Qazaq24.com, Inform.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып жаңалық жариялады..
Наурыздың қайта оралуы
Қазақ халқы үшін Наурыз – көктемгі жаңаруды, береке мен жаңа өмірдің бастауын білдіретін ерекше мейрам. Десе де бүгінгі мейрам бұрынғымен салыстырғанда талай өзгерісті бастан өткерген.
Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының профессоры, тарих ғылымдарының кандидаты Ақсұңқар Абдулинаның айтуынша, Қазақстанда Наурызды қайта жаңғырту процесі 1980-жылдардың соңында басталып, бірқатар маңызды тарихи шешімдермен байланысты болды.
Фото: Ақсұңқар Абдулинаның жеке архивінен— Наурыз мерекесінің қайта жандануына белгілі мемлекет қайраткері, Қазақ КСР-інің мәдениет министрі Өзбекәлі Жәнібеков сүбелі үлес қосты. Ол 1988 жылы 22 наурызда Наурыз мейрамын атап өту бастамасын көтерді. Ал дәстүрлі мейрамға ресми мәртебе Қазақ КСР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жарлығымен берілді. 2001 жылы Наурыз мемлекеттік мейрам болып жарияланды, ал 2009 жылдан 21, 22 және 23 наурыз күндері қатарынан үш күн атап өтіле бастады. 2010 жылы БҰҰ Бас Ассамблеясының 64-сессиясында 21 наурыз Халықаралық Наурыз күні болып жарияланып, мереке халықаралық деңгейде мойындалды, — дейді тарихшы Ақсұңқар Абдулина.
Профессордың айтуынша, Қазан төңкерісіне дейін Наурыз ресми мәртебеге ие болмағанымен, халық үшін қасиетті әрі маңызды мереке болған. Ол табиғаттың жаңаруымен және ата-баба дәстүрімен тығыз байланысты күнтізбелік мейрам саналған.
— Бұрын Наурызды ауыл тұрғындары төрт көзі түгел жиналып, бірлесе тойлайтын. Ал қазіргі кезде мерекелік шаралар көбіне қалаларда өтіп, көпшілік қатысатын ауқымды іс-шараларға айналды, — дейді ол.
Сарапшының айтуынша, қазіргі Наурыз этнофестивальдер, тарихи реконструкциялар мен театрландырылған қойылымдар сияқты жаңа элементтермен толыққан. Ал бұрын мұндай формат болмаған.
Десе де мейрамның негізгі мазмұны өзгерген жоқ. Көктемгі жаңару идеясы, қазыналы қарттардың батасы, той-думан, дастарқан жайып, қонақ күту дәстүрі сақталған. Бәйге, көкпар, күрес, айтыс сияқты ұлттық ойындар да әлі күнге дейін өткізіледі. Наурызкөже әзірлеу мен ортақ дастарқан басына жиналу дәстүрі де жалғасып келеді.
Наурыз дәстүрлері қалай өзгерді
Тәуелсіздік жылдары мейрамды атап өтудегі өзгерістердің бірі — оның ұзақтығы болды. 2024 жылға дейін Наурыз көбіне 1-2 күн ғана тойланатын. Ал қазір еліміздің әр өңіріндегі дәстүрлерді қамтитын Наурызнама онкүндігі қайта жаңғыртылды.
— Мысалы, Батыс Қазақстанда ежелден тойланатын Амал мерекесі немесе Көрісу күні жалпыұлттық мерекелік күнтізбеге енгізілді. 14 наурыз — Көрісу күні. Ежелгі күнтізбе бойынша дәл осы күні көктемнің үшінші айы — Амал басталған. Бұл күні адамдар бір-біріне қонаққа барып, көктемнің келуімен құттықтап, амандық сұрасқан. Көшпелі өмір салтын ұстанған халық үшін ұзақ қыстан аман шыққанын білу өте маңызды болған, — дейді тарихшы.
Қазан төңкерісіне дейін Наурыз Қазақстанның барлық өңірінде атап өтілетін. Мейрам дайындық пен тазалықтан басталған. Адамдар үйлері мен аулаларын тазалап, дастарқанды түрлі тағаммен әрлеп, туыстарын аралап, бір-біріне дәм ұсынған.
Сондай-ақ тазарту рәсімдері өткізілген — от жағылып, мал мен үй-жайға су себілген. Бозара таң атқанда ауыл тұрғындары күнге тағзым ету үшін далаға шығып, бұлақ көздерін тазалап, ағаш отырғызған. Негізгі мерекелік шаралар 22 наурызда өткен.
Бұл күні дастарқанға қазы-қарта, бауырсақ, тәттілер қойылып, міндетті түрде жеті түрлі дәмнен әзірленетін Наурызкөже дайындалған. Жеті саны қазақ дәстүрінде ерекше мәнге ие. Адамдар жеті үйге кіріп, жеті қонақ шақыруға тырысқан. Бір-бірін «Наурыз құтты болсын!» және «Көктем туды!» деп құттықтаған.
Мереке айтыс, ән мен ұлттық ойындармен жалғасқан. Бәйге, көкпар, аударыспақ, қыз қуу сияқты жарыстар ұйымдастырылған. Соңында ақсақалдар жастарға бата беріп, мереке бірнеше күн бойы көрші ауылдарға қонаққа барумен жалғасқан.
Ақсұңқар Абдулинаның айтуынша, қазіргі уақытта ежелгі дәуірдегі кейбір ғұрыптар біртіндеп қолданыстан шығып қалған.
— Бұрынғы замандағы күнге тағзым ету, табиғатқа табыну сияқты Исламға дейінгі сенімдермен байланысты рәсімдер бүгінде сирек кездеседі. Қазір адамдар таң ата далаға шығып, күнге құрмет көрсету немесе арықтарды тазарту сияқты әрекеттерді көп жасай бермейді. Мұндай шаралар кейде жергілікті әкімдіктер ұйымдастыратын сенбіліктер аясында ғана өткізіледі. Сонымен қатар барлық елді мекенде ат жарысы сияқты ұлттық ойындарды кең көлемде өткізу мүмкін емес, — дейді ол.
Қалалық өмір салты да мерекенің форматына өзгеріс енгізді. Бүгінде Наурыз концерттер, фестивальдер мен халықтық серуендер арқылы кең көлемде атап өтіледі. Бұл әсіресе жастар мен шаһар тұрғындарының ұлттық дәстүрлерге қызығушылығын арттыруға мүмкіндік береді.
Сарапшы өз сөзінде мерекенің мазмұнын сақтаудың маңызы зор екенін жеткізді.
— Наурыздың негізгі құндылықтары өзгермейді. Олар — жаңару мен татуласу идеясы, бір-бірін құттықтау, наурызкөже ұсыну, қарттарды құрметтеу, мұқтаж жандарға көмектесу, ұлттық ойындар мен салт-дәстүрлерді жаңғырту. Егер осы құндылықтар сақталып, заманауи мерекелік бағдарламалармен үйлесімді ұштасса, онда бұқаралық іс-шаралар Наурызды өз тамырынан алыстатпайды. Керісінше оны қазіргі қоғамда жаңа деңгейде танытуға мүмкіндік береді, — деді Ақсұңқар Абдулина.
Наурыз – ұлттық бірегейліктің көрінісі
Қазақстан халқы Ассамблеясының ғылыми-сараптамалық тобының мүшесі, тарих ғылымдарының кандидаты Айбек Шалғымбековтің айтуынша, 1990-жылдары Наурыз мейрамы алғаш рет қайта тойлана бастағанда бүгінгіден өзгеше болған.
Ол кезде мейрам қоғамға енді ғана оралып, көп жағдайда сәндік сипатта ғана өткен.
Фото: Дарья Аверченко /Kazinform— Алғашқы мерекелік шаралар көбіне декоративті сипатта болды. Қалаларда жаппай шерулер, театрландырылған көріністер қойылған. Әсіресе солтүстік өңірлерде бұл талай адам үшін жаңа құбылыс еді. Бірақ уақыт өте келе Наурыз ірі қалалардағы халықты біріктіретін нағыз ұлттық мейрамға айналды, — дейді Айбек Шалғымбеков.
Оның айтуынша, Наурызды тойлаудың алғашқы жылдарында кейде халық арасында формалды көзқарас та байқалған.
— 1990-жылдардың басында мерекелік іс-шаралардың жүргізушісі болған кездерім есімде. Кейде бәрі сценарий бойынша ғана өтіп, халықтың қабылдауы басқалай болатын. Бірақ уақыт өте келе бұл мереке шын мәнінде көптен күтілетін мейрамға айналды, — дейді ол.
Сарапшының пікірінше, дәстүрдің нығаюына ұрпақ алмасуы ықпал етті. Бүгінгі жастар тәуелсіз Қазақстан жағдайында өсіп, бұл мейрамды өмірдің табиғи бір бөлігі ретінде қабылдайды.
— Бүгінде халықтың едәуір бөлігін жастар құрайды. Статистикаға сәйкес, тұрғындардың шамамен 60 пайызы – 30 жасқа дейінгі адамдар. Олар осы ортада өсіп, Наурызды бала кезінен көріп келеді. Сондықтан бұл мейрам олар үшін жасанды нәрсе емес, — деді Айбек Шалғымбеков.
Тарихшының айтуынша, соңғы онжылдықтарда Наурыз толық қалыптасып, елдің мәдени бірегейлігінің ажырамас бөлігіне айналды. Сонымен қатар мерекенің тарихи тамыры үлкен буынның жадында әрдайым сақталып келген.
— Мен 60-жылдары туған буынға жатамын. Біз бала кезімізде бұл мерекені көрген жоқпыз. Бірақ ата-аналарымыздың буыны, яғни 1920-жылдары туған жандар бұл дәстүрлерді жақсы білетін әрі сақтап келген. Соның арқасында талай игі дәстүр кейінгі ұрпаққа жетті, — деді Айбек Шалғымбеков.
Оның айтуынша, бүгінде Наурыз Қазақстанның ұлттық бірегейлігін қалыптастыратын маңызды элементтердің біріне айналып отыр. Соңғы жылдары ұлттық мәдениеттің кейбір дәстүрлі элементтері – ұлттық киім, ұлттық тағамдар мен қазақы салт-дәстүрлер қайта жаңғырып келеді.
— Қазір ұлттық киімге деген қызығушылық артқан. Ұлттық киім күні сияқты шаралар да өткізіліп жүр. Ұлттық тағамдарға да қызығушылық көбейді. Жастар мұның бәрін табиғи құбылыс ретінде қабылдайды, — деді ол.
Сарапшының пікірінше, болашақта Наурыз мейрамы одан әрі дамып, жаңа технологиялар, соның ішінде жасанды интеллект мүмкіндіктері де кәдеге жаратылуы ықтимал.
Еске салсақ, осыған дейін Астанада «Шаңырақ күні» қандай іс-шаралар өтетіндігі хабарланған.