Qazaq24.com, Azh.KZ дереккөзінен алынған ақпаратқа сүйене отырып жаңалық таратты..
«Ақ Жайық» редакциясы тамызда мұнай өндірісі кезінде қанша су жұмсалады және оның су ресурстарына әсері туралы материал дайындаған. Материал дайындау барысында өңірдегі үш ірі мұнай компанияларына да ресми сауал жолданған. «Ембімұнай» мен «Теңізшевройл» компаниялары жауапты «Масс-медиа туралы» заң талабына сәйкес уақытында берді. Ал NCOC компаниясы мерзімнен әлдеқайда кешіктіріп жіберді. Жауапта жыл сайын өндірістік мақсатта пайдаланатын жалпы су көлемі нақты көрсетілген. Ал негізгі екі су көзінен нақты қанша су көлемі алынатынын пайызбен келтірген.
NCOC баспасөз қызметінің мәліметінше, компания өндірістік нысандарын сумен қамтамасыз ету үшін суды екі негізгі көзден алады. Біріншісі – «Астрахань – Маңғышлақ» магистральдық су құбыры арқылы жеткізілетін су, екіншісі – теңіз нысандарында пайдаланылатын Каспий теңізінің суы.
Компанияның жауабында магистральдық су құбырынан алынатын судың үлесі 86%, ал теңіз суының үлесі 14% екені көрсетілген. Алайда пайыздық көрсеткіштер судың нақты көлемін анықтауға мүмкіндік бермейді. Компания әр су көзінен жыл сайын қанша текше метр су тұтынатынын ашып көрсетпеген.
NCOC өндірістік қажеттіліктер үшін жерасты және өзен суын пайдаланбайтынын алға тартты. Сондай-ақ Қашаған кен орнында қабат қысымын ұстап тұру үшін жер қойнауына су айдалмайтынын мәлімдеді.
Соңғы бес жылда қанша су пайдаланылды?
Компанияның жауабына сәйкес, су тұтыну көлемі мынадай:
2021 жылы – 871 мың текше метр; 2022 жылы – 839,5 мың текше метр; 2023 жылы – 795 мың текше метр; 2024 жылы – 629,9 мың текше метр; 2025 жылы – 624,5 мың текше метр.Осы мәліметтерге қарағанда, 2021 жылдан 2025 жылға дейін су тұтыну көлемі азайған. Дегенмен, компанияның нақты қай су көзінен қанша көлемде су алғаны белгісіз болғандықтан, тұщы су тұтынуындағы өзгерісті жеке бағалау мүмкін емес.
Бір тонна мұнайға қанша су жұмсалады?
«Бір тонна мұнай өндіруге орта есеппен қанша текше метр су жұмсалды?» деген сұраққа NCOC 0,02521 м³/мұнай эквивалентінің тоннасы деген көрсеткіш берген.
Сондай-ақ, компания мұнай эквиваленті терминін бөлек түсіндіріп өткен.
Компанияның түсіндіруінше, мұнай эквивалентінің тоннасы мен шикі мұнайдың тоннасы бірдей емес. Мұнай эквивалентін есептеу кезінде шикі мұнаймен қатар құрғатылған газ бен сұйық көмірсутектердің өндірісі де ескеріледі. NCOC-дың 2025 жылы қарқындылық көрсеткіштерін есептеу үшін қолданылған қалыптандыру коэффициенті 24,773 млн тонна мұнай эквивалентіне тең. Бұл көрсеткіш ұңғыма сағасында өндірілетін шикі мұнай, құрғатылған газ және сұйық көмірсутектердің жалпы көлемі негізінде есептеледі. Есепке алауда жағылатын және отынға жұмсалатын газ кіреді, ал жер қойнауына қабат қысымын (қойнауқат-пласт) ұстап тұру үшін айдалатын газ есепке алынбайды.
«ҚазМұнайГаз» компаниясының 2023-2025 жылдар аралығындағы мұнай және ілеспе газ өндірісінің динамикасы туралы мәліметіне сәйкес, 2023 жылы 18 млн 774 мың тонна мұнай және 11 млрд 857 млн текше метр ілеспе газ өндірілген. 2024 жылы мұнай өндірісі 17 млн 424 мың тоннаны, ілеспе газ 11 млрд 253 млн текше метрді құраған. Ал 2025 жылы 18 млн 269 мың тонна мұнай және 11 млрд 973 млн текше метр ілеспе газ өндірілген.
Сондықтан 2025 жылғы су тұтыну қарқындылығын есептеу кезінде тек шикі мұнай көлемін емес, компания көрсеткен 24,773 млн тонна мұнай эквивалентін негізге алу қажет. Осы көлемді 0,02521 м³ көрсеткішін осы көлемге көбейткенде, шамамен 624,5 мың текше метр шығады. Бұл компания көрсеткен 2025 жылғы су тұтыну көлемімен сәйкес келеді.
Дегенмен, біз NCOC-дың баспасөз қызметінен компания «Астрахань – Маңғышлақ» магистральдық су құбырынан және Каспий теңізінен нақты қанша су көлемін алып отырғанын ашып көрсетуін сұрадық. Одан бөлек, біздің есебіміздің дұрыс-дұрыс еместігін нақтылауды да өтіндік. Баспасөз қызметі өкілі Мөлдір Махмудаева «мамандар бұл сұрақты қарап жатыр» деп жауап берді.
Компания суды қалай үнемдейді?
Дегенмен, NCOC тұщы су қорын сақтап, оны тиімді пайдалануға тырысатынын алға тартты. Компанияның түсіндіруінше, құрлықтағы өндірістік нысандар беткі тұщы су қоры шектеулі өңірде орналасқан.
«Жерасты суының минералдану деңгейі жоғары және ол өндірістік мақсатта немесе басқа тұтыну мақсаттарында пайдалануға келмейді» делінген компания жауабында.
Атырау өңірінде жер асты суларының тұздылығы жоғары екенін су мамандары да айтып жүр. Әсіресе, «Ембімұнайгаз» қабат қысымын ұстап тұру үшін жер асты суын пайдаланып отыр. Ал Теңіз кен орнында қабат қысымын ұстап тұру үшін газ айдалады, ал Королев кен орнында альб-сеноман сулы горизонтынан өндірілетін суды пайдалана отырып, су айдалады. ТШО суды өз қажетіне «Астрахань – Маңғыстау» магистральді су құбырынан су алады. ТШО-ның үкіметпен және жұртшылықпен байланыс жөніндегі бас менеджері Нұрмұхамед Қартабаевтың жауабына сәйкес, компания тәулігіне 9 мың текше метр су тұтынады.
Соным қатар, бас менеджер ТШО нысандарындағы өндірістік процестер кезінде с айналымға қайта түсіп, бір судың өзі бірнеше рет қайта пайдаланылатынын атап өтті.
NCOC-ге қайта оралайық. Бұл компания да өз жауабында суды үнемдеу үшін компания буайындау жүйесінде суды қайта айналдырып, өндірістік және шаруашылық-тұрмыстық сарқынды суларды тазалап, қайта пайдаланатынын көрсеткен. Сондай-ақ сүзгілерді жуғаннан кейінгі тазартылған суды Батыс Ескене теміржол кешенінде өрт сөндіруге арналған резервуарларға құю немесе өндірістік қажеттіліктерге қайта пайдалану қарастырылған.
Бұдан бөлек, мұнай қойыртпағын айыру және сусыздандыру кешенінде қойнауқат суы (пластовые воды) техникалық мақсатта қолданылады.
NCOC мәліметінше, «Болашақ» мұнай мен газ кешенін дайындау қондырғысындағы су тазарту құрылғылары тұщы судың жалпы көлемінің 58%-на дейін қайта пайдалануға мүмкіндік береді. Компания бұл шаралар «Астрахань-Маңғышлақ» су құбырынан алынатын тұщы судың көлемін азайтуға көмектесетінін айтады.
Су тазарту құрылғылары сарқынды су құрамындағы мұнай өнімдері, күкіртсутек, темір және қалқыма қатты заттар сияқты ластаушы заттардың мөлшерін де төмендетеді.
Дегенмен, компания екі негізгі су көзінен жыл сайын нақты қанша су алынатыны туралы мәліметті нақты көрсетеді деп күтеміз.
Айнұр САПАРОВА
Бүгін, 11:10