Navai дің соттылығы бола ма және ол Қазақстанға қашан орала алады, адвокат айтып берді

20.10.2026

Tengrinews.KZ парақшасынан алынған ақпаратқа сүйене отырып, Qazaq24.com хабарлама жасады..

Ресейлік рэпер Navai-ға қатысты қылмыстық іс ақталмайтын негіздер бойынша тоқтатылып, әртістің өзі Қазақстаннан шығарылды. Бұл әншінің соттылығы бар екенін білдіре ме, ол елге қайта келе ала ма және істің тоқтатылуы неге ақтаумен тең емес екенін Tengrinews.kz тілшісі анықтап көрді.

Істің тоқтатылуы неге Navai-дың ақталғанын білдірмейді?

Адвокат Абзал Қасымжановтың айтуынша, Navai-ға қатысты іс ақталмайтын негіз бойынша - шын өкінуіне байланысты тоқтатылған. Яғни, әнші ақталған жоқ, тек қылмыстық жауаптылықтан босатылды.

Істің тоқтатылуының өзі күдіктің қате болғанын немесе заң бұзушылықтың болмағанын білдірмейді.

Шын өкіну жағдайында оқиғаның мән-жайы мен адамның содан кейінгі іс-әрекеті ескеріледі.

"Сондықтан Navai ақталды деу орынсыз. Сонымен қатар істің тоқтатылуы айыптау үкімін алмастырмайды. Полиция хабарламасына сүйеніп, оның кінәсі сот үкімімен анықталды деп айтуға да болмайды. Бұл ретте, шын өкіну жағдайында тек "кешіріңіз" деген сөз жеткіліксіз. Қылмыстық кодекстің 65-бабында адамның жеке басын бағалау, кінәсін мойындап келуі, құқық бұзушылықты ашуға және тергеуге көмектесуі, келтірілген зиянның орнын толтыруы қарастырылған. Navai-дың нақты қандай әрекеттері ескерілгені полиция хабарламасында көрсетілмеген".

Абзал Қасымжанов

Алматы қалалық адвокаттар алқасының адвокаты

Полиция Navai-дың заңды алғаш рет бұзғанын атап өтті. Адвокат бұған қатысты былай деді:

"Заңда "бірінші рет кешіріледі" деген ереже жоқ. Істің тоқтатылуы - тергеуге алғаш түскен әрбір адам үшін кепілдік емес, тек мүмкін болатын нәтиже. Бірқатар қылмыстар үшін шектеулер бар. Әртістің танымалдылығы да істі тоқтатуға заңды негіз бола алмайды".

Іс тоқтатылғаннан кейін әншінің соттылығы болады ма?

Адвокаттың түсіндіруінше, әншінің соттылығы жоқ. Егер іс сотқа дейін тоқтатылып, айыптау үкімі шықпаса, соттылық туындамайды.

Дегенмен, әртістің қылмыстық іс бойынша өткені туралы мәліметтер мемлекеттік базаларда қалуы мүмкін. Ал соттылықтың болмауы Navai Қазақстанға кедергісіз орала алады дегенді білдірмейді: елден шығару және онымен байланысты шектеулер бөлек қарастырылады.

Іс тоқтатылғаннан кейін әнші неге Қазақстаннан шығарылды?

Бұл екі бөлек мәселе: қылмыстық жауаптылық және елде болу құқығы.

Тіпті қылмыстық іс тоқтатылса да, егер заңды негіздер болса, шетелдікті Қазақстаннан шығарып жіберуі мүмкін. Мысалы, егер ол ел заңнамасын бұзса немесе оның болуы қалаусыз деп танылса, деп түсіндірді Қасымжанов. Елден шығару туралы шешімді сот қабылдайды.

Navai қашан орала алады?

Егер әнші сот шешімімен елден шығарылса, оған Қазақстанға келуге бес жылға тыйым салынуы мүмкін. Бұл мерзім ұсталған немесе қылмыстық іс тоқтатылған сәттен емес, елден шығару туралы шешім орындалған күннен бастап есептеледі.

Сондықтан, адвокаттың айтуынша, Navai-дың қашан орала алатынын нақты анықтау үшін елден шығару туралы шешімнің орындалған күнін білу қажет. Жарияланған хабарламаларда бұл ақпарат нақтыланбаған.

Қылмыстық істің тоқтатылуына шағым түсіруге бола ма?

Иә. Егер әнші шын өкінуіне байланысты істің тоқтатылуымен келіспесе, ол мұндай шешімге қарсылық білдіре алар еді. Ондай жағдайда тергеу әдеттегі тәртіппен жалғасар еді. Егер қаулы шығып қойса, оған шағымдануға болады, деп атап өтті адвокат.

Бұл ретте келіспеушіліктің өзі әншінің ақталатынын білдірмейді. Ол үшін заңды негіздер қажет.

"Мысалы, адам: "Мен құқық бұзушылық жасаған жоқпын және мұның мойындалуына қол жеткізгім келеді" деп айтуы мүмкін. Заң оған шын өкінуге байланысты істі тоқтатуға қарсылық білдіру құқығын береді. Шешім қабылданғанға дейін оған тоқтату негізі, салдары және қарсылық білдіру құқығы түсіндірілуі тиіс", – деп түсіндірді Абзал Қасымжанов.

Рэперге қатысты іс қашан тоқтатылды?

20 қазанда Қазақстанда есірткі контрабандасы күдігімен ұсталған ресейлік әнші Navai-ға қатысты істің "ақталмайтын негіздер" бойынша тоқтатылғаны белгілі болды. Әнші Қазақстаннан шығарылды.

Navai-дың ұсталуы туралы не белгілі?

14 қазанда Қазақстанда шетелдік орындаушы Navai-дың ұсталғаны белгілі болды. Полиция мәліметінше, әнші 13 қазанда "Қордай" шекара бекетінде ұсталған. Операцияны полицейлер шекарашылармен бірлесіп жүргізді.

Бакиров мінген автокөлікті тексеру кезінде есірткі заты табылып, тәркіленді. Есірткі заттарының контрабандасына оқталу күдігі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.

Әнші уақытша ұстау изоляторына қамалды. Кейін сот оны екі айға қамауға алуды санкциялады.

14 қазанда Астанада Navai-дың концерті өтуі керек еді. Алайда іс-шара тоқтатылды немесе белгісіз мерзімге ауыстырылды. Ұйымдастырушылар мұны техникалық себептермен түсіндірді.

Наваи Бакиров (Navai) – шығу тегі әзербайжандық танымал ресейлік рэпер және әнші, HammAli & Navai дуэтінің мүшесі, сондай-ақ жеке хиттердің ("Пустите меня на танцпол", "Прятки", "Девочка-война") авторы ретінде танымал. Әншінің Jah Khalib сияқты қазақстандық әртістермен бірлескен жобалары немесе фиттері болған.

Ал Қырғызстанда рэпер Navai-дың шекарадан есірткімен қалай өткені тексеріліп жатыр.

Ресейлік рэпер Navai-дың ұсталуына қатысты жағдайға Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі пікір білдірді. Толығырақ мына сілтеме арқылы оқыңыз.

Бізді Google-дың негізгі дереккөздер тізіміне қосыңыз

Қосу

Жағдайды бақылауды жалғастырыңыз, Qazaq24.com әрқашан ең жаңа жаңалықтарды ұсынады.
Читать полностью