Qazaq24.com, Tengrinews.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып ақпарат бөліседі..
Бастан өткерген инсульт 38 жастағы Анар үшін он бес жылдық некесіне басқаша қарауға түрткі болды. Содан кейін ол ажырасуға бел буды.
Tengri AI ұсынған жаңалықтың қысқаша мазмұны Бұл ЖИ жазған мәтін
2026 жылдың бірінші тоқсанында Қазақстанда соңғы жеті жылдағы ажырасудың ең жоғары көрсеткіші тіркелді — 11,2 мың. Осы материалдың авторлары бірнеше жыл немесе тіпті ондаған жыл бірге тұрғаннан кейін адамдардың неліктен ажырасуға бел буатынын түсіну үшін, некесін бұзған қазақстандықтармен тілдесті. Кейбір кейіпкерлер отбасы үшін жалғыз жауап беруден шаршаған, басқалары опасыздыққа тап болған, енді бірі бостандық, серіктестік және отбасылық өмір туралы түсініктерінің тым алшақ екенін түсінген. Мысалы, 38 жастағы Анара үшін инсульт бетбұрыс сәті болды, содан кейін ол некедегі жалғыздықты ерекше қатты сезінді. Басқа сұхбат берушілер қарым-қатынасты сақтап қалуға, келісуге және ымыраға келуге жылдар бойы тырысқан, бірақ соңында бәрібір ажырасуға келген. Бұл ретте айырылысу көбінесе туыстары мен айналадағылардың қысымымен қатар жүреді, әсіресе бұл ажырасқан әйелдерге немесе шағын елді мекен тұрғындарына қатысты. Сарапшылар ажырасуға деген көзқарастың өмір салтымен, әйелдердің экономикалық тәуелсіздігімен және отбасы туралы түсініктермен бірге біртіндеп өзгеріп жатқанын атап өтуде. Сонымен қатар, некені бұзу процедурасының өзі жеңілдеп келеді: құжаттардың бір бөлігін онлайн рәсімдеуге болады, ал сот отырыстары кейде қашықтан өтеді. Мемлекет бұл ретте дәстүрлі отбасының маңыздылығын атап өтуді жалғастыруда және оны сақтауға қолдау көрсетуге бағытталған бағдарламаларды іске қосуда. Неліктен сарапшылар цифрландыруды ажырасудың көбеюіне себеп деп санамайды, отбасылық құндылықтарды насихаттау адамдарға қауіпті қарым-қатынастан шығуға кедергі келтіруі мүмкін бе және айырылысқаннан кейін кейіпкерлердің өмірі қалай өрістеп жатыр — материалдың толық нұсқасынан оқыңыз.
2026 жылдың бірінші тоқсанында Қазақстанда 11,2 мың отбасы ажырасқан, бұл кейінгі жеті жылдағы ең жоғары көрсеткіш болды.
Tengrinews.kz сандармен ғана шектелмей, некесін бұзған жандармен осы тақырыпта сөйлесуді жөн көрді. Бұл материалдың кейіпкері болған әрбір адамның өз оқиғасы бар. Бірі бірнеше жыл бірге тұрса, енді бірі қырық жылға жуық уақыт өткізген. Біреуі отбасының жауапкершілігін жалғыз арқалаудан шаршаса, енді бірі опасыздықтан кейін кеткен, тағы бірі бостандық пен бірге өмір сүруді серігіне қарағанда мүлдем басқаша елестететінін түсінген.
Тағдыры әртүрлі болғанымен, бір үрдіс айқын байқалады - қазақстандықтардың ажырасуға деген көзқарасы өзгеріп келеді. Мұны авторлар пікір білдіруді сұраған сарапшылар да растады. Осындай өзгерістер аясында мемлекет дәстүрлі құндылықтардың маңыздылығын баса айтып, отбасы институтын нығайтуға тырысып жатыр.
Неге ажырасу мен некеге көзқарас өзгерді? Неге қарым-қатынасты қандай жағдай болмасын сақтап қалуға тырысу дағдарысты бастан кешіп жатқан жұптарға қосымша қысым түсіруі мүмкін? Бұл жерде мемлекеттің рөлі қандай? Осы мәселелер туралы жеке оқиғалар негізінде әлеуметтік нормалардың өзгеруін талдайтын материалдан егжей-тегжейлі біле аласыз.
Жұптар ажырасу туралы ойға қалай келеді?Осы материал үшін тілшілермен сөйлесуге келіскен ажырасқан әйелдердің бірі - жоғарыда аталған Анар. Ол 38 жасында инсульт алып, содан кейін күйеуімен ажырасқан.
Ол болған жағдайды былай түсіндіреді.
Емделу кезінде жұбайы оған келіп тұрған, алайда әйелдің айтуынша, ол жағдайдың қаншалықты күрделі екенін толық түсінбеген және болып жатқан жайтқа "әдеттегі нәрсе ретінде" қараған. Анар аурухана палатасында жатқанда жалғыздықты қатты сезінген, кейін ол бұл сезім отбасында ауруға дейін әлдеқайда бұрын пайда болғанын түсінген.
"Ауруханада өмірімнің ең ауыр сәттерінде де жалғыз қалсам, демек, баяғыда бір нәрсе дұрыс болмағанын түсіндім", - деп еске алады әйел.
Оның айтуынша, күйеуі әрқашан жақсы адам және әке болған, бірақ отбасы ол үшін бірінші орында болмаған: Анар қаржылық және тұрмыстық мәселелердің көбін өзі шешуге үйреніп кеткен. Бірақ мұны түсінсе де, ол ажырасу туралы шешімге жылдар бойы келген - үйреншікті әлеуметтік ұстанымдар тым күшті болды.
"Біз "ұят болады", "шыда" деген сөздерді естіп өстік. Бір сәтте өзіңді "ішпейді, ұрмайды, соның өзі жетеді" деп бақытты отбасы үшін осының өзі жеткілікті екеніне сендіресің. Бірақ жақсы адаммен жылдар бойы бірге тұрып, өзіңді шексіз жалғыз сезінуге және іштей ақырындап күйреуге болатыны туралы ешкім айтпайды. Мен кетуге салмақты себеп жоқ екенін өзіме дәлелдеуге ұзақ тырыстым. Бір күні денем өзім де мойындауға қорыққан шындықты айтқанша", - дейді Анар.
Анар - биылғы жылдың алғашқы үш айында некесі бұзылған 11 мыңнан астам қазақстандықтың бірі.
Семейлік Даниярдың отбасы үшін қызғаныштан туған жанжал некедегі бетбұрыс сәт болды. Он екі жылдық отауласқан және екі бала тәрбиелеген уақыт ішінде бұл ерлі-зайыптыны бостандық туралы сөйлесуге мәжбүр еткен алғашқы күрделі дағдарыс еді.
"Мен әйелімнің ер әріптестерімен қыдырғанын түсінбейтін адаммын, - деп еске алады ол. - Ашу үстінде қызғаныш таныттым, ал ол маған тым ерте тұрмысқа шыққандықтан, көбірек еркіндік қалайтынын айтты".
Данияр ажырасуға өзі арыз берген, бірақ көп ұзамай оны қайтып алған - жұп отбасын сақтап қалуға тырысты. Алайда бірнеше айдан кейін әйелі сезімінің суығанын және кету туралы шешімі түпкілікті екенін айтқан. Соттан кейін олар балалар үшін бір пәтерде бір жарым ай тұрған, кейін Данияр әйелінің басқа адаммен көңіл қосқанын білген.
"Бұл мен үшін күйреумен тең болды, жүрегіме пышақ сұққандай әсер етті. Өткенге көз жүгіртсем, бәрі қаншалықты күрделі болғанын тым кеш түсінгенімді ұғамын", - дейді ол.
Егер Данияр үшін қарым-қатынас өзі күтпегендей аяқталса, басқа отбасыларда серіктестіктің болмауынан ажырасу туралы шешімге жылдар бойы келеді. Мұндай жағдайда ерлі-зайыптының бірі тұрмыс пен қаржы үшін барлық жауапкершілікті өз мойнына алады, ал екіншісі шетте қалады. Осындай тәжірибеге Алматы тұрғыны Гүлнәр тап болды.
Ол күйеуімен үш жыл тұрған. Қытайда оқып жүргенде танысқан. Гүлнәрдың болашақ жары ол жақта он жыл тұрып, өзін-өзі асыраған. Алайда үйленгеннен кейін бәрі өзгере бастаған.
Гүлнәр алғашқы бір жарым жылда отбасын өзі асырағанын еске алады: ипотеканы төлеген, күйеуіне өз көлігін берген, тіпті киімін де сатып әперген. Ал күйеуі жұмыс іздемей, бұл туралы сөйлесуден қашқан.
"Жылау да, айқай-шу да болды. Сөйлесуге де тырыстым. Ал ол тек: "Кейін, кейін" деп жауап беретін. Ақыры соңғы алты айда бір пәтерде жат адамдар сияқты тұрдық", - деп еске алады Гүлнәр.
Кәсіби үйлестіруші Ольга Калининаның айтуынша, қазіргі әйелдердің қаржылық дербестігі оларға өздерін қанағаттандырмайтын қарым-қатынасқа төзбеуге мүмкіндік береді. Алайда ақшалай тәуелсіздіктің өзі барлық ажырасуды түсіндіре алмайды. Кейде бір тарап кетуге себеп іздей бастағанша, некеде реніш жылдап жинала береді.
Келесі кейіпкеріміз - Динара (есімі өзгертілген) - қызы дүниеге келген соң күйеуімен бірге туған қаласынан жақын туыстары жоқ Алматыға көшіп келген. Тұрмыс пен бала күтімі қосымша жүк болып, ерлі-зайыпты арадағы ренішті талқыламаған.
Әйелдің айтуынша, ол ажырасу туралы ойлана бастаған, бірақ оған ұзақ уақыт бойы бата алмаған. Күйеуінің опасыздығы шешуші мәселе болды. Ата-анасының некені сақтап қалу әрекеттерінен және тағы бірнеше ай бірге тұрғаннан кейін, жұбайы Динараға ештеңені өзгертпейтінін ашық айтқан.
"Мен сені баламның анасы ретінде жақсы көремін және сыйлаймын. Бірақ көзіңе шөп салуды жалғастыра беремін", - деп еске алады әйел.
Динара егер уақытында мәселелерді талқылап, жанжалды шешуді үйренгенде, некені сақтап қалуға болар еді деп есептейді.
Бірақ адамдар сөйлескенімен, бір-бірін естімегенде не болады?
Мараттың оқиғасы осы туралы. Оның он бір жылдық некесі ажырасу кезінде сот қызметкерлеріне жақсы таныс: "Мінезіміз сәйкес келмеді" деген тұжырымға тірелді.
"Әр жанжал сайын біз келіссөз үстеліне отыратынбыз. Тіпті балконға шығып, шай ішіп отырып, қағазға өз тілектерімізді жазатынбыз: ол менің бойымда нені өзгерткісі келеді, мен оның бойында нені көргім келеді. Біз бұл тізімдерге тура мағынасында қол қоятынбыз, - деп еске алады Марат. - Бірақ бір сәтте мен адамдар өзгермейтінін түсіндім".
Уақыт өте келе мәселе жекелеген жанжалдарда емес, өмірлік құндылықтардың әртүрлілігінде екені белгілі болды. Жұбайы еркіндікке және қарым-қатынастың еуропалық үлгісіне ұмтылса, Марат үшін кейбір нәрселер, мысалы, әйелінің түнгі уақытта барда жүруі қабылданбайтын жайт еді.
Отбасылық психолог Әсем Қалиеваның пікірінше, адамдар отбасының ықпалымен, жағдайға байланысты немесе жұбайы қандай болуы керек деген түсініктермен қарым-қатынасқа түсіп, кейін үміттерінің шындықпен сәйкес келмейтінін анықтайды. Содан кейін серігін сол қалпында қабылдаудың орнына, оны өзіне ыңғайлап өзгертуге тырысады.
Бірақ ажырасу бірнеше жыл бірге тұрудың нәтижесі ғана емес. Кейде ерлі-зайыпты қырық жылдық некеден кейін - балалар есейіп, ортақ тұрмыс қалыптасқанда, кенет "бізді енді не байланыстырады?" деген сұрақ туындағанда айырылысуға шешім қабылдайды.
Заринаның (есімі өзгертілген) ата-анасы дәл қырық жылдық тойы қарсаңында ажырасуға шешім қабылдаған. Әкесі бүгінде 67 жаста, анасы 60-та. Төрт онжылдық ішінде отбасында сезім туралы ашық сөйлесу әдеті қалыптаспаған. Жаңа жыл қарсаңындағы тұрмыстық жанжал соңғы тамшы болғанға дейін реніш жылдар бойы жиналып келген. Осыдан кейін Заринаның анасы үйден кетіп қалған.
"Олар бір-біріне тек жағымсыз эмоцияларын көрсететін: ренжісе - соны білдіреді. Ал мақтау немесе махаббат білдіру деген болмаған. "Бәрі осылай өмір сүреді, біз де солаймыз" деген ұстаныммен өмір сүрді. Бір сәтте анам өзінен: "Несіне шыдаймын?" деп сұрады", - дейді қызы.
Ажырасудың табиғаты туралы пікір білдірген тағы бір отбасылық психолог Динара Қожахметова мұндай ажырасулар көп жағдайда кездейсоқ болмайтынын атап өтті. Балалар есейгенше ерлі-зайыптыны бірге ұстап тұруы мүмкін. Ал олар өз бетінше өмір сүре бастағанда, жұп бетпе-бет қалып, көп жылдан бері алғаш рет араларында ортақ ештеңе қалмағанын түсінеді.
Сонымен қатар психолог Қалиева бүгінде 2–3 айға ғана созылатын қысқа некелер де жиі кездесетінін айтады. Оның сөзінше, көбіне мұндай жұптар үйлену туралы шешімді эмоция жетегімен қабылдайды, ал бірнеше аптадан кейін бірге болуға мүлдем дайын емес екенін түсінеді.
Көріп отырғанымыздай, бүгінде жұптар ажырасу туралы шешімге әртүрлі себеппен келеді: жиналып қалған жанжал мен опасыздықтан бастап, өмірлік көзқарастардың алшақтығына, тұрмысқа дайын еместікке және қаржылық теңсіздіктерге дейін. Бірақ кейбіреулер үшін бұл қадам жаңа сынақтың - айналадағылардың қысымының бастауы ғана болады.
"Жұрт не дейді?"Ажырасудан кейін ең жақын адамдарынан қолдау таба алатындар аз. Динара үшін бұрынғы күйеуінің опасыздығына байланысты некені ресми түрде бұзумен қатар, жаңа сынақ - туыстарының "менсінбеушілік" танытуы қоса келді.
"Егер мен біреудің күйеуімен сөйлесіп қалсам, әйелдері келіп: "Ары тұр" деп айта алатын. Ажырасқан әйел мәртебесі сені автоматты түрде өзгенің отбасына қауіп төндіретін және "екінші сұрыпты" адам қылатын сияқты сезім болды", - дейді кейіпкер.
Әсіресе, әр адамның өмірі көршілердің, туыстардың және таныстардың көз алдында болатын шағын елдімекендерде ажырасуға бел буғандарға өте қиын соғады.
Заринаның ата-анасы қырық жыл бірге өмір сүргеннен кейін ажырасуды ұйғарғанда, бұл жаңалық жергілікті бүкіл жұртқа тез таралды. Сол сәтте әйел некені сақтап қалу туралы үйреншікті ақыл-кеңестермен бетпе-бет келді.
"Жарайды енді, бәлкім, тағы шыдай тұрарсың? Өз күйеуіңді білмейтін бе едің?" - дейді Зарина ауылдастарының анасына айтқан сөздерін еске алып.
Мәдениеттанушы Самир Серкебаевтың айтуынша, шағын елдімекендерде отбасының дәстүрлі моделінің сақталуы ең алдымен экономикалық жағдайлармен түсіндіріледі. Шағын қалалар мен ауылдарда берік туыстық байланыстар аман қалу мен шаруашылық жүргізудің құралы болып отыр.
Ал қалалық ортада жалғыз тұру қаржылық тұрғыдан мүмкін болғандықтан, мұнда ажырасуға көзқарас әлдеқайда бейтарап қалыптасқан.
Ажырасуға көзқарас қалай өзгерді?Дегенмен, қазақстандықтардың бұл құбылысқа көзқарасының эволюциясын тарихи контекстен бөлек қарастыру мүмкін емес. Серкебаевтың айтуынша, жастық шағы 1980–1990 жылдарға тұспа-тұс келген ұрпақ үшін отбасы - аман қалудың жолы болды. Экономикалық тұрақсыздық жағдайында дәл осы отбасы адамның қауіпсіздігін, қолдауын және әлеуметтік мәртебесін қамтамасыз етті.
"Караван" газетінің 1996 жылғы 26 қаңтардағы саны, онда елдегі ауыр экономикалық жағдай туралы айтылады. Бұл сан ҚР Ұлттық кітапханасында сақтаулы. Фото: © Tengrinews.kz / Никита Данилин
"Сол кездегі адамдар үшін ажырасу тек жеке трагедия емес еді. Ол сәтсіздік, тіпті масқаралық ретінде қабылданды", - деп түсіндіреді мәдениеттанушы.
Бұл әсіресе ажырасқан әйелдерге көзқарастан байқалды. Серкебаевтың сенімінше, "ажырасқан әйел" ("разведёнка"), "тіркемесі бар ажырасқан әйел" ("разведёнка с прицепом") сияқты тіркестер сол кезде пайда болған. Мұндай сөздер әйелдің рөлі туралы дәстүрлі түсінікті - оның ең алдымен әйел және ана ретінде қабылдануын айқындады.
"Патриархалдық модельде ер адам таңдайды, жауапкершілік көтереді. Сондықтан жас және бұрын тұрмыста болмаған қыздар бағаланады. Ал балалы ересек әйел бұл нарративке сәйкес келмейді, сондықтан айыптауға ұшырайды. Оған "міні бар" адам ретінде қарайды, ал ер адам ажырасқаннан кейін де еркін әрі құнды субъект мәртебесін сақтап қалады", - дейді ол.
Уақыт өте келе бұл түсінік өзгере бастады. Мәдениеттанушының айтуынша, бұған құндылықтардың ауысуынан гөрі, өмір салтының өзгеруі көбірек әсер етті. Әйелдер білім алып, мансап құруға және өзін де, балаларын да дербес қамтамасыз етуге мүмкіндік алды, олардың некеге деген көзқарасы да өзгерді.
Бірақ қоғамның ажырасуға деген көзқарасы толерантты бола бастағанына қарамастан, әйелдерге қойылатын дәстүрлі талаптар әлі де күшті.
Бұған дейін сөзін келтірген Ольга Калинина неке саласында 15 жылдан бері жұмыс істейді және балалы серіктесті таңдау критерийлері тіпті қатаңдай түскенін көріп отыр:
"Қазір бірінші некесінен үш баласы бар немесе жасы 60-қа таяп қалған ер адам келіп: "Маған тек баласыз қалыңдық тауып беріңіз" дейді. Дәулеттілері: "Жұмыста да мәселелерім жетеді, үйге келіп біреудің баласының мәселесін шешкім келмейді" деп ашық айтады. Бүгінде сұранысқа ие қалыңдық - жасына қарамастан, баласы жоқ әйел", - дейді отбасылық қарым-қатынас жөніндегі маман.
Серкебаевтың болжамы бойынша, ажырасқан әйелдерге деген көзқарастың толық өзгеруі үшін шамамен 40–50 жыл қажет болуы мүмкін.
Неке туралы түсініктермен бірге ажырасу рәсімі де өзгерді. Бұрын мемлекеттік органдарға бірнеше рет барып, құжаттарды ұзақ рәсімдеуді талап ететін процесс, бүгінде кейбір жағдайларда тіпті Egov арқылы жүзеге асырылады.
Даниярдың әйелі ажырасқысы келетінін айтқанда, ол бәрін талқылап, бәлкім, райынан қайту үшін бірнеше ай уақыт болады деген сенімде еді.
"Мен бізді татуластырады, процесті үш-төрт айға созады деп ойладым. Ал бізге небәрі үш апта берді. Екінші отырысқа келгенімізде: "Біз сіздерді ажырастырып қойдық" дейді. Мен аң-таң болдым. Онлайн қатысуға өтініш жазып жатырмыз деп ойлағанмын", - деп еске алады ол.
Адвокат Шаймерден Байтуғанов бүгінде көптеген құжатты онлайн рәсімдеуге болатынын айтады: өтініш электронды сервистер арқылы беріледі, мемлекеттік бажды банктік қосымшалар арқылы төлеуге болады, ал қажетті мәліметтердің бір бөлігін сот өзі алады.
Егер ерлі-зайыптының кәмелетке толмаған балалары мен өзара материалдық талаптары болмаса, ажырасу процесі әдетте бір-екі айдың ішінде аяқталады. Алайда кішкентай балалар немесе мүліктік келіспеушіліктер болған жағдайда іс сотта қаралады. Мұндай соттар жиі WhatsApp-тағы топтық қоңырау арқылы - бұрынғы ерлі-зайыпты және судьяның қатысуымен өтеді және бар болғаны 10 минутқа созылады.
Цифрлық үкімет сайтындағы ажырасуға онлайн өтінім беруге болатын бөлімнің скриншоты
Бір қарағанда, ажырасу процесінің жеңілдеуі ажырасу санының өсуіне тікелей әсер еткендей көрінуі мүмкін. Алайда Самир Серкебаев бұл құбылыстар арасында тікелей байланыс жоқ деп санайды.
Мәдениеттанушының пікірінше, цифрландыру отбасылардың бұзылу себептерін өзгерткен жоқ, тек процедураны заманауи әрі ыңғайлы етті. Сарапшы статистиканың өсуіне әсер ететін негізгі факторлар әлдеқайда тереңде - қоғамның неке туралы түсінігінің өзгеруінде жатқанын атап өтті.
"Жұптар нақты мақсаттарды шешу үшін отбасын құрады: баспаналы болу, аяққа нық тұру, бала өсіру. Алайда балалар есейіп, өз бетінше күн кешетін деңгейге жеткенде, екі ересек адам бір-біріне енді қажет емес екенін сезінеді немесе, ең болмағанда, екеуіне бірге тұрудан көрі жалғыз тұру әлдеқайда оңайырақ бола бастайды".
Оның пайымдауынша, Қазақстан қазір басқа елдер артта қалдырған жолмен келе жатыр. Ірі қалаларда отбасының ескі дәстүрлі моделі біртіндеп жойылып, жаңасы енді ғана қалыптасып жатыр. Мәдениеттанушы дәл осы өтпелі кезең салдарынан сырт көзге бақытты көрінген жұптардың өзі қазір жиі ажырасады деп есептейді.
Мемлекет отбасын сақтап қалу үшін не істеп жатыр?Кейінгі жылдары отбасы тақырыбы қоғамдық талқылауларда ғана емес, заңдар мен мемлекеттік бағдарламалар деңгейінде де жиі айтыла бастады.
Мәселен, Қазақстанның жаңартылған Конституциясында неке ер адам мен әйелдің ерікті одағы ретінде анықталған. Сонымен қатар бүкіл ел бойынша отбасын қолдау орталықтары ашылып жатыр. Бүгінде ресми мәлімет бойынша олардың саны 160-тан асады. Мұнда адамдар психологтардан, заңгерлерден және әлеуметтік қызметкерлерден тегін көмек ала алады.
Мемлекет қаржылық жүктемені азайтуға да тырысып жатыр. Мысалы, "Наурыз" бағдарламасы ипотеканы төмендетілген мөлшерлемемен рәсімдеуге мүмкіндік берсе, "Отау" бағдарламасы жас отбасылар мен 35 жасқа толмаған азаматтарға бағытталған.
Орталық коммуникациялар қызметі сайтындағы Отбасы күнімен құттықтаудың скриншоты
Дегенмен, мұндай бастамаларға қарамастан, ажырасу көрсеткіші әлі де жоғары болып отыр.
Осы тұста бір қайшылық айқын байқалады: қазақстандықтар отбасы туралы көзқарасын қайта қарап жатқанда, мемлекет заңдар мен әлеуметтік жобалар арқылы оның дәстүрлі моделін сақтап қалуға тырысады.
Құқық қорғаушы Айман Омарова тек қаржылық немесе заңнамалық шаралар отбасылардың ыдырауын тоқтата алатынына күмәнмен қарайды.
"Өмірлік құндылықтары әртүрлі адамдарға бір шаңырақ астында ұзақ уақыт бірге тұру қиын", - деп есептейді сарапшы.
Бұдан бөлек, құқық қорғаушы атап өткендей, некеге тұру себептерінің өзі біртіндеп өзгеріп келеді. Қарым-қатынастар материалдық әл-ауқат төңірегінде көбірек құрылып жатыр, ал қаржылық негіз жоғалған кезде одақтың өзі де ыдырайды.
Сондай-ақ маманның пікірінше, қоғамдық тұлғалар мен медиа тарапынан таралатын қарама-қайшы сигналдар да үлкен мәселе тудырады.
"Бір жағынан, бізде танымал тұлғалар отбасы институттарын құрып жатса, екінші жағынан - медиа мен әлеуметтік желілерде әдепсіз әрекеттер жасайды. Осылайша, олардың дәстүрлі құндылықтарының құны көк тиын екенін көрсетеді. Тоқалдарды немесе балаларына алимент төлемейтіндерді жағымды етіп көрсетуге болмайды", - дейді Омарова.
Некеге деген көзқарастың өзгеруі құқық қорғаушыларды мәселенің басқа қыры туралы айтуға мәжбүр етеді: мемлекеттің дәстүрлі отбасын не болса да сақтап қалуға ұмтылуы кері әсер беріп, адамдарды берекесі кеткен одақта қалуға мәжбүрлеуі мүмкін. Мұндай бастамалар қауіпті қарым-қатынастан шығуды қиындатып, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың артуына әкеп соқпай ма?
Айман Омарова бұл қауіпті бөліседі, бірақ маңызды ескерту жасайды: қоғамдық қысым - бұл қауіп факторларының бірі ғана, бірақ жалғызы емес.
"Іс жүзінде жоқ отбасылық құндылықтарды жасанды түрде насихаттағанда, адамдар жайсыз жағдайда бірге қалады, ал күйеуі әйелін сабауын жалғастыра береді. Отбасылық дағдарыс пен тұрмыстық зорлық-зомбылықты ажырата білу маңызды: екіншісі - бұл "некенің ерекшелігі" емес, құқықбұзушылық", - деп түйіндеді құқық қорғаушы.
Мәдениеттанушы Самир Серкебаев бұл мәселеге сәл басқаша қарайды. Оның пікірінше, отбасылық-демографиялық саясат пен тұрмыстық зорлық-зомбылықтың өсуі арасындағы тікелей байланысты анықтау қиын, себебі мемлекет отбасы ішінде болып жатқан жайттарға араласа алмайды.
Осылайша, заңдар мен бағдарламалар тек некені сақтауға жағдай жасай алады немесе оны бұзу рәсімін жеңілдете алады. Бірақ адамдар үшін бәрі әлдеқайда ерте басталады - және сот шешімі шыққан күні аяқтала салмайды.
Ажырасудан кейінгі өмірҮш жыл бойы күйеуін асыраған Гүлнәр үшін айырылысу нағыз бостандық болды:
"Мен онымен некеде жүргенде-ақ ажырасып кеткен едім. Сондықтан бәрі аяқталғанда, маған барлық жағынан - психологиялық тұрғыдан да, қаржылай да жеңіл болып қалды".
Ал Динара күйеуінің опасыздығынан кейін өте ауыр бейімделу кезеңін бастан өткерді: "Психолог: серігіңнен айырылу оның өлімімен тең деді. Маған өте ауыр болды: өзім кеткім келгенімен, соншалықты жанға батар деп ойламаппын".
Туған-туыстарының айыптауы мен жалғызбасты ана болудың қиындығын бастан өткеріп, жылдар өткен соң әйел қайтадан тұрмысқа шықты - жаңа жары оның қызын өз баласындай қабылдады, ал өзі жан тыныштығын тапты.
Ажырасу тек бұрынғы ерлі-зайыптының ғана өмірін өзгертпейді. Кейде оның зардабын, есейіп, өз отбасын құрса да, балалар ерекше сезінеді.
"Отыздан асқан соң бұған оңайырақ қарауға болады деп ойлайтынмын, бірақ олай емес екен, бәрібір ата-анаң үшін уайымдайсың", - дейді 40 жыл отасқан ата-анасы ажырасып кеткен Зарина мұңайып.
Оның айтуынша, анасы ажырасуды эмоционалды тұрғыда әлдеқайда жеңіл өткерген: ол жоспар құрып, саяхаттап, шипажайға баруға дайындалып жүр. Оған жаңа қаржылық жағдайға бейімделу қиынырақ болды - көп жылғы некеден кейін бәрін нөлден бастауға тура келді. Ал әкесі үшін, керісінше, бұл жағдай моральдық тұрғыдан ауыр соқты - ол әлі де бұрынғы әйелімен қарым-қатынасын реттеуге ниетті.
Әйелдер мен ерлердің отбасының ыдырауын қабылдауы әртүрлі екені байқалады. Данияр он екі жыл некеде болған. Ерлі-зайыпты қызғаныштан туындаған жанжалдан кейін, небәрі бірнеше ай бұрын ажырасқан. Оның айтуынша, бұрынғы әйелі жаңадан тұрмыс құруға дайындалып жүр, ал өзі болған жағдайды әлі де қабылдауға тырысып жүр.
"Меніңше, адамдар асығыстық танытады. Егер опасыздық, зорлық-зомбылық немесе тәуелділік болмаса, көптеген мәселені шешуге болады. Ең бастысы - шешімді қызуқандылықпен қабылдамау керек", - деп есептейді ол.
Отбасылық өмірге деген көзқарастарының қайшылығынан үш жыл бұрын ажырасқан Марат үшін психотерапия демеу болды: ол тек уақыт өте келе және маманның көмегімен өз қателіктерін пайымдап, ажырасуды қабылдай алды, бірақ жаңа қарым-қатынасқа әлі дайын емес.
Инсульт алған Анар ажырасу мәселесіне басқаша қарайды. Ерлі-зайыпты он бес жыл отасқаннан кейін, үш ай бұрын ажырасқан. Оның бойында балаларының алдында әлі де кінә сезімі бар, бірақ ол өзіне күтім жасамай, балаларына да қамқор бола алмайтынын түсінеді:
"Осы жағдайдың бәрі басымнан өткенде, ұшақта миллион рет естіген "алдымен оттегі маскісін өзіңізге киіңіз" деген сөздің мән-мағынасын алғаш рет шын ұғындым. Өзім өмір сүруді, қайта оңалуды, күлімдеу мен бақытты болуды үйренбейінше, мұны балаларыма да бере алмайтынымды түсіндім".
Бұл ретте Анар ажырасуды біржақты жағымды оқиға деп санамайды.
"Мен үшін ажырасу - жеңіс те, бостандық та емес, бұл - жоғалту. Тек кейде паспорттағы мөрді сақтап қалудан гөрі, өзіңді сақтап қалу маңыздырақ болатын сәт туады", - деп түйіндейді әйел.
Осы оқиғалар мен сарапшылармен болған сұхбаттарға сүйене отырып, мынаны аңғаруға болады: егер бұрын ажырасу соңғы амал ретінде қабылданса, бүгінде көпшілік оны өмірлік сценарийдің бірі ретінде қарастырады. Бұл, бәлкім, расында жаңа қалыпты жағдай.
Процесс те жеңілдей түсті. Некені онлайн бұзуға, ал сотқа мессенджерлер арқылы қатысуға болады. Бұл ретте сарапшылар ажырасу санының артуына бұл емес, әлдеқайда тереңірек себептер әсер етіп отырғанына сенімді.
Осы өзгерістер аясында мемлекет дәстүрлі құндылықтардың маңыздылығына назар аударып, отбасы институтын нығайтып жатыр.
Қарым-қатынасты қандай да болсын жолмен сақтап қалуға тырысу дағдарысты бастан өткеріп жатқан жұптарға қосымша қысым түсіріп, кейбір жағдайларда олардың қауіпсіз ажырасуына кедергі келтіруі мүмкін.
Редакция Қазақстандағы әлеуметтік өзгерістерді зерттеуді жалғастырып жатыр. Бұған дейін мына материал жарияланды: "Қазақстанда әйелдердің еркектерге неге көңілі толмайды?". Ол әлеуметтік желілерде қазақстандық ер адамдар мен әйелдердің бір-біріне өкпе-ренішін жаудырып жатқанын бақылау нәтижесінде дайындалды.
Авторлары: Айнұр Әжібаева, Вячеслав Половинко
Дайындаған: Айнұр Қапышова
Google News арқылы жаңалықтарымызды қадағалаңыз
Жазылу