Inform.KZ парақшасындағы деректерге сәйкес, Qazaq24.com ақпарат таратты..
Спикердің айтуынша, биыл 16 сәуірдегі жағдай бойынша Астана қаласының Психикалық денсаулық орталығында есірткіге тәуелділігі бар, диспансерлік есепте тұрған адамдар саны 10,7 пайызға азайып, өткен жылмен салыстырғанда 99 адамға кеміген. Қазіргі таңда есепте 822 адам тұр, оның ішінде төрт кәмелетке толмаған бар.
Сондай-ақ есірткіге тәуелділігі бар және алғаш рет есепке алынған адамдар саны 18,8 пайызға төмендеген. Биыл 13 жағдай тіркелсе, 2025 жылдың сәйкес кезеңінде 16 жағдай тіркелген. Олардың ішінде бес адам синтетикалық есірткі тұтынушысы болса, өткен жылы бұл көрсеткіш 11 адамды құраған.
– Психикалық денсаулық орталығында динамикалық бақылауда тұрған есірткіге тәуелділер санының азаюы көп жағдайда наркологиялық қызмет көрсетудің жеке секторда кеңеюімен байланысты. Бұл өз кезегінде пациенттердің бір бөлігінің жеке оңалту орталықтарына ауысуына әкелді, онда, әдетте, қысқа мерзімді медикаментоздық көмек көрсетіледі. Қазіргі уақытта қалада шамамен 30 жеке орталық жұмыс істейді, олардың саны да артып келеді. Мұндай емдеу тәжірибесі жасырын есірткіге тәуелді адамдар санының өсуіне себеп болады, олар көп жағдайда аурудың асқынған кезеңінде ғана анықталады, – деді ведомство өкілі.
Оның айтуынша, осы жылдың бірінші тоқсанында Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетімен бірлесіп жүргізілген тексерулер барысында осындай сегіз жеке оңалту орталығы анықталып, 2,7 млн теңгеге айыппұл салынған.
Айта кетейік, былтыр нашақорлық пен есірткі бизнесіне қарсы күрес жөніндегі кешенді жоспар қабылданды.