Qazaq24.com, Egemen.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып жаңалық жариялады..
Жыл сайын сәуір айында Дүниежүзілік нейрохирургтер күні аталып өтеді. Кәсіби мереке нейрохирургияның негізін қалаушылардың бірі, америкалық ғалым Харви Уильямс Кушингтің құрметіне белгіленген. Ол – мидағы ісіктерді хирургиялық емдеудің заманауи әдістерін дамытып, нейрохирургияны дербес сала ретінде қалыптастыруға үлес қосқан тұлға. Содан бері ғасырға жуық уақыт өтіп, нейрохирургия дамудың жаңа кезеңіне қадам басты.
Елімізде Ұлттық нейрохирургия орталығын құру идеясы 2000 жылдары еңсемізді тіктеп, етек-жеңімізді жия бастаған кезеңде қозғалып, жоспарлана бастады. Сөйтіп, 2008 жылы Астанада Ұлттық нейрохирургия орталығы ашылды. Биыл еңселі орталықтың құрылғанына – 18 жыл. Осы аралықта ұйымда 75 мыңнан астам науқас ем алып, 55 мың науқасқа күрделі операция сәтті өткен. Қазір жыл сайын жүйке жүйесінің ең ауыр әрі сирек кездесетін патологиясына шамамен 5000 операция жасалады екен. Олардың қатарында нейроонкология, тамырлы нейрохирургия, жұлын, балалар нейрохирургиясы бағыттары бар.
Сондай-ақ орталықта нейрохирургияның микронейрохирургия, эндоваскулярлық, эндоскопиялық, функционалдық нейрохирургия секілді бағыттары ашылып, ұзын-саны 80-ге жуық жаңа медициналық технология қолданысқа енген.
Елімізде ғана емес, Орталық Азияда жетекші нейрохирургиялық орталық саналатын үлкен ұжымға арнайы барып, ақжолтай хабарды естіп қайттық. Қазақстанның Еңбек Ері, Ұлттық нейрохирургия орталығының басқарма төрағасы Серік Ақшолақовпен әңгімелесіп, орталықтың өткеніне, алдағы мақсат-межесіне қанықтық.
«Бәлкім, біреулерге 18 жыл дегеніңіз аса көп уақыт емес шығар. Ал өз басым артқа бір көз тастап, жұмыстың межесін бажайлайтын уақыт деп ойлаймын. Осы аралықта нейрохирургияның елде бұрын-соңды болмаған жаңа бағыттарына батыл қадам бастық. Ең алдымен, нейрохирургия ақауына қатысты қантамырға ашық жасайтын және қантамырға еніп жасайтын эндоваскулярлық операцияны енгіздік. Екінші, омыртқа, жұлын ауруларының реконструктивті операцияларын, үшінші, эндоскопиялық операцияларды жүзеге асырдық. Түрлі операция барысында қолданатын нейромодуляция, нейронавигация деген жүйелерді де сәтті қолданамыз. Осыған қоса, бізде пайдаланылатын 40-қа жуық жоғары сапалы технология облыстық ауруханаларға жетті, деді
С.Ақшолақов.
Нейрохирургияда операция түріне қарай 5 сатылы кезеңге бөлінеді. Бірінші саты ең жеңіл саналса, сәйкесінше қиыны – бесінші саты. Ұлттық нейрохирургия орталығында жасалатын операциялардың 80-90%-ы төртінші, бесінші сатылы операциялар. Демек, ең қиын да күрделі деген операциялар осы орталықта өтеді. Жаңа технологиялардың ішінде ең озығы ретінде Гамма-пышақ радиохирургия кешенін айтуға болады. Оның қолданысқа енгеніне 5 жылға жуықтады, осы аралықта 2,5 мыңнан астам науқас ем алды. Құрылғы мидың ісіктерін, мидың тамырлы, функционалдық ауруларын емдеуге арналған. Радиохирургиялық ем әдеттегі басты ашып жасайтын операциялардан жеңілірек, пациенттер жеңіл еңсереді. Дегенмен барлық науқастың жай-күйі операцияның осы түрін жасауға келе бермейді. Дәрігерлер науқастың хал-ахуалын түгел тексерген соң ғана шешім қабылдайды. Бұрын дәл осы аппаратпен шетелде емделуге деп, мемлекеттен жылына 4-5 адамға ғана ақы төленіп келген. Себебі ем қымбат саналады. Қазір гамма-пышақ науқастарға – тегін, орталыққа ақыны мемлекет төлейді. Қысқасы, бұрын екінің-бірінің қолы жетпеген операцияның осы түрі қазір жалпыға қолжетімді.
«Иә, жаңа технология, ұйымның материалдық жарақтандырылуы тұрғысында орталық Орталық Азияда жетекші. Оны өзіміз емес, сол шетелдік әріптестеріміз айтып жүр. Олар бізге жиі келіп, тәжірибе алмасып тұрады. Гамма-пышақ аппараты Орталық Азияда жалғыз. Ел азаматтарына ем қаржыландыру шеңберінде тегін болса, шетел азаматтарын ақылы негізде емдейміз. Көрші елдерден артықшылығымыз дейміз бе, Денсаулық сақтау министрлігінің жанында арнайы комиссия бар. Олар елдегі ауруханалар қандай да бір науқасқа жоғары сапалы көмек көрсете алмаса, шетелге жіберіп, қаржы бөлуге жәрдемдесе алады. Біз жуырда Өзбекстандағы Қазақстан медицинасының күндерінде осы мәселені талқыладық. Гамма-пышақты халыққа тегін ұсынудың осындай жолы барын ұсындық», деді Серік Ақшолақов медицина мүмкіндігіне қатысты ой-пікірін толықтырып.
Тағы бір айтулы жаңалық – жақын арада бұрын-соңды ел нейрохирургиясында болмаған гибридті операция бөлмесі ашылады. Қазір бөлімнің құрылысы аяқталып, құрал-жабдығы түгенделіп жатыр. Гибридті операциялық бөлме эндоваскулярлық, ашық микрохирургиялық араласуларды бір орында, анестезия уақытын ұлғайтпай, интраоперациялық компьютерлік томографтың бақылаумен жүргізуге мүмкіндік береді. Жобаның егжей-тегжейін бізге Тамырлы және функционалды нейрохирургия бөлімшесінің меңгерушісі, профессор Ербол Махамбетов жан-жақты түсіндіріп берді.
Еңселі, кең ғимараттың жұлын ауруларын емдейтін бөлімшесінде құрылыс қызу жүріп жатыр. Келешекте күрделі гибридті операциялардың небір түрі жасалатын бөлменің ауданы 60 шаршы метр. Операция үстелі, оның үстінде бипланды ангиографты қондырғы (ангиограф), жанына үлкен монитор орнатылған. Бастаманы «Қазақстан халқына» қоғамдық қоры қолдап, гибридті операциялық бөлмені әлемдік жетекші өндірушілердің заманауи, жоғары технологиялық медициналық жабдықтарымен толық қамту үшін 1 млрд 728,6 млн теңгеге көмек көрсеткен. «Халық» қайырымдылық қоры құрылыс жұмысына деп 325 млн теңге көлемінде қаржы бөлген.
«Ғылым, медицина бір орында тоқтап тұрмайды, үнемі дамып, жетіледі, толығады. Біз сол жаңалықтардан, технологиялардан қалмай, ілесіп отыруға тиіспіс. Мысалы, біз үлкен ісіктерге операция жасайтын кезде әуелі қантамырды бекітіп, араға бірнеше күн салып, ісіктің өзін алатын едік. Енді гибридті операция жасауға мүмкіндік беретін жаңа технологиялардың арқасында басқа да аурулары бар пациенттерге бір мезгілде екі операция жасаймыз. Мысалы, әуелі пациентке эндоваскулярлық операцияға кіріссек, ізін суытпай пациенттің басына микроскоппен ашық операция жасаймыз. Эндоваскулярлық деген – ми, мойын кейде жұлын тамырына жасалатын операциялар. Жалпы, гибридті операцияны саладағы үлкен жетістік деп бағалаған жөн. Бұл әуелі науқастарға тиімді, екі мәрте наркоз алып, екі рет операция үстеліне таңылмайды», дейді Е.Махамбетов.
Екі операцияны ізді-ізінен бір мезгілде жасау дегеніңіз пациенттерге жеңіл болғанымен, дәрігерлерге салмақ түсіруі мүмкін. Себебі Е.Махамбетовтің тәжірибесінде екі сағаттан бастап, бір тәулікке дейін жалғасқан ерекше операция болыпты. 24 сағатта көмекшісі, медбикелер ауысқанымен нейрохирургтің өзі ауыспай, тік тұрып жұмыс істейді. Әсіресе миға жасалатын операциялар күрделірек, көп уақыт алады.
Гибридті операция бөлмесіндегі үлкен техникалар нидерландық «Philips» компаниясынан жеткізіліпті. Сол бөлменің қабырға тұсында орналасқан үлкен терезенің арғы бетінде анестезиолог, басқа дәрігерлер операция барысын шағын мониторлар арқылы жіті бақылап отырады. Одан кейінгі шағындау бөлме дәрігерлердің бір сәт тынығып, операция барысын талқылауына әбден қолайлы. Дәрігерлер заманға сай жасақталған операция бөлмесі әбден көңілден шыққанын айтады. Алдағы мамыр айында қаптаған техникалар, мониторлар толық іске қосылып, су жаңа бөлмеде алғашқы операциялар басталады.
Осындай жетістіктердің арқасында қазір нейрохирургиядағы науқастардың ішінде шетелге барып емделетіндер азайған. Өйткені орталықтың әлеуеті әлем елдерінде тәжірибеге енген барлық дерлік операцияны жасауға жетеді. Жалпы, облыстарда, ірі қалаларда нейрохирургия бөлімі бұрыннан бар. Медицинаның осы бағыты елімізде енгеніне 60 жылдан асқанымен қарқынды даму кезеңі кейінгі 20 жылда байқалған. Маман даярлау ісі де кенжелеп жатқан жоқ. Ұлттық нейрохирургия орталығында невропатологтер 2 жыл, нейрохирургтер 4 жыл резидентурада білім алады. Бүгінде облыстарда жұмыс істейтін нейрохирургтердің жартысына жуығы осы резидентура түлектері. Елімізде 350-ден астам нейрохирург бар, соның ішінде 40-қа жуық маман осы орталықта жұмыс істейді. Сала жан-жақты дамып, облыстардағы көпбейінді ауруханаларда небір күрделі нейрохирургиялық операциялар жасалады. Бұл жолда Ұлттық нейрохирургия орталығының дәрігерлері әріптестеріне үлгі көрсетіп қана қоймай, әркез көмек қолын созуға даяр.
Соңғы жаңалықтар
Несие • Бүгін, 08:10
Жолаушы қауіпсіздігі – жауапты міндет
Қоғам • Бүгін, 08:05
Анас Баққожаев: Заң жобасы жауапкершілікке негізделген
Сұхбат • Бүгін, 08:00
Қаржы ұйымымен келелі келіссөз
Саясат • Бүгін, 07:55
Бейбітшілікке үндеген жаһандық саммит
Саясат • Бүгін, 07:50
Кекілбаев тұлғасына арналған кітап
Қоғам • Бүгін, 07:48
Халықаралық шарт пен келісім мақұлданды
Саясат • Бүгін, 07:45
Штутгарттағы сәтті старт: Елена Рыбакина келесі кезеңге өтті
Теннис • Кеше
Күшті үйлестіру – озық тәжірибе
Аймақтар • Кеше
Бір кәуап – 950 мың теңге: Бразилияда туристерді алдаған топ ұсталды
Әлем • Кеше
Ұландықтар баланы ажалдан аман алып қалды
Қоғам • Кеше
Бекзат Алмаханның UFC-дегі қарсыласы анықталды
Спорт • Кеше
«Әділет» партиясын құруға ресми қадам жасалды
Саясат • Кеше
Президент «Ялла» ансамблінің көркемдік жетекшісі Фаррух Закировке құттықтау жеделхатын жолдады
Президент • Кеше
Бибісара Асаубаева көш басына шықты
Шахмат • Кеше