Наурызнама және ұлттық мәдениет: дәстүр қалай сақталып келеді?

16.03.2026

Aikyn.KZ парақшасынан алынған ақпаратқа сәйкес, Qazaq24.com хабарлайды..

Наурыз қазақ қоғамында жай ғана мереке емес, жыл басымен бірге қоғамдық қатынастарды, мәдени дағдыларды, ортақ құндылықтарды қайта жаңғыртатын кезең ретінде орныққан. Қазір бұл мейрам бұрынғыдай бір күнмен шектелмей, Наурызнама аясында бірнеше күнге жалғасатын мазмұнды мерекелік форматқа өтті. 2026 жылғы Наурызнамада да әр күнге жеке тақырып беріліп, ұлттық өмірдің әр қырына арнайы назар аударылып отыр. Соның бірі – бүгінгі Мәдениет және ұлттық салт-дәстүр күні. Бұл күн тек мерекелік шара өткізу үшін емес, халық тұрмысында бұрын қандай мәдени үлгілер болғанын, олардың бүгін қандай сипатта сақталып отырғанын қайта қарап шығуға мүмкіндік береді.

Қазақ мәдениеті туралы сөз болғанда оны тек ән-күймен немесе мерекелік көрініспен шектеу жеткіліксіз. Ұлттық мәдениетке салт-дәстүр де, тағам да, киім де, қолөнер де, күнделікті қарым-қатынас әдебі де кіреді. Олардың әрқайсысы бұрын қоғамда нақты қызмет атқарған: бірі тәрбие құралы болды, бірі әлеуметтік қатынасты реттеді, бірі тұрмыстық қажеттілікті өтеді. Қазір сол мәдени элементтердің бір бөлігі табиғи ортасында сақталса, енді бірі сахналық, музейлік не мерекелік форматта көрініп жүр. Осы мақалада біз Наурыз аясындағы мәдениет пен салт-дәстүр тақырыбына осы қырынан тоқталып, бұрынғы және бүгінгі сипаттарын салыстыра қарастырып көрмекпіз.

Музыкалық мәдениет. Қазақ қоғамында музыка жеке өнер саласы ретінде емес, күнделікті өмірдің бір бөлігі ретінде қалыптасты. Ән мен күй белгілі бір ортада, нақты жағдайда орындалды. Ән мен күй байырғы ауылдың бір бөлшегі болса, үлкен жиындарда жыршы-жыраулар тарихи оқиғаларды жырмен жеткізді. Ән айту мен күй тарту арнайы сахнаға байланбай, тұрмысқа табиғи түрде енді. Сондықтан қазақтың музыкалық мәдениеті көбіне орындаушы мен тыңдаушының тікелей қарым-қатынасына құрылған.

Наурыз мерекесінде де музыка дәл осындай ортада орындалған. Ауыл адамдары жиналған жерде домбыра қолға алынып, халық әндері айтылған, күй тартылған. Өз аймақтарына сай шығармалар да ойланып отырған. Бұл күйлер мерекелік көңіл күйге де, көпшілік басқосуға да лайық болғандықтан, жиі орындалды.

ХХ ғасырдың соңында, яғни Наурыз ресми түрде қайта жаңданғанан бастап музыкалық мәдениеттің формасы өзгере бастады. Радио, кейін теледидар арқылы ән мен күй кең аудиторияға тарады. Мысалы, Қазақ радиосындағы концерттік жазбалар, дәстүрлі әншілер мен күйшілердің орындаулары көптеген адам  үшін негізгі тыңдау көзіне айналды. Осы кезеңде орындаушылық мектептер қалыптасып, белгілі күйшілердің стилі кеңінен танылды.

Бүгінде музыкалық мәдениет екі бағытта өмір сүріп келеді. Бір жағынан, дәстүрлі орындаудың сақталуына арналған жақын орта. Бұл кішігірім отырыстар, байырғы дәстүрмен әңгіме мен күй қатар жүретін шағын жиындар. Екінші жағынан, ұлттық музыка концерттік сахнаға және фестивальға шықты. Наурыз мерекесінде алаңдарда күй тарту, домбыра ансамбльдерінің өнер көрсетуі, халық әндерін орындау сияқты бағдарламалар ұйымдастырылады. Осылайша, бұрынғы тұрмыстық музыкалық орта мен қазіргі сахналық мәдениет қатар өмір сүріп, бір-бірін толықтырып келеді.

Ұлттық тағам мәдениеті. Қазақ қоғамында тағам тек тамақтану қажеттілігін өтеу құралы емес, әлеуметтік қатынастың бір бөлігі болды. Үйге келген қонақты ас беріп қарсы алу, үлкен дастарқан жаю, тағамды бөлісу – бәрі де адамдар арасындағы сыйластықтың белгісі ретінде қалыптасты. Дастарқан басында отбасы мүшелері ғана емес, көрші-қолаң, жолаушы, туыс-жақын да жиналатын. Сондықтан қазақ тұрмысында тағам мәдениеті қонақжайлықпен тығыз байланысты болды.

Наурыз мерекесінде бұл дәстүр ерекше көрінеді. Мерекенің басты тағамы – наурызкөже. Оның құрамына әдетте жеті түрлі дәм қосылады: су, ет, тұз, май, тары немесе бидай, айран, кейде күріш немесе басқа дән. Әр аймақта көженің жасалу тәсілі әртүрлі болғанымен, негізгі мағынасы өзгермейді – бұл жаңа жылдың басталуын, молшылық пен бірлікті білдіретін тағам. 

Бұрынғы қазақ ауылында мерекелік дастарқанда ет тағамдары негізгі орын алды. Қазы, қарта, жал-жая, сүр ет сияқты тағамдар арнайы сақталып, үлкен жиындарға арналған. Сонымен қатар бауырсақ, шелпек, құрт, ірімшік сияқты тағамдар да дастарқанның тұрақты бөлігі болды. Бұл тағамдардың көбі ұзақ сақталатындықтан, көшпелі өмір салтына да бейімделген.

Қазіргі уақытта ұлттық тағам мәдениеті жаңа жағдайда дамып келеді.  Үлкен қалаларда ұлттық асхананы ұсынатын арнайы мейрамханалар ашылып,  түрлі дәстүрлі тағамдар ұсынылады. Мұндай орындарда ұлттық тағамды тек мереке кезінде ғана емес, кез келген уақытта дәмін татуға мүмкіндік бар.

Сонымен қатар соңғы жылдары ұлттық тағамдарды зерттеу, оларды қайта жаңғырту жұмыстары да күшейіп келеді. Аспаздар мен зерттеушілер ескі рецептерді жинап, кейбір тағамдарды қазіргі жағдайға бейімдеп ұсынып жүр. Мерекелік алаңдарда немесе мәдени шараларда түрлі ұлттық тағамдар дайындалып, келушілерге таныстырылады. Осылайша, қазақтың тағам мәдениеті тек ет пен наурызкөжемен шектелмей, дәстүрлі ас түрлерінің кең ауқымын қамтитын мәдени мұра ретінде қайта назарға алынып отыр.

Ұлттық киім мәдениеті. Қазақ қоғамында киім тек тұрмыстық қажеттілік емес, адамның жасын, әлеуметтік орнын, тіпті белгілі бір ортаға тиесілігін көрсететін белгі болған. Әрбір киімнің өз қызметі мен мағынасы бар. Мысалы, камзол, шапан, сәукеле, тақия, бөрік сияқты киімдер адамның жынысына, жасына және жағдайына қарай таңдалған. Киімнің матасы, түсі, әшекейі де кездейсоқ қолданылмаған.

Бұрын ауыл өмірінде ұлттық киім күнделікті тұрмыстың бір бөлігі болды дегенді әдебиеттерден, түрлі жазбалардан оқимыз. Ер адамдар шапан, бешпент, тақия кисе, әйелдер камзол, көйлек, кимешек киген. Мысалы, кимешек көбіне тұрмысқа шыққан әйелдердің баскиімі саналды. Ал сәукеле ұзатылатын қыздың арнайы тойлық баскиімі болды. Осындай киім элементтері арқылы адамның әлеуметтік жағдайын бірден ажыратуға болатын.

Киімде ою-өрнектің де маңызы зор. Қазақтың «қошқар мүйіз», «түйе табан», «сыңар мүйіз» сияқты өрнектері тек сән үшін емес, белгілі бір символдық мағынамен байланысты болды. Мысалы, қошқар мүйіз өрнегі молшылық пен берекені білдіреді деп есептелген. Сондықтан ол киімде, кілемде, тұрмыстық бұйымдарда жиі қолданылған.

Соңғы жылдары ұлттық киімге деген қызығушылық қайта артып келеді. Бұрын күнделікті тұрмыста сирек қолданылған ұлттық элементтер қазір заманауи стильмен үйлесіп, қайтадан өмірімізге ене бастады. Мысалы, киімге ою-өрнек тағу кең таралған үрдіске айналды, жеңіл шапандарды көптеген дүкеннен сатып алуға болады. Сонымен қатар тақияның қыздарға да, ұлдарға да арналған түрлі үлгілері пайда болып, оларды күнделікті киіммен бірге киетіндер көбейіп келеді. Осылайша, ұлттық киім қазіргі сәнмен үйлесіп, жаңа сипатта қазақ қоғамының тұрмысына қайта оралып жатқанын байқауға болады.

Қолөнер және тұрмыстық мәдениет. Қазақ қоғамында қолөнер тұрмыстың ажырамас бөлігі болды. Киіз үйдің жабдықтары, тұрмыстық бұйымдар, киім-кешек пен әшекейлердің көпшілігі қолмен жасалды. Әсіресе,  киіз басу, текемет, сырмақ тігу, ағаштан ыдыс-аяқ жасау, зергерлік бұйымдар дайындау сияқты кәсіптер кең тараған. Бұл жұмыстардың көпшілігі белгілі бір отбасының немесе ауыл шеберлерінің тәжірибесі арқылы ұрпақтан-ұрпаққа беріліп отырды.

Мысалы, киіз үйдің ішкі жабдықтары түгел дерлік қолдан жасалған. Текемет пен сырмақ төсеніш ретінде қолданылса, тұскиіз үйдің ішкі қабырғасын сәндеу үшін ілінген. Ағаш шеберлері сандық, кебеже, астау, ожау сияқты тұрмыстық бұйымдарды дайындаған. Бұл заттар тек тұрмыстық қажеттілік емес, сонымен бірге шебердің қолтаңбасын көрсететін мәдени элементке айналды.

Қолөнер бұйымдарында ою-өрнек кең қолданылды. Мысалы, текемет пен сырмақта қошқар мүйіз, түйе табан, сыңар мүйіз өрнектері кездеседі. Зергерлік бұйымдарда күміс көп қолданылып, алқа, білезік, сырға сияқты әшекейлер жасалған. Әсіресе, қыздардың әшекейлері әдемілікпен қатар белгілі бір қорғаныштық мәнге де ие деп есептелген.

Бүгінде бұл қолөнер дәстүрі мәдени мұра ретінде сақталып келеді. Наурыз мерекесінде ұлттық қолөнер көрмелері ұйымдастырылып, шеберлер текемет басу, сырмақ тігу, зергерлік бұйым жасау сияқты жұмыстарды көпшілікке көрсетеді. Кейбір шеберлер дәстүрлі тәсілдерді сақтай отырып, қазіргі тұрмысқа бейімделген бұйымдар да шығарады. Осылайша, бұрын тұрмыстық қажеттілік болған қолөнер бүгін мәдени және көркем мұра ретінде өмір сүріп отыр.

Соңғы жылдары Наурыз мерекесін өткізу форматы өзгеріп, оның мазмұны да кеңейе түсті. Мүлдем тұрмыстан жойылған мереке, қазір қала алаңдарында, мәдени орталықтарда, оқу орындарында түрлі шаралар ұйымдастырылады. Ұлттық ойындар, қолөнер көрмелері, дәстүрлі музыка концерттері сияқты бағдарламалар арқылы мәдени элементтер көпшілікке қайта таныстырылып жүр. Қалалық ортада өмір салты өзгергенімен, кейбір дәстүрлер сақталып келеді. Мысалы, Наурыз күні көрісу, үлкендерден бата алу, көршілерге қонаққа бару сияқты әрекеттер әлі де кездеседі. Кей отбасылар арнайы наурызкөже пісіріп, туыс-жақындарды шақырады. Мұндай шағын дәстүрлер үлкен мерекелік шаралардан бөлек, мәдениеттің табиғи түрде жалғасуына әсер етеді.

Наурызнамадағы Мәдениет және ұлттық салт-дәстүр күні – ұлттық мәдениеттің үзілмей жалғасып келе жатқанын еске салатын күндердің бірі. Салт-дәстүр, музыка, тағам, киім және қолөнер сияқты мәдени элементтер тек өткеннің мұрасы емес, бүгінгі қоғамда да өз орнын сақтап отыр. Наурыз мерекесі осы құндылықтарды қайта назарға алып, олардың маңызын түсінуге мүмкіндік береді. Мұндай күндер ұлттық мәдениетті күнделікті өмірмен байланыстырып, оны келесі ұрпаққа жеткізудің бір жолына айналып отыр.

Назар аударыңыз: Бұл мақала авторлық құқықпен қорғалған. Мәтіннің толық нұсқасын көшіру, тарату немесе басқа басылымдарға жариялағанда авторы көрсетіп,  Аikyn.kz  сайтына   белсенді  гиперсілтеме беру міндетті. Мақаланың жекелеген бөліктерін пайдаланғанда да осы талап сақталуы тиіс.

Жағдайды бақылауды жалғастырыңыз, Qazaq24.com әрқашан ең жаңа жаңалықтарды ұсынады.
Читать полностью