Egemen.KZ парақшасындағы ақпаратқа сәйкес, Qazaq24.com хабар таратты..
Сурет: astanatv.kz
Баспасөз жиынында сөз алған Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім комитетінің төрағасы Гүлжан Жарасова биыл негізгі ҰБТ-ға 233 мың талапкер қатысқанын мәлімдеді. Спикердің сөзіне сүйенсек, олардың басым бөлігі, нақтырақ айтқанда, 73,1%-ы тестілеуді қазақ тілінде, ал 26,8%-ы орыс тілінде, 383 талапкер ағылшын тілінде тапсырған. ҰБТ-ға тіркелу кезінде талапкерлер тестілеудің күнін, уақытын және өткізу орнын өздері таңдады. Алайда негізгі ҰБТ-ның екі мүмкіндігінде де оларға бір ғана бейінді пәндер комбинациясын таңдауға рұқсат берілді.
«Биыл тестілеу форматы өзгеріссіз қалды: талапкерлер үш міндетті, екі бейінді пән бойынша 120 тапсырманы орындады. Ең жоғары балл – 140, ал тестілеуге берілетін уақыт – 4 сағат (240 минут). Негізгі ҰБТ-2026 қорытындысында талапкерлер ең көп таңдаған бейінді пәндер комбинациясы тағы да «Математика – Физика» болды. Бұл комбинацияны талапкерлердің 18,2%-ы таңдады. Екінші орында «Биология – Химия» комбинациясы (14,4%), ал үшінші орында шығармашылық мамандықтарға түсушілер таңдаған «Шығармашылық емтихан» комбинациясы (12,4%) орналасты. Инженерлік бағыттарға қызығушылықтың артуы мемлекет жүргізіп отырған кадрлар даярлау саясатының нәтижесі болып отыр. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес кейінгі жылдары мемлекеттік білім гранттарының басым бөлігі инженерлік-техникалық бағыттарға бөлініп келеді. Сонымен қатар бұл бағыт талапкерлерге білім бағдарламаларының кең таңдауын ұсынып, мемлекеттік білім грантын жеңіп алу мүмкіндігін едәуір арттырады», дейді комитет төрағасы.
Г.Жарасованың баяндауынша, кейінгі бес жылда ерекше білім беру қажеттіліктері бар талапкерлер саны шамамен тоғыз есе артқан. 2026 жылы негізгі ҰБТ-ға қатысу үшін ерекше білім беру қажеттіліктері бар 800-ге жуық талапкер өтініш берді. Салыстырмалы түрде айтсақ, 2021 жылы мұндай талапкерлердің саны небәрі 90 болған. Алдыңғы жылдардағыдай көру, есту және тірек-қимыл аппараты бұзылған талапкерлерге тестілеу уақытынан қосымша 40 минут беріледі. Көру қабілеті бұзылған талапкерлер үшін сызбалар мен диаграммалар қолданылмайтын арнайы тест тапсырмалары әзірленген, сондай-ақ қажет болған жағдайда пән мұғалімі болып табылмайтын көмекші ұсынылады. Биыл тіркелген талапкерлердің ішінде 254 адамның көру қабілетінде, 443 адамның есту қабілетінде, 103 адамның тірек-қимыл аппаратында бұзылыстары бар.
«Ұлттық тестілеу орталығы талапкерлердің ҰБТ-ға сапалы дайындалуына жағдай жасау бағытындағы жұмыстарды жүйелі түрде жалғастырып жатыр. Оқу жылының басында Ұлттық тестілеу орталығының ресми сайтында тест тапсырмалары әзірленген оқулықтардың тізімі, «Қазақстан тарихы» мен «Дүниежүзі тарихы» пәндерінен 100 тарихи датаның тізімі, «Информатика» пәнінен терминдер, сондай-ақ «Қазақ әдебиеті» мен «Орыс әдебиеті» пәндерінен әдеби шығармалардың тізімі жарияланады.
2022 жылдан бері әрбір талапкер тестілеу аяқталғаннан кейін өзінің нәтижелері бойынша тақырыптық талдауға қол жеткізе алады. Егер бұрын тек дұрыс немесе қате жауаптар көрсетілсе, бүгінде қатысушылар әр пән бойынша қай тақырыптарды жақсы меңгергенін, қай бағыттарда білімін толықтыру қажет екенін көре алады. Тақырыптық талдаудың нәтижесін талапкер тест аяқталған сәттен бастап жеке кабинетінен көре алады. Сонымен бірге оның статистикасы білім басқармаларына, білім бөлімдері мен мектептерге ұсынылып, орта білім сапасын арттыруға бағытталған жүйелі жұмыстарды ұйымдастыруға мүмкіндік береді», деді спикер.
Еске сала кетсек, Ғылым және жоғары білім министрлігі аталған брифингте хабарлағандай, елімізде мемлекеттік білім гранттарын тағайындау конкурсына қатысу үшін құжат қабылдау жалғасып жатыр. Құжаттарды 20 шілдені қоса алғанда, жоғары оқу орындарының қабылдау комиссиялары арқылы офлайн және жоғары оқу орындарының виртуалды қабылдау комиссиялары арқылы онлайн, сондай-ақ eGov.kz порталы арқылы тапсыруға болады. Ал грант иегерлері 10 тамызға дейін анықталады.