Ностальгия: Қазақстанның алғашқы банкноттарын еске түсіреміз

26.07.2026

Qazaq24.com, Tengrinews.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып ақпарат жариялайды..

Қазақстанда алғашқы теңге айналымға енгеніне 33 жыл болды. Осы жазда әлеуметтік желілерде ұлттық валютаның дизайны қайта талқыланып, жұрт алғашқы банкноттардың қандай болғанын еске алды. Осыған орай Tengrinews.kz ұлттық валютаның тарихына шолу жасады.

Қазақстандықтар ескі теңгелерді еске алды

Әлеуметтік желілерде қазақстандықтың бұрынғы теңгелер туралы жазбасы көпшіліктің назарын аударды. Жазба авторы "ескі банкноттардың қазіргі ақшаларға қарағанда көріктірек әрі қызығырақ болғанын" атап өткен.

Ұлттық валютаның дизайнына қатысты қолданушылардың пікірі екіге жарылды. Бірі теңгенің алғашқы сериялары ең әдемі көрінетінін және сағыныш сезімін тудыратынын мойындаса, енді бірі, керісінше, қазіргі банкноттардың да тартымдылығы кем емес деп санайды.

Дизайн не үшін өзгереді?

Ұлттық банктің мәліметінше, банкноттарды жаңарту - бүкіл әлемдегі орталық банктердің әдепкі тәжірибесі. қалыпты тәжірибе. Бұл технологияның дамуына және ақша жасауға пайдаланылуы мүмкін құрал-жабдықтар мен материалдардың қолжетімді бола түсуіне байланысты.

"Сонымен қатар, кейбір елдер банкнот дизайнына айтарлықтай өзгерістер енгізбей, тек ондағы қорғаныс элементтерінің кешенін ғана жаңартады, бұл көбінесе халыққа байқалмай қалады", - деп түсіндірді Ұлттық банк өкілдері.

Ал Қазақстанда қорғаныс элементтерін жетілдірумен қатар банкноттардың көркемдік безендірілуі де өзгереді. Мамандардың пікірінше, бұл да ақшаны қолдан жасаумен күресуге көмектеседі.

Ұлттық банк өкілдері реттеуші орган мен Банкнот фабрикасының мамандары банкноттардың қызмет ету мерзімін ұзарту, тозуға төзімділігін арттыру және оларды өндіру шығынын тиімді деңгейде ұстау бағытында тұрақты жұмыс жүргізетінін айтты.

Алғашқы банкноттар

1993 жылы 15 қарашада Қазақстанда кеңестік рубльдің орнына төл валютамыз - теңге айналымға енді. Банкноттардың алғашқы сериясы қазіргілерден айтарлықтай ерекшеленді: бет жағында көрнекті тарихи тұлғалардың портреттері, ал сырт жағында еліміздің сәулет ескерткіштері мен танымал жерлері бейнеленді.

Теңге тарихы дәл осы купюралардан басталды.

Ұлттық банктің айтуынша, алғашқы банкноттардың шартты атауы - "Портреттер".

Ол кезде ең ірі банкнот 100 теңге болатын. Қазақстандықтардың естеліктері бойынша, ұлттық валюта енгізілген алғашқы айларда 100 теңге өте қомақты сома болатын.

Бет жағында көрнекті мемлекет қайраткері, қолбасшы және Қазақ хандығының ханы - Абылай ханның (1711–1781) портреті орналасқан.

Фото: nationalbank.kz

Күлгін және қызғылт түстермен көмкерілген сырт жағында Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің фрагменті бейнеленген.

Фото: nationalbank.kz

50 теңге де алғашқы жылдардағы ірі ақша қатарына жатты.

Купюраның бет жағы қызыл және қоңыр түстерде бейнеленген. Негізгі бейне - мемлекет қайраткері, хан Әбілқайырдың (1693–1748) портреті.

Фото: nationalbank.kz

Сырт жағы қоңыр түстермен безендірілген. Негізгі бейне - Маңғыстау облысының жартастағы суреттері.

Фото: nationalbank.kz

Номиналы 20 теңгелік купюра алғашқы серияның ең көп қолданылатын банкноттарының бірі болды.

Бет жағы қоңыр түстермен безендірілген. Негізгі бейне - қазақтың ұлы ақыны, композиторы, ағартушысы және ойшылы Абай Құнанбаевтың (1845–1904) портреті.

Фото: nationalbank.kz

Сырт жағы қоңыр түстермен безендірілген. Негізгі бейне - бүркітші, қолына қыран құс қонған дәстүрлі аңшы.

Фото: nationalbank.kz

Егер 50 және 100 теңге ірі сома деп есептелсе, 20 теңгелік купюра күнделікті есеп айырысуда белсенді қолданылды.

Айналымда ғалым, тарихшы, этнограф және саяхатшы Шоқан Уәлихановтың портреті бейнеленген 10 теңгелік купюра одан да жиі кездесетін.

Фото: nationalbank.kz

Сырт жағы жасыл түстермен безендірілген. Оны Бурабайдағы Оқжетпес тауының бейнесі сәндеп тұр.

Фото: nationalbank.kz

5 теңгелік купюра негізінен ұсақ-түйек күнделікті сатып алу үшін пайдаланылды.

Ол өз заманының ең танымал банкноттарының бірі болды және ұзақ уақыт бойы күнделікті айналымда жүрді.

Фото: nationalbank.kz

Бет жағы қоңыр және қызғылт сары түстерде безендірілген. Негізгі бейне - қазақтың халық күйшісі, домбырашы және композитор Құрманғазы Сағырбайұлының (1818–1889) портреті.

Сырт жағы қоңыр және қызғылт түстермен безендірілген. Негізгі бейне - кесене кешені.

Фото: nationalbank.kz

Ал мынау - қазақ ақыны әрі импровизатор Сүйінбай Аронұлы мен Шығыстың ұлы ғалымы, ойшылы, математигі әрі философы Әл-Фарабидің портреттері бейнеленген 3 және 1 теңгелік купюралар.

Олар айналымнан шыққалы қашан, бірақ көпшілігі оларды әлі күнге дейін сағынышпен еске алады.

Фото: nationalbank.kz

Фото: nationalbank.kz

Анықтама: 2006 жылғы 15 қарашадан бастап 1993 жылғы үлгідегі номиналы 1, 3, 5, 10, 20, 50 және 100 теңгелік алғашқы банкноттар ресми түрде айналымнан шығарылды. Тағы алты жыл бойы оларды Ұлттық банкте айырбастауға мүмкін болды, алайда 2012 жылғы 14 қарашада бұл купюраларды қабылдау біржола тоқтатылды.

Бірақ бұл ең ұсақ қағаз ақша белгілері емес еді. Олармен қатар айналымда номиналы 50, 20, 10, 5, 2 және 1 тиындық қағаз тиындар да пайдаланылды.

Фото: nationalbank.kz

Дегенмен қағаз тиындар күнделікті айналымнан тез жоғалып кетті.

200 және 500 теңге

1994 жылдың өзінде-ақ айналымда номиналы 200 және 500 теңгелік купюралар, ал 1995 жылы - 1 000 теңгелік банкноттар пайда болды. Кейін Ұлттық банк бұдан да ірі номиналдағы банкноттарды шығара бастады.

"Құны жоғары банкноттарды шығару қажетіне байланысты айналымға "әл-Фараби" деп аталған екінші банкноттар топтамасы кезең-кезеңімен енгізілді. Оларда Шығыстың көрнекті ойшылы әрі ғалымы әл-Фарабидің бейнесі, сондай-ақ, Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің көріністері берілді", - деп түсіндірді Ұлттық банктегілер.

Алғашқы мың теңгелік купюра осындай болды.

Фото: nationalbank.kz

Фото: nationalbank.kz

Бір қызығы, сыртқы түрі ең жиі өзгерген дәл осы мың теңгелік купюра екен. Ол алғаш пайда болған сәттен бастап банкноттың дизайны шамамен алты рет жаңартылды. Тек безендірілуі емес, түстер гаммасы да өзгеріп отырды: басында ол жасыл-көгілдір түсте болса, кейін қоңыр түске ауысты, ал кейінірек қайтадан салқын реңктерге ие болды.

Ал бұл - номиналы 500 теңгелік алғашқы банкнот. Ауызекі тілде оны жиі "бесжүздік" немесе "пятихатка" деп атайтын.

Фото: nationalbank.kz

Біздің бақылауымызша, номиналы 200 теңгелік банкнот басқаларына қарағанда сирек өзгерген. Оның негізгі дизайны 2006 жылы жаңартылды және содан бері айтарлықтай өзгеріске ұшыраған жоқ.

Фото: nationalbank.kz

1996 жылы ұлттық валюта қатары номиналы 2 000 теңгелік банкнотпен толықты. Оның пайда болуы сол кезеңдегі экономикалық өзгерістерге байланысты болды.

Фото: nationalbank.kz

Фото: nationalbank.kz

Номиналы 5 000 теңгелік алғашқы банкнот айналымға 1999 жылы шықты. Оның дизайны сол кезеңдегі басқа ірі номиналдармен бірдей көркемдік тұжырымдамада жасалды: бет жағында көрнекті тарихи тұлғаның портреті, ал сырт жағында Қазақстанның сәулет ескерткіші бейнеленді.

Фото: nationalbank.kz

Сол уақытта 1, 3, 5, 10 және 20 теңгелік шағын номиналды банкноттар біртіндеп металл монеталармен алмастырылды. 2001 жылға қарай олар айналымнан толық шықты. Мұндай шешімнің бір себебі - шағын номиналды қағаз ақшалардың тез тозуы болса, монеталардың неғұрлым төзімді әрі пайдалануға ыңғайлы болуы еді. Кейіннен ұсақ монеталар қатары 100 және 200 теңгелік ірі номиналдармен де толықты.

Төрт жылдан кейін, 2003 жылы, айналымға номиналы 10 000 теңгелік алғашқы банкнот шықты. Бес мыңдық купюрадағыдай, оның бет жағында Әл-Фараби бейнеленген. Ал сырт жағында Іле Алатауы аясындағы қар барысы - Қазақстанның танымал нышандарының бірі орналастырылды.

Фото: nationalbank.kz

Фото: nationalbank.kz

2006 жылға дейін теңгенің сыртқы түрі іс жүзінде өзгеріссіз қалды. Осы жылдар ішінде Ұлттық банк банкноттарды біртіндеп жетілдіріп отырды: қорғаныс элементтерін күшейтті, безендірілуі мен түстер гаммасына шағын өзгерістер енгізді. Бұл ретте көрнекті тарихи тұлғалардың портреттері бейнеленген алғашқы серияның жалпы тұжырымдамасы сақталды.

Ұлттық валюта тарихындағы жаңа кезең 2006 жылы басталды. Ол кезде Қазақстан банкноттардың мүлдем жаңа буынын ұсынды - олар заманауи қорғаныс элементтерімен және бет жағында портреттер жоқ біртұтас безендіру тұжырымдамасымен ерекшеленді. 2006 жылдан кейін теңгенің қалай өзгергені туралы келесі материалда айтып береміз.

Еске салайық, 2026 жылғы 1 шілдеден бастап Қазақстанның ресми-құқықтық кеңістігінде ұлттық валютаның атауы "теңге" деп жазылуға тиіс.

Google News арқылы жаңалықтарымызды қадағалаңыз

Жазылу

Жағдайды бақылауды жалғастырыңыз, Qazaq24.com әрқашан ең жаңа жаңалықтарды ұсынады.
Читать полностью