндеуінде ұшырылым туралы: «Бұл – керемет. Олар жолға шықты, Құдай оларды қолдасын, олар – батыл адамдар. Осы төрт ғажап астронавтқа Құдай жар болсын», – деді.
Artemis II миссиясы аясында төрт адамнан тұратын экипаж шамамен 406 000 шақырым қашықтыққа ұшады. Бұл – адам баласы еңсерген ең алыс ғарыш сапары болмақ.Ғарыштағы ең алыс сапардың қазіргі рекорды шамамен 399 000 км құрайды. Ол 1970 жылғы «Аполлон-13» Ай миссиясының үш адамнан тұратын экипажына тиесілі. Бұл миссия оттегі багының жарылуынан кейін техникалық қиындықтарға ұшырап, жоспарланған Айға қонуды жүзеге асыра алмаған еді.
2022 жылы NASA өзінің алғашқы пилотсыз «Артемида» миссиясын ұшырып, Orion ғарыш кемесін Айды айналып өтетін ұқсас маршрутпен жіберіп, қайтып Жерге қондырды.
Artemis II бағдарламасы Orion ғарыш кемесі үшін де, SLS зымыраны үшін де әлдеқайда күрделі сынақ болмақ. Әр ұшырылымның 2-4 млрд долларға бағалануы бұл бағдарламаның ең көп сыналатын тұстарының бірі болып отыр.
Илон Масктің SpaceX және Джефф Безостың Blue Origin компаниялары NASA астронавттарын Ай бетіне жеткізу үшін қолданылатын қону модульдерін әзірлеуде өзара жарысып жатыр. Бастапқыда «Артемида III» агенттік аясындағы астронавттардың Айға алғашқы қону миссиясы болады деп жоспарланған еді. Алайда ақпан айында NASA-ның жаңа әкімшісі Джаред Айзекман қону миссиясының алдында қосымша тағы бір сынақ сапарын қосты.