Zakon.KZ парақшасындағы ақпаратқа сәйкес, Qazaq24.com хабар таратты..
Заң нотариаттық қызмет саласындағы мемлекеттік бақылаудың тиімділігін арттыруға және көрсетілетін қызметтердің сапасын жақсартуға бағытталған.
"Нотариат туралы" заңға нотариат саласындағы уәкілетті органның мәртебесін айқындайтын жаңа бап енгізілді.
Нотариат саласындағы уәкілетті мемлекеттік орган (Әділет министрлігі) – нотариаттық қызмет саласында мемлекеттік реттеуді, лицензиялауды және мемлекеттік бақылауды жүзеге асыратын, сондай-ақ нотариат туралы заңнамада көзделген өзге де функцияларды орындайтын мемлекеттік орган.
Сонымен қатар заң бірқатар жаңа нормалармен толықтырылды.
Атап айтқанда, нотариустардың электрондық нысандағы құжаттары міндетті түрде нотариаттық цифрлық мұрағатта қалыптастырылуға тиіс екені белгіленді.
Нотариаттық цифрлық мұрағат – нотариаттық бірыңғай цифрлық жүйенің құрамдас бөлігі болып табылады. Ол нотариаттық құжаттарды электрондық нысанда жинауға, толықтыруға, жүйелеуге, сақтауға, есепке алуға және пайдалануға арналған.
Нотариаттың бірыңғай цифрлық жүйесі атқарушылық жазба жасау туралы өтініштерді уәкілетті орган айқындайтын тәртіппен нотариустар арасында бөледі.
Осы заңда белгіленген жағдайларда нотариаттық цифрлық мұрағатқа қолжетімділікті аумақтық әділет органы мен нотариаттық палата қағидаларда көзделген тәртіппен басқа нотариусқа береді.
Сонымен қатар енді тағылымдамадан өтушілер тағылымдаманы нотариаттық қызмет өтілі кемінде бес жыл болатын нотариустың жанында өзінің тіркелген (тұрғылықты) жері бойынша өтеді.
Белгіленген талаптарға сәйкес келетін және тағылымдамадан өтуге ниет білдірген адам тағылымдамадан өтуге жіберу туралы өтінішпен аумақтық нотариаттық палатаға жүгінеді. Өтінішке нотариустардың тағылымдамадан өту тәртібі туралы ережеде белгіленген құжаттар қоса беріледі.
Сондай-ақ нотариус лицензиясының қолданылуын тоқтата тұрудың негіздері жаңартылды.
Лицензияның қолданылуы мынадай кезеңдерге тоқтатыла тұрады:
нотариус мемлекеттік қызметте болған кезде;нотариус мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен ақы төленетін, тұрақты немесе босатылған негізде қызметін жүзеге асыратын Құрылтай депутаты немесе мәслихат депутаты болып сайланған кезде;нотариус мерзімді әскери қызмет өткерген кезде;нотариустың өз өкілеттігін жүзеге асырмайтыны туралы өтінішінде көрсетілген мерзімге.Бұдан бөлек, заңға мынадай жаңа норма енгізілді.
Нотариус лицензиясының қолданылуы мынадай жағдайларда көрсетілген мерзімге тоқтатыла тұрады:
нотариаттық қызметпен айналысу құқығына берілген лицензиядан айыру туралы іс қозғалған жағдайда – сот актісі заңды күшіне енгенге дейін;нотариусқа қатысты қылмыстық іс бойынша прокурор айыптау актісін жасаған жағдайда – сот үкімі заңды күшіне енгенге дейін;прокурор айыптау хаттамасын, жеделдетілген сотқа дейінгі тергеп-тексеру хаттамасын, қылмыстық теріс қылық туралы хаттаманы бекітіп, Қылмыстық кодекстің тиісті бабы (баптары) бойынша қылмыстық істі сотқа жіберу туралы шешім қабылдаған жағдайда немесе Қылмыстық-процестік кодекстің 617-бабының төртінші бөлігінде көзделген тәртіппен процестік келісім жасалып, сотқа дейінгі тергеп-тексеру аяқталған жағдайда – сот актісі заңды күшіне енгенге дейін.Нотариус лицензиясының қолданылуы тоқтатыла тұрған жағдайда аумақтық әділет органы мен нотариаттық палата нотариустың қағаз және электрондық нысандағы барлық құжаттарын, оның ішінде нотариаттық цифрлық мұрағатты басқа нотариусқа беру жөнінде қажетті шараларды қабылдауға міндетті.
Нотариус лицензиясынан айырудың бірқатар жаңа негіздері енгізілді:
нотариустың нотариаттық әрекеттерді жасау кезінде Қазақстан Республикасы заңнамасын бірнеше рет (екі және одан да көп рет) бұзуы;нотариустың Қазақстан Республикасы заңнамасын бұзуы салдарынан мемлекеттің, жеке және заңды тұлғалардың мүдделеріне зиян келтіруі;нотариустың электрондық цифрлық қолтаңбасының (ЭЦҚ) жабық кілтін басқа адамдарға заңсыз бергені анықталуы;нотариустың дербес деректер және оларды қорғау туралы Қазақстан Республикасы заңнамасын бірнеше рет (екі және одан да көп рет) бұзуы.Нотариус лицензиясының қолданылуы тоқтатылған жағдайда аумақтық әділет органы мен нотариаттық палата нотариустың қағаз және электрондық нысандағы барлық құжаттарын, оның ішінде нотариаттық цифрлық мұрағатты басқа нотариусқа немесе жеке нотариаттық мұрағатқа беру жөнінде, сондай-ақ лицензияны лицензия берушіге тапсыру үшін алып қою және нотариустың мөрін жою жөнінде шаралар қабылдауға міндетті.
Нотариус нотариаттық қызметті тоқтататыны туралы аумақтық әділет органына хабарлама жібергенге дейін сақтауында тұрған қағаз және электрондық нысандағы барлық құжаттарды, оның ішінде нотариаттық цифрлық мұрағатты басқа нотариусқа немесе жеке нотариаттық мұрағатқа өткізуге, сондай-ақ нотариустың мөрін аумақтық нотариаттық палатаға тапсыруға міндетті.
Нотариустарға сенімгерлік басқаруға берілген және өз меншігіндегі коммерциялық ұйымдардың жарғылық капиталындағы үлестерден (акциялар пакетінен), сондай-ақ пайдаланылуы табыс әкелетін өзге де мүліктен табыс алу құқығы берілді. Бұл ретте өзіне заңды түрде тиесілі ақша қаражаты мен мүліктік жалға берілген мүлік бұл талапқа жатпайды.
Мүлікті сенімгерлік басқару шарты міндетті түрде нотариаттық куәландырудан өткізілуі тиіс.
Нотариус өзіне тиесілі облигацияларды, ашық және аралық пайлық инвестициялық қорлардың пайларын сенімгерлік басқаруға бермеуге құқылы.
Сонымен қатар нотариаттық палатаның және Республикалық нотариаттық палатаның тәртіптік комиссиясының мәртебесі нақтыланды.
Нотариаттық палатаның тәртіптік комиссиясы төрағасы мен мүшелерінің өкілеттік мерзімі төрт жылды құрайды.
Бір адам нотариаттық палатаның тәртіптік комиссиясының төрағасы болып бір реттен артық сайлана алмайды.
Өзіне қатысты шағым қаралып жатқан адамның нотариаттық палатадағы мүшелігі, егер оған қатысты тексеру жүргізіліп жатса немесе тәртіптік іс қозғалған болса, тексеру немесе тәртіптік іс жүргізу аяқталғанға дейін тоқтатылмайды. Ал заң бұзушылық анықталған жағдайда – нотариаттық палатаның тәртіптік комиссиясы заң бұзушылық туралы істі қарап, тәртіптік жаза қолдану мәселесін толық аяқтағанға дейін мүшелігі тоқтатылмайды.
Республикалық нотариаттық палатаның тәртіптік комиссиясы төрағасы мен мүшелерінің өкілеттік мерзімі де төрт жылды құрайды.
Бір адам Республикалық нотариаттық палатаның тәртіптік комиссиясының құрамына бір реттен артық кіре алмайды.
Нотариаттық палаталарға нотариаттық палата жарғысында көзделген мүшелік жарналарды қоспағанда, кіру жарнасын немесе өзге де жарналар мен төлемдерді алуға жол берілмейді.
Бұдан бөлек, заңда нотариаттық қызмет саласындағы мемлекеттік бақылауды жүзеге асыру тәртібі нақтыланды.
Заңның өзге де нормаларымен толығырақ сілтемеге өту арқылы таныса аласыздар.
Заң жекелеген нормаларды қоспағанда, 8 қыркүйектен бастап қолданысқа енгізіледі.