Nissan 2027 жылға қарай өз модельдерінің 90% ына ЖИ автопилот енгізеді

15.04.2026

Qazaq24.com, Inform.KZ дереккөзінен алынған ақпаратқа сүйене отырып жаңалық таратады..

Компания мәліметінше, жасанды интеллект қолданылатын автономды жүргізу технологиясы болашақ модельдердің шамамен 90 пайызына енгізіледі. Жаңа жүйе алғаш рет 2027 қаржы жылының соңына қарай жаңа Nissan Elgrand минивэніне орнатылады. Бұл көліктің сатылымы 2026 жылдың жазында басталады деп күтіліп отыр.

Автоөндіруші жаһандық стратегиясын қайта қарап, 2030 қаржы жылына қарай Жапонияда сатылым көлемін 550 мың көлікке, ал АҚШ пен Қытайда әрқайсысында 1 миллион данаға жеткізуді мақсат етіп отыр.

Салыстыра кетсек, 2024 жылы компания Жапонияда 461 мың, Солтүстік Америкада 1,3 миллион, ал Қытайда 697 мың автомобиль сатқан. Ал биылғы болжам бойынша Жапонияда бұл көрсеткіш 420 мыңға, Қытайда 653 мыңға дейін төмендеуі мүмкін.

Әлсіз қаржылық нәтижелер аясында Nissan модель санын 56-дан 45-ке дейін қысқартпақ. Компания сұранысқа ие әрі тиімді өнімдерге басымдық беріп, әр модель үшін қозғалтқыш нұсқаларын кеңейтеді.

Компанияның бас директоры Иван Эспиноса жаңа стратегия инвестицияларды оңтайландыруға, әзірлеу мерзімін жеделдетуге және нарық сұранысына икемді жауап беруге мүмкіндік беретінін мәлімдеді.

Қайта құрылымдау аясында Nissan жеті зауытын, оның ішінде Канагава префектурасындағы Оппама кәсіпорнын жабуды және шамамен 20 мың қызметкерді қысқартуды жоспарлап отыр.

Сонымен қатар компания Nissan X-Trail жол талғамайтын көлігінің гибрид нұсқасын және Nissan Juke кроссоверінің электрлі модификациясын таныстырды.

Айта кетейік, Nissan Таяу Шығыстағы күрделі ахуалға байланысты автокөлік өндірісін қысқартатынын мәлімдеген еді.

Қосымша ақпарат пен соңғы жаңалықтар үшін Qazaq24.com сайтын бақылаңыз.
Читать полностью