Tengrinews.KZ парақшасынан алынған ақпаратқа сәйкес, Qazaq24.com хабарлайды..
Базалық мөлшерлеменің төмендеуі неліктен несиелер мен ипотека пайыздарына әлі әсер етпеді? Бұл сұраққа Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов жауап берді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Ұлттық банк басшысының айтуынша, базалық мөлшерлеме өзгергеннен кейін әсері бірден байқалмайды.
"Базалық мөлшерлеме әрқашан лагпен (кешігумен - ред. ескертпесі) әсер етеді. Бұл - бірінші. Екіншіден, базалық мөлшерлеме - қысқа мерзімді құрал. Сондықтан біз ол бойынша шешімді жылына сегіз рет қабылдаймыз. Базалық мөлшерлеме арқылы біз үш, бес немесе жеті жылдық несиелерге тікелей әсер етпейміз. Бұл жағдайды да ескеру қажет", - деп түсіндірді Тимур Сүлейменов.
Сонымен қатар, оның сөзінше, несие мөлшерлемелерін төмендету процесі басталып кетті.
"Дегенмен, мөлшерлемелердің төмендеуі біртіндеп басталды. Біз ақша-кредит саясаты туралы есеп пен кредиттеу туралы баяндаманы жариялаймыз, сол жерден мұны көруге болады", - деді Ұлттық банк басшысы.
Тимур Сүлейменов бұл механизмді келесі мысалмен түсіндірді: егер адам несиені жарты жыл бұрын рәсімдесе, Ұлттық банктің бүгінгі шешімі бұрын жасалған келісімшарт талаптарын өзгертпейді.
"Сіз несиені жарты жыл бұрын басқа базалық мөлшерлеме, экономика бойынша басқа болжамдар мен инфляцияның алдағы динамикасы кезінде алдыңыз. Бұл несие сізде алдағы үш жыл бойы болады. Біздің бүгін базалық мөлшерлеме бойынша шешім қабылдағанымыздан осы шарт бойынша сіздің құқықтарыңыз бен міндеттемелеріңіз өзгермейді. Несие қайта қаралғанша немесе толық өтелгенше, бүгінгі базалық мөлшерлеме оған ешқандай әсер етпейді", - деп мәлімдеді Ұлттық банк басшысы.
Осы себепті Ұлттық банк шешімі мен экономикадағы ақша құнының өзгеруі арасында уақытша лаг туындайды, деп толықтырды ол.
Брифингте банктердің жоғары табыстылығы аясында несиелердің неге қымбат болып қалып отырғаны туралы да сұрақ қойылды. Сүлейменов мұндай бағалаумен келіспеді.
"Биыл банктердің табыстылығы абсолюттік мәнде де, пайыздық мәнде де айтарлықтай төмендеді. Аса жоғары табыстылық кезеңі аяқталды", - деді ол.
Ұлттық банк басшысының айтуынша, бұған салықтық өзгерістер, реттеу шаралары, сондай-ақ реттеушінің өз шешімдері әсер еткен.
Қазақстанда базалық мөлшерлеме төмендетілді"Банктердің табыстылығы төмендеді және қалыпқа келіп жатыр. Біз мұны дұрыс деп санаймыз. Нақты цифрлармен сөйлеген жөн. Қазір банк табыстылығының қалыпқа келуі және бұл әсердің несие берушіге де, қарыз алушыға да тең бөлінуі жүріп жатыр деп есептеймін", - деп түйіндеді Сүлейменов.
Бүгін, 4 қыркүйекте, Ұлттық банк базалық мөлшерлемені жылдық 16,75-тен 16,25 пайызға дейін төмендеді. Бұл қатарынан үшінші рет төмендеуі. Маусым айында реттеуші екі жылда алғаш рет мөлшерлемені 18-ден 17 пайызға дейін, ал шілдеде 16,75 пайызға дейін азайтқан болатын.
Тимур Сүлейменов жаңа шешімді инфляцияның баяулауы және теңгенің нығаюымен түсіндірді. Тамызда жылдық инфляция 9,8 пайызға дейін төмендеді. Сонымен қатар Ұлттық банк басшысы сақталып отырған проинфляциялық тәуекелдерге байланысты мөлшерлемені одан әрі төмендету мүмкіндігі шектеулі екенін ескертті.
Google News арқылы жаңалықтарымызды қадағалаңыз
Жазылу