Qazaq24.com, Inform.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып түсініктеме береді..
Науқан наурыз айының 10-ына дейін жалғасады. Науқанның мақсаты – әрбір әйел мен қыз бала үшін қауіпсіз орта қалыптастыру, зорлық-зомбылыққа жол жоқ екенін және бұндай әрекет міндетті түрде жауапкершілікке әкелетінін көпшілікке насихаттау. Аталмыш науқан аясында мектептерде, колледждерде, жоғары оқу орындарында және еңбек ұжымдарында кездесулер өтеді.
Сонымен қатар заңгер, полиция қызметкерлері мен психологтардың қатысуымен дәрістер, жастарға арналған жеке шекара және қауіпсіз орта туралы тренингтер, ата-аналармен балаларды қысым мен манипуляциядан қалай қорғау қажеттігі туралы кездесулер ұйымдастырылады.
Мәдениет және ақпарат министрлігі мәліметінше, теледидар мен интернет кеңістігінде әлеуметтік роликтер, подкастар және мәселені терең білетін сарапшылардың қатысуымен сұхбаттар жарияланады. Науқанға блогерлер мен қоғамдық пікір көшбасшылары да қатысады.
Науқан аясында «QURMET» челленджі жарияланады. Қатысушылар әлеуметтік желілерде фото, бейне және қысқа мәтіндер жариялап, құрмет пен жеке шекара ұғымы туралы өз пікірін бөлісе алады.
– Егер сіз немесе жақындарыңыз зорлық-зомбылыққа, қудалауға немесе некеге мәжбүрлеуге тап болса, 102 – полиция, 111 – Ұлттық сенім телефоны, өңірлердегі Отбасын қолдау орталықтары мен дағдарыс орталықтарына хабарласа алады. Мәдениет және ақпарат министрлігі әр азаматты бұл іс-шараға белсене қатысуға шақырады. Кездесулерге келіп, балалармен жеке шекара туралы сөйлесуге, зорлық-зомбылық көріністеріне бейжай қарамауға және әлеуметтік желілердегі бастаманы қолдауға үндейді, - делінген хабарламада.
Айта кетейік, 2025 жылғы қыркүйектен бастап Қазақстанда некеге мәжбүрлеу қылмыстық құқықбұзушылық ретінде заңмен бекітілді. Қылмыстық кодекске енгізілген 125-1-бап қоғамда көптен бері талқыланып келе жатқан қыз алып қашу мәселесіне құқықтық нүкте қойды. Енді «салт» немесе «дәстүр» деген желеумен жасалған мәжбүрлеу әрекеттері үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылған.