Qazaq24.com, Sputnik.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып түсініктеме береді..
АСТАНА, 15 наурыз – Sputnik. 15 наурызда Қазақстанда жалпыұлттық Наурызнама онкүндігінің екінші күні – Қайырымдылық күні аталып өтеді, деп хабарлайды мәдениет және ақпарат министрлігі.
Бұл күн мейірім мен жанашырлықты, мұқтаж жандарға қолдау көрсетуді және қоғамда игі істер мәдениетін нығайтуды дәріптеуге арналады.
"Бұл күні республикалық мәдениет ұйымдары түрлі қайырымдылық және мәдени іс-шаралар ұйымдастырады. Ұлттық музейде "Наурызым мерекем – Наурызым берекем!" атты қайырымдылық акциясы өтеді. Сонымен қатар Ұлттық музей Астана қаласында "Жүректен жүрекке" акциясын өткізеді. Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театрында Алматы қалалық ардагерлер кеңесінің зейнеткерлері мен көпбалалы аналар қоғамының өкілдері үшін Жорж Бизенің "Інжу іздеушілер" операсын тегін тамашалау ұйымдастырылады", - дейді министрлік.
Қайырымдылық бастамалар мен мерекелік іс-шаралар елордада, Алматы қаласында және өңірлерде де жалғасады. Астана қаласында "Он игі іс" акциясы өтеді. Оның аясында елордалық кәсіпкерлер қала тұрғындарына арналған түрлі қайырымдылық шараларын ұйымдастырады. Ақмола облысында "Жақсылық жасауға асығайық!" және "Жүректен жүрекке" атты акциялар өткізіліп, әлеуметтік тұрғыдан осал топтарға көмек көрсетіледі. Атырау облысында жалғызбасты азаматтарды, көпбалалы отбасыларды және өмірлік қиын жағдайға тап болған адамдарды қолдауға бағытталған "Игі істер марафоны" мен "Жүректен жүрекке" қайырымдылық бастамалары ұйымдастырылады.