“Негізі дұрыс адам, бірақ ішсе...“ Қазақстандағы алкоголизмнің басты проблемасы

27.07.2026

Tengrinews.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып, Qazaq24.com түсініктеме жасады..

Алкогольге тәуелділік - әлсіздік емес, емдеуді қажет ететін ауру. Алайда көпшілік мұны әлі де мойындамайды, ал көмекке тым кеш жүгінеді. Tengri Health авторы Эрик Байжүнісов бұл мәселенің себептерін түсіндірді.

Алкоголь үйреншікті жағдай емес

"Бір-бір стаканнан тартып жібердік те..." - әрі қарай оқиғаның өзі басталады. Біздің адамдармен кез келген қызықты әңгіме осылай басталады. Мен бұл сөздерді қазір арамызда жоқ құрдастарымның аузынан да талай естігенмін.

Олардың көбі 90-жылдары жаңа өмірден өз орнын таба алмады. Өмірдің мәнін қытайдың қолдан жасалған арағы, жүгері спирті және тағы басқа қоспалар алмастырды. Тұлғаның толықтай азғындауы, соңында бауыр циррозы немесе жүректің тоқтап қалуы. Ол сұмдық кезең еді.

"Біз маскүнемдік пен алкоголизмді талқылауға тұрмайтын "маңызсыз" тақырып деп санауға дағдыланғанбыз. Дегенмен, еліміз дамыған жылдар ішінде бұл әдет тұрмысымызға әбден сіңіп кеткені сонша, алкогольді мерекелік дастарқанның ажырамас бөлігі ретінде қабылдайтын болдық. Мәдениетімізде ішімдіктің дәмін ерекшелеу үшін арнайы дайындалатын тағамдар да аз емес".

Эрик Байжүнісов

Хирург, денсаулық сақтау менеджері

Кейде ішімдіктің әсерінен адамның қалай өзгеретініне таңғаласың. Оның шын мәнінде қандай адам екенін түсінуден қаласың.

"Негізі дұрыс адам, бірақ ішсе, нағыз ақымақ", - дейміз кейбіреулер туралы.

Несін айтасыз, жастардың өліміне көбіне алкоголь немесе есірткі себеп болып жатады. Бірақ біз өлімнің нақты себебін біле тұра, ұялғаннан "кенеттен қайтыс болды", "жүрегі ауырыпты" деген сөздермен жасырамыз.

Рейтинг - босаңсуға себеп емес

World Population Review-дің жан басына шаққандағы алкоголь тұтынудың халықаралық статистикасына негізделген 2026 жылға арналған деректері бойынша, Қазақстан әлемде 88-орында тұр.

Орташа есеппен қазақстандықтар жылына 5,4 литр таза спирт ішеді. Салыстырмалы түрде айтсақ, көшбасшы елдерде - Румыния, Грузия, Латвия, Молдова және Чехияда - бұл мөлшер бір тұрғынға 13,7-ден 17,1 литрге дейін жетеді.

Бізде барлығы жаман деп айту да дұрыс емес. Біз көп нәрсе істеп үлгердік.

Елімізде сағат 21.00-ден 12.00-ге дейін және 21 жасқа толмағандарға алкоголь сатуға тыйым салынған. Сондай-ақ мектептер мен балалар мекемелерінің маңында сауда жасауға болмайды.

Көлікті мас күйде жүргізгені үшін жауапкершілікті қатаңдаттық және басқа да көптеген шара қабылданды.

Бұл шаралардың маңызы зор. Еліміз бойынша 100 ауыл ішімдіктен толықтай бас тартты және бұл үрдіс жалғасып жатыр. Мұны байқамау және құптамау мүмкін емес.

Дегенмен, мәселелер әлі де бар және олар адамдар бір жылда ішетін шарап, коньяк немесе арақ мөлшерінде ғана емес.

Ішілген мөлшер шешуші фактор

Жақында Астанада осы тақырыпты талқыладық, сонда әріптестерім бөліскен бірқатар деректерді келтірейін.

ДДСҰ-ның жекелеген мәліметтері бойынша, Қазақстанда алкоголь тұтыну көрсеткіші біртіндеп өскен:

2019 жылы - 4,8 литр; 2022 жылы - 5,4 литр.

ДДСҰ жаңа мәліметтер түскен кезде бұл бағалауларды қайта қарап, түзетіп отырады, бірақ әзірге осы сандарға сүйенуге болады.

Сонымен қатар, сарапшылар кездесуінде әріптестерім айтқандай, Қазақстанда алкоголь тұтыну деңгейі салыстырмалы түрде жоғары емес. Бұны елде ішімдікті мүлдем ішпейтін адамдардың аз еместігімен түсіндіруге болады.

ДДСҰ-ның 2019 жылғы бағалауы бойынша, халықтың 15 жастан асқан бөлігінің 24,5 пайызы алкоголь тұтынған, ал әлемдік орташа көрсеткіш шамамен 44 пайыз болады.

Бірақ бұл жерде ішілген мөлшер маңыздырақ болып отыр - орташа көлем жылына 18,3 литр таза спиртке жеткен. Бұл ішетін адамдар арасындағы әлемдік орташа деңгейден (12,4 литр немесе күніне 27 грамм таза спирт) айтарлықтай жоғары.

Сарапшылар пікірінше, Қазақстанның басты мәселесі алкоголь тұтынатын адамдардың санында емес. Мәселе - ішетіндердің оны жиі емес, бірақ тым қарқынды тұтынуында. Басқаша айтқанда, біздің елде сирегірек, бірақ бір ішкенде әлдеқайда көп ішеді.

Және тағы бір жайт. Жан басына шаққандағы орташа тұтыну мөлшері қалыпты болғанына қарамастан, алкоголь халық денсаулығына айтарлықтай әсер етеді. 2019 жылы елдегі барлық өлім-жітім жағдайларының 7,4 пайызы осы әдетпен байланысты болған, бұл жылына 9,4 мың адам деген сөз - бұл әлемдік орташа көрсеткіштерден жоғары.

Қазақстанда қанша адам тәуелділік бойынша есепте тұр?

Денсаулық сақтау министрлігінің статистикасына сәйкес, елімізде 110 мыңға жуық адам психоактивті заттарды (бұл тек алкоголь емес, сонымен қатар есірткі де) жүйелі түрде тұтынғаны үшін есепте тұр.

Бұлар – наркологиялық орталық дәрігерлерінің назарына іліккендер, яғни ресми түрде есепке тұрғандар немесе ІІМ қызметкерлері жеткізгендер, мәселен, рөлге мас күйінде отырып ұсталғандар.

Ал жеке клиникаларда, тіпті көбіне жай кабинеттерде екпе алып, "дәрігерлер" көмегімен мастықтан өз бетінше арылып жүргендер туралы біз білмейміз. Оның себебі – ішуге құмар болғанымызбен, емделуден ұялатынымызда.

Мұнда стигма жұмыс істеп тұр: яғни алкоголизмді ауру емес, әлсіздік деп түсіну. Дәрігерлер бұған қарама-қайшы пікірді үнемі айтып жүрсе де, біз бұл мифтің тамырына әлі балта шаба алмадық. Әлі күнге дейін бұл мәселеге "жеңіл-желпі" нәрсе ретінде қарайды.

Дегенмен, ДДСҰ мен заманауи психиатрия алкогольге тәуелділікті бас миының жұмысы өзгеретін созылмалы ауру ретінде қарастырады.

Бұл деректі қанша жерден жоққа шығарғымыз келсе де, алкоголизм тек денсаулыққа емес, басқа да салаларға әсер ететін басты факторлардың бірі болып қала береді. Бұл – отбасылардың шырқын бұзатын өте үлкен әлеуметтік мәселе. Ол қалыпты адамды өзін "қолға алуға" дәрмені жетпейтін, тәуелді әрі науқас адамға айналдырады.

Алкоголизмнен ұялу емес, оны емдеу керек

Ал не істеу керек? Қазіргі уақытта Қазақстанда мұндай науқастарға көмек көрсету парадигмасы қайта қаралып жатыр. Ол бұрынғы, міндетті түрде анықтауға, есепке алуға және жаза ретінде мәжбүрлеп емдеуге негізделген "кеңестік" жүйеден арылуды көздейді.

Негізінде, алкоголизм – басқалар сияқты менталды ауру, сондықтан оның торына түскен адамға, ең алдымен, көмекке мұқтаж пациент ретінде қарау керек.

Біздің басты қателігіміз – мұндай адамдардың "жаны үшін күресті" тым кеш бастайтынымызда. Олар көбіне шешімді өздері іздеп, ақшасын шарлатандарға шашады. Тек наркологиялық "есепке" ілікпесем болды дейді, өйткені бұл туралы айналадағыларға, мәселен, жұмыс орнына бірден белгілі болады да, бәрі бітеді деп қорқады.

Осылайша біз жұмыла көмектесе алатын "мүмкіндіктер терезесін" өткізіп аламыз. Ойлап қараңызшы, қаншама адамды құтқарып қалуға болар еді.

Меніңше, алкоголизммен күрес бала жастан басталуы керек және салауатты өмір салты нормаларын неғұрлым ерте қалыптастырсақ, нәтиже соғұрлым жақсы болады. Бұл – кешенді мәселе және ол көптеген әлеуметтік-тұрмыстық факторға байланысты. Маскүнемдік пен алкоголизмді тек медициналық мәселе деп қарастыру үлкен қателік.

Сондықтан алкоголизмді емдеудің жаңа тәсілі – тұлғаның қалыптасуына әсер ететін барлық тараптың қатысуын талап етеді: білім беру, мектеп медицинасы, қоғамдық ұйымдар және күрестің соңғы шебі ретіндегі құқық қорғау органдары.

Бірақ қоғамда "ішу культі" сақталып тұрғанда бұл шаралардың бәрі нәтиже бермейді. Біз тәуелділікті мінездің әлсіздігі, ал наркологқа жүгінуді ұят деп санағанша, адамдар көмекке тым кеш келетін болады.

Менің балаларым мен немерелерім наркологқа бару кардиологқа немесе эндокринологқа бару сияқты қалыпты жағдай саналатын қоғамда өмір сүргенін қалаймын. Өйткені алкоголизм – бұл ауру. Біз мұны неғұрлым ерте қабылдасақ, соғұрлым көп өмірді сақтап қаламыз.

Өзіңізді және жақсы дәрігерлерді қадірлеңіз! Көмек сұраудан қорықпаңыздар.

Редакцияның көзқарасы автордың пікірімен сәйкес келмеуі мүмкін 

Аударған: Дина Шәріпхан

Автор туралы: Эрик Байжүнісов – хирург-дәрігер, денсаулық сақтау менеджері. Жалпы еңбек өтілі – 35 жылға жуық, оның 11 жылдан астамы мемлекеттік қызметте. Қазақстанның түрлі клиникаларында хирург болып жұмыс істеген. Облыстық денсаулық сақтау басқармаларында, Денсаулық сақтау министрлігінде және әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде басшылық лауазымдарды атқарған. Ұлттық дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды сараптау орталығын, сондай-ақ Салидат Қайырбекова атындағы Ұлттық ғылыми денсаулық сақтауды дамыту орталығын басқарған.

Google News арқылы жаңалықтарымызды қадағалаңыз

Жазылу

Алкоголь

ішімдік

Денсаулық

емдеу

кеңес

Қосымша ақпарат пен соңғы жаңалықтар үшін Qazaq24.com сайтын бақылаңыз.
Читать полностью