Tengrinews.KZ парақшасынан алынған ақпаратқа сәйкес, Qazaq24.com хабарлайды..
Қасым-Жомарт Тоқаев Қырғызстанда өткен VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының жеңімпаздары мен жүлдегерлерін марапаттады, деп хабарлайды Tengrinews.kz Ақордаға сілтеме жасап.
Тәуелсіздік сарайында өткен салтанатты жиында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев спортшылар мен бапкерлерді Көшпенділер ойындарындағы жарқын жеңістерімен құттықтап, олар Қазақстанның ұлттық спорттағы абырой-беделін дүние жүзіне паш еткенін атап өтті.
Фото: Ақорда баспасөз қызметі
"Әлемнің 100-ден астам елінен келген спортшылармен бәсекеге түсіп, көк байрағымызды биікке көтеру – нағыз ұлт перзенттеріне тән асыл қасиет. Ұлттық командамыз ел үмітін толығымен ақтады деп айтсақ, әділеттікке сай сөз болады. Мен Президент ретінде баршаңызға Отанымызға әкелген рухты жеңістеріңіз үшін шынайы ризашылығымды білдіремін. Сіздерге тұтас халқымыз жанкүйер, тілекші болды", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы ұлттық құраманың жалпы есепте бірінші орынға шыққанын ел мерейін өсірген елеулі жетістікке балады.
Фото: Ақорда баспасөз қызметі
"Сайыс қорытындысы бойынша спортшыларымыз 74 медаль еншіледі. Оның 32-сі – алтын жүлде. Осы тамаша жеңіс қазақтың рухы биік, жігері мықты, нағыз жеңімпаз ұлт екенін тағы бір мәрте айқын көрсетті. Жалпы, спорттың басты миссиясының бірі – өзара құрмет пен сыйластықты дәріптеу, халықтар достығын нығайту. Бұл дүбірлі дода жоғары деңгейде өтті. Сайыс нәтижелері әділ болды. Осыған орай, Қырғыз елінің Президентіне ризашылығымды білдіремін", – деді Мемлекет басшысы.
Қазақстан құрамасы Бішкекте (Қырғызстан) өткен VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының қорытынды медаль кестесінде көш бастады. Біздің спортшылар 32 алтын, 20 күміс және 22 қола жүлде жеңіп алды.
Фото: Ақорда баспасөз қызметі
Қасым-Жомарт Тоқаев Көшпенділер ойындарының мәртебесі – баршамыздың ортақ абыройымыз екенін атап өтті.
Еске сала кетейік, 6 қыркүйекте Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан ұлттық құрамасын VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында табысты өнер көрсетуімен құттықтаған болатын. Президент осынау жоғары нәтижеге спортшыларымыз тайсалмас табандылықтың, жанқиярлық еңбек пен мұқалмас ерік-жігердің арқасында жеткенін атап өтті.
Мемлекет басшысы чемпиондар мен жүлдегерлерге, бапкерлер құрамына және барша мамандарға шынайы ризашылығын жеткізіп, мұндай ерен жетістіктер Қазақстанның ұлттық спорт түрлері дамыған ел ретінде халықаралық беделін асқақтата түсетінін айтты. Қасым-Жомарт Тоқаев спортшыларымыздың ең беделді сайыстарда биік белестерді бағындыра беруіне тілектестік білдірді.
Бізді Google-дың негізгі дереккөздер тізіміне қосыңыз
Қосу