Qazaq24.com, Aikyn.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып ақпарат бөліседі..
Несие алу бүгінде көптеген қазақстандық үшін үйреншікті қаржылық құралға айналды. Алайда қарыз рәсімдеу кезінде жіберілген қателіктер артық шығынға, төлемнің кешігуіне және қаржылық қиындықтарға әкелуі мүмкін. Несие аларда қандай жеті қателіктен сақтану керек?
1. Тек ай сайынғы төлемге назар аудару. Көпшілік несие рәсімдегенде ай сайын қанша төлейтініне ғана мән береді. Алайда төлемнің аз болуы несиенің тиімді екенін білдірмейді. Мерзімі ұзарған сайын жалпы төленетін пайыз мөлшері артуы мүмкін.
Сондықтан ай сайынғы төлеммен қатар, несиенің толық құнын және жалпы артық төлемді есептеу маңызды.
2. Жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесін ескермеу. Банктер ұсынатын номиналды пайыздық мөлшерлеме мен жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесі (ЖТСМ) бірдей емес.
ЖТСМ несие құнын салыстыруға мүмкіндік береді. Ол пайыздық төлемдермен қатар, есептеу тәртібіне сәйкес несиеге байланысты міндетті шығындарды да қамтиды. Сондықтан әртүрлі банктің ұсынысын салыстырғанда ЖТСМ көрсеткішіне назар аударған жөн.
3. Өзінің қаржылық мүмкіндігін дұрыс бағаламау. Несие алушылар кейде қазіргі табысына сеніп, алдағы шығындарын ескермейді. Жұмыстан айырылу, денсаулыққа байланысты шығындар немесе отбасылық жағдайдың өзгеруі қарызды өтеуді қиындатуы мүмкін.
Несие рәсімдемес бұрын ай сайынғы табысты, міндетті шығындарды және бұрыннан бар қарыздарды есептеу қажет.
4. Несие шартын толық оқымау. Кейбір азаматтар келісімшартқа қол қоярда оның негізгі талаптарымен ғана танысады. Соның салдарынан қосымша қызметтер, сақтандыру, төлем мерзімдері және міндеттемелер туралы маңызды ақпарат назардан тыс қалады.
Әсіресе мерзімінен бұрын өтеу тәртібін, төлем кешіккен жағдайда қолданылатын шараларды және қосымша қызметтердің шарттарын мұқият тексерген дұрыс.
5. Бір несиені жабу үшін екіншісін алу. Бұрынғы қарызды өтеу мақсатында жаңа несие рәсімдеу қаржылық жүктемені арттыруы мүмкін. Әсіресе жаңа несиенің пайыздық мөлшерлемесі жоғары болса немесе өтеу мерзімі ұзартылса, жалпы берешек көбейеді.
Қайта қаржыландыру кей жағдайда тиімді болуы мүмкін. Бірақ мұндай шешім қабылдамас бұрын екі несиенің толық құнын салыстыру қажет.
6. Бірнеше банктің ұсынысын салыстырмау. Несие алушылар көбіне жалақы түсетін немесе бұрыннан қызметін пайдаланатын банкке жүгінеді. Алайда басқа қаржы ұйымдары тиімдірек шарттар ұсынуы мүмкін.
Банктерді салыстырғанда пайыздық мөлшерлемені ғана емес, ЖТСМ-ді, жалпы қайтарылатын соманы, өтеу мерзімін және қосымша шығындарды да ескеру керек.
7. Қаржылық резервсіз несие алу. Барлық табысын күнделікті шығындар мен несие төлеміне жұмсайтын адамның күтпеген жағдайға дайын болуы қиын.
Сондықтан несие алар алдында төтенше жағдайларға арналған қаражат жинақтау маңызды. Қаржылық резерв табыс уақытша азайған жағдайда міндеттемелерді орындауға көмектеседі.
Несие – қосымша табыс емес, белгілі бір мерзімде қайтарылуға тиіс қаржылық міндеттеме. Сондықтан қарыз рәсімдеу туралы шешім қабылдағанда оның қажеттілігін, толық құнын және отбасылық бюджетке түсетін салмағын бағалау қажет. Ең бастысы – банктің қанша ақша беруге дайын екеніне емес, өзіңіздің қанша қарызды қиындықсыз қайтара алатыныңызға назар аудару.