Несие алуға өтінім мақұлданды : Ұлттық банк алаяқтықтың жаңа тәсілі жөнінде ескертті

15.10.2026

Sputnik.KZ парақшасынан алынған ақпаратқа сүйене отырып, Qazaq24.com хабарлама жасады..

АСТАНА, 15 қазан – Sputnik. Ұлттық банк "цифрлық сенімхат" туралы жалған хабарламалар арқылы жасалатын алаяқтықтың жаңа тәсілі жөнінде ескертті.

"Алаяқтар қазақстандықтарға азаматтарға арналған цифрлық үкімет сервисінің немесе екінші деңгейдегі банктердің атынан "цифрлық сенімхат" немесе "кредит" ресімделгені туралы хабарлама жібереді", - дейді банкте.

Хабарламада алушының атына "цифрлық сенімхат" ресімделгені, оны үшінші тұлғалар пайдаланып жатқаны немесе кредит алуға өтінім мақұлданғаны айтылады. Мән-жайды анықтау үшін көрсетілген нөмірге қоңырау шалу ұсынылады.

Мұндай хабарламаның басты мақсаты – адамды үрейлендіріп, көрсетілген нөмірге қоңырау шалуға мәжбүрлеу. Телефон арқылы сөйлесу кезінде алаяқтар "сенімхатты жоюды", "кредиттік өтінімді бұғаттауды" немесе "ақшалай қаражатты қорғауды" ұсынады, деп ескертті Ұлттық банк мамандары.

Кейін өздерін Ұлттық Банктің, арнайы мемлекеттік немесе құқық қорғау органдарының қызметкері ретінде таныстырып, азаматтың атына кредит ресімделгенін, компаниялар тіркелгенін, күдікті қаржы операциялары жүргізілгенін немесе ақша қаражатын жымқыру әрекеті жасалғанын хабарлайды.

"Осындай әрекеттердің алдын алуды сылтауратып, олар СМС арқылы келген кодты айтуды, банк картасының деректемелерін беруді, күмәнді мобильді қосымшаны орнатуды, ақшаны "қауіпсіз", "сақтық" немесе "жинақ" шотына аударуды не мобильді құрылғыны қашықтан басқаруға рұқсат беруді талап етеді", - деп жазылған хабарламада.

Ұлттық Банк банктердің, арнайы мемлекеттік және құқық қорғау органдарының қызметкерлері банк картасының деректемелерін, СМС арқылы келген кодтарды, карталар мен қосымшалардың PIN-кодтарын сұрамайтынын еске салды. Сондай-ақ, ақшаны "қауіпсіз шоттарға" аударуды немесе мобильді құрылғыны қашықтан басқаруға мүмкіндік беретін қосымшаларды орнатуды да ұсынбайды.

Сондықтан мұндай хабарламаны алған кезде көрсетілген нөмірлерге қоңырау шалуға, күмәнді сілтемелерге өтуге және белгісіз адамдардың нұсқауларын орындауға болмайды. Ақпаратты тексеру үшін тиісті банктің немесе азаматтарға арналған цифрлық үкімет сервисінің ресми байланыс орталығына хабарласу керек.

Маңызды жаңалықтар мен жаңартуларды өткізіп алмау үшін Qazaq24.com сайтын қадағалаңыз.
Читать полностью