Неміс машинасын тоқтату қиын

16.06.2026

Egemen.KZ парақшасынан алынған ақпаратқа сүйене отырып, Qazaq24.com хабарлама жасады..

Екі ойын да тең аяқталды

Өз тарихында Канада әлемдік доп додасына екі мәрте ғана қатысты. Алғашында 1986 жылы Мексикада, екінші рет 2022 жылы Қатарда бақ сынады. Сол чемпионаттарда бас-аяғы алты ойын өткізіп, жеңілістен көз ашпады. «Ер кезегі – үшке дейін» демекші, Үйеңкі жапырақтар елі өкілдеріне осы жолы жайсыз статис­тиканы түзеуге жақсы мүмкіндік туындады. Олай деуге екі негіз бар. Біріншіден, Канада – спорттық шараны қабылдаушы мемлекеттердің бірі, топтық турнирді өз жерінде өткізеді. Екіншіден, тұсаукесер кездесуіндегі қарсыластары соншалықты мықты емес. ХХ ғасырдың 90-жылдарында ғана Югославиядан бөлініп шыққан Босния мен Герцеговина осыған дейін мундиальға бір рет қана қатысты. 2014 жылы Бразилиядағы турнирде босниялықтар бір ойында ұтып, екеуінде ұтылды.

Торонтодағы «Бимо Флид» стадионында тарихи оқиға тіркеліп, еліміздің Премьер-лигасында ойнайтын футболшы тұңғыш рет әлем чемпионатында өнер көрсетті. Ол – «Астананың» жартылай қорғаушысы Иван Башич. Кездесудің 21-минутында дәл сол хавбектің бұрыштамадан берген добын Йово Лукич баспен қақпаға дөп түсірді. 78-минутта Карл Ларин есепті теңестірді – 1:1.

Қатар мен Швейцария арасындағы матчтың 17-минутында Брил Эмболо пенальтиден гол соғып, командасын алға шығарды. Одан кейін де басымдық еуропалықтарда болды. Бірақ олардың толассыз шабуылы еш нәтиже бермеді. Ойынның соңғы минуттарында Буалем Хухи таразы басын теңестірді – 1:1.

АҚШ айбар көрсетті, Аустралия алдырмады

Сенбіде «D» тобындағы командалар жарысы өтті. Лос-Анджелестегі «Соу-Фай Стэдиумда» АҚШ құрамасы Парагвайды ойсырата ұтты. Барлығы жартылай қорғаушы Дамиан Бобадильяның 7-минутта өз қақпасына абайсызда гол соғып алғанынан кейін басталды. Бірінші тайм аяқталғанға дейін Фоларин Балоган екі мәрте мергендік танытты. Негізі оның хет-трик жасауы да мүмкін еді. Бірақ америкалық шабуылшының тағы бір добы есепке алынбады. Бұл ретте төреші «офсайд» белгіледі. 73-минутта Маурисио қарымта бір гол соққанымен, 90+7-минутта Джованни Рейн төртінші допты торда тулатты – 4:1.

Аустралия мен Түркия арасындағы кездесудің фавориті түріктер еді. Алайда жарысқа өте жақсы дайын­­дықпен келіп, сауатты тактика құра білген жасыл құрлық футболшыла­ры қарсыластарының бар жоспарын күл-талқан етті. Допқа иелік ету, соққы жасау, қақпаны жиі торуыл­дау, басқа да қимылдар жөнінде басымдық Андолы елі өкілдерінде болғаны рас. Бірақ олар одан ештеңе өндіре алмады. Аустралиялықтар аз шабуылдағанымен, екі рет нысананы дәл көздеп, түріктерді сазға отырғызды. Бірінші кезең бел ортадан ауған тұста, қарымта шабуыл кезінде Нестори Иранкунда есеп ашты.

Үзілістен кейін жеңіп жатқан команда түркиялықтардың сансыз шабуылына тойтарыс беріп қана қоймай, 75-минутта Коннор Меткалф алыс бұрышты дәл көздеді – 2:0.

«Атлас арыстандары» «Пентакампеондарға» төтеп берді

Астана уақытымен 03:00-де Бразилия мен Марокко шеберлік байқасты. «Атлас арыстандары» әлемнің бес дүркін чемпиондарынан еш қаймыққан жоқ. Ойынның алғашқы минуттарында африкалықтар алға ұмтылып, Пеленің отандастарын әбден қыспаққа алды. Карло Анчелоттидің командасы өз қақпаларына қарай ығысты. «Пентакампеондар» бірте-бірте өз-өз­деріне келіп, шабуылдай бастаған еді, алаңының ортасынан Браим Диас Исмаэль Сайбариге керемет пас берді. Көз іліспес жылдамдықпен Габриэл Ма­га­льяйнс мен Маркиньостың арасынан сытылып шыққан ПСВ-нің жартылай қорғаушысы допты Алисоннан асыра салды.

Қапияда жіберіп алған голдан кейін де бразилиялықтардың ойыны үйлеспеді. Тек 32-минутта ғана Винисиус Жуниор таразы басын теңестірді – 1:1. Мадридтің «Реалының» жұлдызы өз стилінде керемет соққы жасап, допты торға тоғытты. Шыны керек,  бұл бәсекеде Бразилияның басымдығы байқалмады. Керісінше, Марокконың футболшылары тамаша ойнады. Техникалары жетік, тактикалық сауаттылығында еш мін жоқ. Дриблинг жасау, дәл пас беру жағынан да Мохамед Уабидің шәкірттері «футбол сиқыр­шыларынан» кем соқпады. Қос ко­манда да бірнеше мүмкіндік бол­ға­ны­мен, бә­се­ке­нің соңына дейін тең есеп сақталды. 

Таң ата «С» тобындағы келесі жұп – Гаити мен Шотландия құрамалары алаңға шықты. 28 жылдан кейін мун­диаль­­ға қайта оралған еуропалықтар бұл матча жеңіске жетті – 0:1. Жалғыз  голды 28-минутта жартылай қорғаушы Джон Макгинн салды. 

Сегіз гол соғылған ойын

«Е» тобындағы тартысты Германия мен Кюрасао құрамалары бастады. Кезінде Англияның даңқты футболшысы Гари Линекердің «Футболды 22 адам ойнағанымен, түбі немістер жеңіске жетеді» деп айтқан қанатты сөзі бар. Ал небәрі 150 000 халқы бар, Кариб теңізінде орналасқан шағын ғана елдің футболшылары әлемдік доп додасына жолдама алады деп ешкім де ойламап еді. Бір айта кетерлігі, Кюрасао КОНКАКАФ аумағында өткен іріктеу турнирінде бірде-бір рет жеңілістің кермек дәмін татқан жоқ. Екінші кезеңде олар Гаити, Сент-Люсия, Аруба, Барбадостан басым түссе, үшінші турда Ямайка, Тринидад пен Тобаго, Бермуд аралдарын артқа тас­тады. Барлығы 10 кездесуде 7 рет же­ңіс­ке жетіп, 3 ойынды тең аяқтады. Доп айырмашылығы – 28:5.

Мундиальда Кюрасао даңқы алысқа тараған Германиямен жарты сағаттан аса уақыт тіресті. 6-минутта Феликс Нмеча соққан допқа олар 21-минутта Ливано Комененсияның голымен жауап берді. Бірінші кезеңнің аяқталуына шамамен 10 минуттай уақыт қалғанда «неміс машинасы» от алды. Енді оларды тоқтату мүмкін емес еді. Нико Шлоттербек (38- минут), Кай Хаверц (45+5 минут, пенальтиден), Джамал Мусиала (47-минут), Натаниеэль Браун (68-минут), Дениз Уедав (78-минут) бірінен соң бірі нысаны дәл көздеп, есепті 7:1-ге жеткізді.

 Жексенбі күнгі өзге матчтар мынадай нәтижемен аяқталды: Кот-д’Ивуар – Эквадор («E» тобы) 1:0, Нидерланд – Жапония («F» тобы) 2:2, Швеция – Тунис (F тобы) 5:1.

Соңғы жаңалықтар мен жаңартуларды жіберіп алмау үшін Qazaq24.com сайтынан бақылауды жалғастырыңыз, біз жағдайды қадағалап, ең өзекті ақпаратты ұсынамыз.
Читать полностью