Egemen.KZ парақшасындағы деректерге сәйкес, Qazaq24.com ақпарат таратты..
Аса маңызды істер жөніндегі аға жедел уәкіл, полиция подполковнигі Қайыргүл Оңалбаеваның ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес жүргізіп келе жатқанына жиырма жылға жуық уақыт өткен.
Қайыргүл Сайлауқызы осы уақыт ішінде қатардағы қызметкерден тәжірибелі аға жедел уәкілге дейінгі жолдан өтті. Павлодар өңіріндегі қылмыстық топтардың жолын кесу, заңсыз әрекеттерді әшкерелеу мен қоғамдық қауіпсіздікті сақтау жолында кейіпкеріміз талай күрделі тапсырманы орындады. Өңірлік ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасында жұмыс істеу физикалық дайындықты ғана емес, аналитикалық ойлау мен психологиялық төзімділікті де қажет етеді. Оның айтуынша, бұл салада әйелге тән қырағылық пен интуиция шешуші рөл атқарады.
«Май ауданының тумасымын. Мектепті Семей өңірінде оқып, Алматыдағы Қазақ қыздар педагогикалық институтын тәмамдадым. Бала кезімнен полиция киімін кигендерге қатты қызығатынмын, оның үстіне нағашым ішкі істер органында қызмет етті. Сол әсер еткен болуы керек, 2007 жылы Павлодар қаласындағы Оңтүстік полиция бөліміне жұмысқа тұрдым. Білікті маман болып қалыптасуыма көмек көрсеткен бірінші басшыларым Қ.Түсіпбеков пен Б.Бөлежановқа, тәлімгерлерім Ирина Кривова мен Гүлмира Дәулетшинаға, Айгерім Нұрбайқызына алғысым шексіз. Полицияда әйел немесе ер адам деп бөліну жоқ. Бізде тек ортақ міндет – заңдылықты қамтамасыз ету, азаматтардың тыныштығын қорғау ғана бар. Күн сайынғы қиындыққа қарамастан, жұмысымды адал атқаруға тырысамын», деді Қ.Оңалбаева.
Ұйымдасқан қылмыстық істер бойынша өңірде орман ағаштарын ұрлау, контрабандалық өнімдерді тасымалдау, кәсіпорындардың мүлкін тонау, ұйымдасқан қылмыстық топтар құру сияқты заң бұзушылық жиі тіркеледі екен.
«Мәселен, жақында Баянауыл ауданында «Қызыл кітапқа» енген сұңқарларды ұстап, шетел асырмақ болған ұйымдасқан қылмыстық топ мүшелерін құрықтадық. Күдіктілер туралы мәліметтерді ұзақ жинадық. Нәтижесінде, бұлтартпас айғақтар табылды. Іздестіру барысында сату мақсатында темір торға қамап қойған 32 сұңқар анықталды. Қылмыстық іске қатысы барлар қазір тергеліп жатыр. Оның алдында бірнеше жыл орманды отап келген ұйымдасқан қылмыстық топ мүшелерін анықтап, қолға түсірген едік. Осындай кешенді жұмыстың арқасында заңға қайшы әрекет жасағандар жазасын алып жатыр», деп қосты ол.
Аға жедел уәкілдің айтуынша, облыстық полиция департаментіне қарасты ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасында сегіз жылдан аса уақыт еңбек етіп келеді. Ұжымдағы кілең ерлер арасында небәрі үш ару жұмыс істейтінін, алғашқыда қиын болғанымен бүгінде әбден төселіп алғанын жеткізді. Жылдам ойлау, дереу әрекет ету, жағдайды шұғыл түрде талдау – күнделікті талап етілетін дағдылар. Басқарма қызметкерлері күнделікті шұғыл тапсырмаларды дер кезінде шешіп отыруы қажет.
Басқарма басшылығы Қайыргүлдің еңбек жолы жас мамандарға үлгі екенін айтады. 20 жылға жуық тәжірибесі бар офицер ретінде ол өзінің білімін кейінгі толқынға үйретуден жалыққан емес. Павлодар облысының криминогендік ахуалын жақсартуға қосқан үлесі үшін бірнеше мәрте ведомстволық марапаттармен, Алғысхаттармен марапатталған. Отбасында бір ұл, бір қыз өсіріп отырған ардақты ана. Балалары мектепте үлгілі оқып, білім додаларында топ жарып жүр. Жеткіншектерінің жетістігі бойына қуат береді.
Сөз соңында Қайыргүл Сайлауқызы мамандығын мақтан тұтатынын жеткізді. Аяулы жан барлық нәзік жандарды, соның ішінде погон таққан аруларды көктемнің шуақты мерекесімен құттықтап, бақ-береке тіледі.
Павлодар облысы
Соңғы жаңалықтар
Шахмат • Бүгін, 09:00
Спорт • Бүгін, 08:55
Спорт • Бүгін, 08:50
Спорт • Бүгін, 08:45
Қоғам • Бүгін, 08:40
Аймақтар • Бүгін, 08:35
Әйел әлемі • Бүгін, 08:30
Әйел әлемі • Бүгін, 08:25
Әйел әлемі • Бүгін, 08:20
Әйел әлемі • Бүгін, 08:15
Қоғам • Бүгін, 08:10
Қоғам • Бүгін, 08:05
Серіктестік сұлуларына ілтипат
Мереке • Бүгін, 08:00
Қазақстан құрамасы дзюдодан Австриядағы Гран-придің алғашқы күнінде бір қола медаль жеңіп алды
Қазақстан • Кеше
АҚШ Ирандағы мектепке жасалған соққыға қатысы бар екенін мойындады
Әлем • Кеше