Inform.KZ парақшасындағы ақпаратқа сәйкес, Qazaq24.com хабар таратты..
Германия канцлері Фридрих Мерц жұма күні мәлімдегендей, G7 елдерінің жетеуінің алтауы АҚШ-тың Ресей мұнайына қатысты санкцияларды уақытша әлсірету туралы шешіміне қарсы шыққан. АҚШ президенті Дональд Трамп бұл қадамға әлемдік нарықтағы ұсынысты арттыру мақсатында барған. Мұндай жағдай АҚШ пен Израильдің Иранға қарсы 28 ақпанда басталған әскери іс-қимылдары салдарынан мұнай бағасының күрт өсуінен кейін болды.
НАТО құрамына кіретін Канада, Германия және Норвегия басшылары Ақ үймен байланыс арналары арқылы Трампты бұл шешімнен бас тартуға көндіруге тырысатынын мәлімдеді.
Үш ел альянстың ұстанымын тағы да растады: Украинадағы соғысқа және жаһандық қауіпсіздікке төнген кең ауқымды қатерге байланысты Кремльге барынша қысым көрсету жалғасуы тиіс.
— Жетеудің алтауы Ресейге қарсы санкцияларды алып тастамауымыз керек деген пікірді анық білдірді, – деді Мерц.
— Бүгін таңертең АҚШ үкіметінің басқа шешім қабылдағанын естігенде біз біраз таңғалдық, – деді канцлер Норвегияда өткен баспасөз конференциясында.
Көшбасшылар Ресейдің Украинаға қарсы кең ауқымды басқыншылығына байланысты Кремльге қысымды барынша күшейту қажет деген ортақ пікірге келді. Сондай-ақ олар Ресейдің әлемдік мұнай нарығына қайта оралуынан пайда көрмеуі керек екенін айтты.
— Бұл шешім дұрыс емес, өйткені одан Ресей пайда көреді, – деп атап өтті Мерц.
— Бұл сұмдық соғысты мүмкіндігінше тезірек тоқтату үшін Ресейге қысымды күшейтуіміз керек. Сондықтан кеше кешке Вашингтонда қабылданған шешімге біз басқаша қараймыз, – деді ол.
Баспасөз мәслихатында G7 немесе НАТО елдері Трамптан бұл шешімді қайта қарауды сұрай ма деген сұраққа Канада премьер-министрі Марк Карни:
— Бәріміздің АҚШ президентімен тікелей байланыс арналарымыз бар және біз оларды пайдаланамыз, – деп жауап берді.
Өз кезегінде Мерц Эммануэль Макронмен сөйлесіп, Трамптың жоспарын айналып өтудің жолдарын қарастыру мүмкіндігін талқылайтынын айтты.
— Демалыс күндері бір-бірімізбен сөйлесуге мүмкіндік болады. Не істеуге болатынын қараймыз, – деді ол.
Айта кетейік, Трамп ресейлік мұнайға салынған санкцияларды уақытша жеңілдетті. Бұған дейін АҚШ Ресей мұнайына қатысты санкцияларды жұмсартуды қарастырып жатқанын жаздық.