Наурыз онкүндігінде ақтөбелік жыршылар тәулік бойы жырлайды

14.03.2026

Qazaq24.com, Inform.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып түсініктеме береді..

Ақтөбе облысында 14-23 наурыз күндері аралығында 700 мың көрерменді қамтитын 1 600 шара ұйымдастырылады. Ең ауқымдысы 16-наурызда басталып, 17-наурызға дейін жалғасады. Бұл күні «Ер Едіге» жыр мектебінің тәрбиеленушілері Ақтөбе облыстық халық шығармашылығы орталығында «Қырымның қырық батыры» атты жыраулар сағатын өткізеді. ​

– Жыршы-жыраулар 24 сағат бойы үздіксіз жырлайды. Сөйтіп көне салт-дәстүрімізді жаңғыртпақ. Жыршылар 16-наурыз сағат 11:00-ден бастап, 17 наурыз сағат 11:00-ге дейін тәулік бойы жырлайды. Ресми түрде Дүниежүзілік рекордтар кітабына тіркеу жоспарланып отыр, - деді Ақтөбе облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Алтынай Юнисова.

«Ер Едіге» жыр мектебінің жетекшісі Әділбек Сариннің айтуынша, бұл күні 33 оқушы мен 2 мұғалім жыр айтады. Олардың бірі 4-5 сағат, тағы бірі 15-20 минут жырлайды.

– Жүз жылдықта бір тәулік жырлап, таспаған түсірген дегенді естімедім. Біз дәл осыны қолға алдық. Гиннесс рекордтар кітабының өкілі келеді. Екі жылдан соң 48, үш жылдан соң 72 сағатқа жаңартқымыз келеді. Бұл жолы балалар үшін тамақтану, жатын орын қарастырылған, - деді Әділбек Сарин.

Сонымен бірге Ғ.Жұбанова атындағы филармонияның шығармашылық ұжымдары арасында «SAUKELE - 2026» байқауы, орталық алаң сахнасында «Dastur-fest» фестивалі өтеді. Ұлттық киім күні аясында «Ұлттық киім - ұлт айнасы» байқауы, ұлттық киім шеруі ұйымдастырылады. 22-наурызда «Наурыз – жарқын жыл басы» мәдени-көпшілік шарасы өтеді.

– Наурызда қаладағы 26 алаңда 52 киіз үй тігіліп, ұлттық нақышта безендіріледі. Шаһардағы алаңдарда 1,5 тонна көже, 1 тонна бауырсақ және 2,5 тонна палау сатылымға шығарылады, - деді Ақтөбе облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Алтынай Юнисова.

Айта кетейік, бүгін – Амал мерекесі. Амал мерекесі республикалық дәрежеде қайта жанданды, ұлттық мерекеге айналды. Көрісу салты, қара шаңырақ ұғымы, қара қазаннан дәм тату дәстүрі жаңғырып, қалыптасты.

Жағдайды бақылауды жалғастырыңыз, Qazaq24.com әрқашан ең жаңа жаңалықтарды ұсынады.
Читать полностью