Qazaq24.com, Aikyn.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып мәлімдеме жасады..
Әуезов театры қазақ руханиятының шежіресі болса, Нүкетай Мышбаеваның тағдыры сол тарихпен біте қайнасып жатыр. Себебі бүтін бір саналы ғұмырын өнерге арнаған актрисаның жетпіс жылға жуық өмірі театр сахнасымен тікелей байланысты. Осыған орай біз жақында Халық әртісін атаулы мерейтойымен құттықтап, апамызбен сырласып қайттық.
– Нүкетай апа, биыл – қазақ театр өнері үшін ерекше жыл. Кезінде өзіңіз қызмет еткен М. Әуезов театры биыл ғасыр жасын атап өтті. Қара шаңырақтың ғұмырыңызда алар орны бөлек екенін білеміз. Сондықтан сауалымызды әуелі осы бір өнер ордасы жайынан бастасақ. Өмір жолыңыз театрмен қалай сабақтасып жатыр? Сахна Нүкетай Мышбаева болып қалыптасуыңызға қалай әсер етті?
– Мен бала күнімнен өнерге ерекше ынтық болып өстім. Себебі біздің шаңырақтың өзі өнерге біртабан жақын еді. Анам әнші әрі айтыскер ақын болса, ағаларым домбыраның құлағында ойнайтын. Қысқасы, өнерді серік еткен ортада тәрбиелендім. Осындай ортада өскен соң менің де өнерден алыс кетуім мүмкін емес еді. Анамның айтуынша, бір жасымнан бастап ән айтып, би билеппін. Сол кездері үлкен әжелеріміз біздің үйде жиі бас қосатын. Сонда менің билеп, ән айтып жүргенімді көрген олар: «Ойпырым-ай, мына балаға тіл тимесін», – деп алаңдап, таңданысын жасыра алмайды екен. Ал анам болса, бәрінен бұрын менің жарқын болашағыма сенетін. Ол үнемі: «Менің қызым өскенде әртіс болады», – деп нық айтатын. Ол заманда актер болуды жұрт онша құптай бермейтін, «қаңғып жүретін кәсіп» деп қарайтындар да болды. Бірақ анам өнердің киесін, таланттың қадірін білетін адам еді. «Әртіс болу үшін шынайы талант керек. Табиғи дарыны бар адам өзі армандаған оқуына барады да, содан бақыт табады», – деуші еді. Менің өнерге келуім – анамның сенімі мен тәрбиесінің жемісі.
Осы уақытқа дейін театр сахнасында комедия, драма, трагедия жанрында болмасын, сан алуан рөлді сомдадым. Сол рөлдің бәрін шынайы жеткізіп, көрерменнің ықыласына бөлену – мен үшін ең үлкен бақыт. Міне, таяуда ғана тоқсан жылдық мерейтойымды атап өттім. Кезінде театрсыз күн кешу мүмкін емес сияқты көрінетін. Қазір жас келіп, үйде отырған соң сахнаны қатты сағынамын. Мені осы дәрежеге жеткізген де – театр мен көрерменім. Театр – менің өмірім. Өнерді өмірімнен артық жақсы көріппін. Өнерге деген шексіз махаббаттың арқасында театр сахнасында жетпіс жылға жуық қызмет еттім.
Сәбит Оразбаев екеуміз ғана қалдық...
– Театрға Асанәлі Әшімов, Сәбит Оразбаев, Фарида Шәріпова, Әнуар Молдабеков, Райымбек Сейтметов, Раушан Әуебаева сияқты кіл мықтылармен қатар келдіңіз. Соған қарағанда өнер иесі ретінде жетілуіңізге шығармашылық ортаңыз көбірек ықпал еткен сыңайлы...
– 1959 жылы әртіс боламын деген бір топ талапкер болып, М. Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театры табалдырығын аттадық. Арамызда Асанәлі Әшімов, Сәбит Оразбаев, Фарида Шәріпова, Әнуар Молдабеков, Райымбек Сейтметов, Раушан Әуебаева сияқты қазақ өнерінің маңдайалды тұлғаларына айналған дарындар болды. Бізді арнайы іріктеп, театрға алып келген – Құрманбек Жандарбеков. Ол кісі біздің бойымыздан бір үміт, бір от көрді ме, әйтеуір бәрімізді бір шаңырақтың астына жинады. Сол кезеңнен бері біз туыстай жақынға айналып, бір-бірімізге білгенімізді бөлістік. Көбіміз осы сахнада жетпіс жылға жуық еңбек еттік. Шынында да, біз келген орта – нағыз таланттардың ордасы еді. Әрқайсысы бір-бір мектеп, бір-бір әлем болатын. Әсіресе, Фариданың нәзік те терең болмысы, Асанәлінің сахнадағы қуаты, Райымбектің тегеуріні, Раушанның табиғи шынайылығы – бәрі де біз үшін үлкен мектеп болды. Осындай алыптардың ортасында жүріп, біз де шыңдалдық, өстік. Қазір сол буыннан Сәбит Оразбаев екеуміз ғана қалдық... Көбі о дүниеге аттанды. Әрине, қатты құлазыдық. Дегенмен амал нешік, қолдан келер шара бар ма, қызым?..
Тоқпановтың талабы қатал, тәртібі мығым болды
– Өткенге шегінсек, тағдыр жолыңыздың театрмен тоғысуына Асқар Тоқпановтың бірауыз сөзі әсер еткен. Өнердегі бастауыңыз жайлы сөз қозғалғанда, Тоқпановтың мектебінен тәлім алған шәкірт ретінде ойыңызға алғаш не оралады?
– Бала күнімдегі ең асқақ арманым – әнші болу еді. Сол арман жетегімен құжатымды ән факультетіне тапсыруға келдім. Жастайымнан Роза Бағланова секілді сахнада ән шырқасам, ел ықыласына бөленсем деп қиялдайтынмын. Емтихан кезінде оның әнін айтып тұрғанымда, аудиторияға бір кісі кіріп келді. Жұрттың бәрі орнынан түрегеліп, ерекше ілтипатпен қарсы алып жатты. «Асеке, жоғары шығыңыз» деген дауыстар естілді. Ауылдан енді ғана келген мен ол кісінің кім екенін білмедім. Ән айтып тұрған менің бойымда Роза Бағлановадан да асып түсемін деген балаң қиял болды. Сол сәтте әлгі кісі менің қайдан келгенімді сұрады. «Нарынқолдан келдім», – дедім. Сонда ол: «Райымбек ауданынан екенсің ғой, аруақ қолдасын, қызым. Дауысың жаман емес. Бірақ сен әнші емес, актриса болуың керек», – деді. Бұл – Асқар Тоқпанов еді. Әрине, оның ұсынысына бірден келісе қойған жоқпын. Себебі әнші болам деген арманымнан алыстағым келмеді. Сонда ол кісі: «Қызым, Роза – біреу. Ол ешқашан екеу болмайды. Бізге кел. Драма театрының әртісі болатын балалар менің биыл ашқан факультетіме келеді», – деп мені өзінің мектебіне шақырды. Сол бірауыз сөз тағдырымды басқа арнаға бұрып жібергендей. Тоқпанов – өте білімді, өз ісінің нағыз шебері еді. Біз ол кісіден қатты именетінбіз. Талабы қатал, тәртібі мығым болды. Сабақта этюд көрсеткенде, кейде күліп отырады, кейде бірден тоқтатып, «әртіс болам деген адам өзгеше болуға тиіс» деп бізді сын астына алатын. Ұрысса, оңдырмай ұрысатын. Бірақ сол қаталдықтың артында бізді әртіс ретінде шыңдау, сахнаға лайық тұлға қалыптастыру мақсаты жатты. Біз Тоқпановтың тәрбиесімен шыңдалдық. Сабаққа салғырт қарауға болмайтынын ұғындық. Оның әр тапсырмасына тыңғылықты дайындалып, өз-өзімізді қамшылап жүрдік. Тоқпанов бізді жай ғана оқытып қойған жоқ, кәсіби жолға салды, сахна мәдениетін, өнердің жауапкершілігін үйретті. Асқар Тоқпановтың мектебінен өткен жастар кейін театрға келіп, басты рөлдерді сомдады, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді.
Сәбира Майқанова, Фарида Шәріпова үшеуміз көрші тұрдық
– Өзіңіз жайлы оқырман біле бермейтін дерек, кезінде Фарида Шәріпова мен Сабира Майқанова үшеуіңіз бір аулада көрші тұрдыңыздар. Бұл сіздердің өнерде де, өмірде де жақын болуларыңызға әсер еткен тәрізді. Осы кезеңді еске түсірейікші...
– Иә, ол бір ерекше, сағынышқа толы дәурен еді. Театр бізге баспана беріп, бәрімізді бір аулада табыстырды. Сол жерде Сәбира Майқанова, Фарида Шәріпова үшеуміз көрші тұрдық. Бір аулада тұрған соң театрға да күнделікті бірге қатынайтынбыз. Сол жылдары Фариданың жары Ыдырыс Ноғайбаевтың астында көлігі болатын. Үшеуіміз де театрға ылғи соның көлігімен барып келіп жүрдік. Сәбира мен Фарида қандай керемет актрисалар болды десеңізші... Сәбира апам анамдай аяулы жан болса, Фарида жан сырымды ақтаратын жақын досыма айналды. Біз бір-бірімізге жиі қонаққа барып, ұзақ әңгіме-дүкен құратынбыз. Екеуі де қазақ сахнасының бірегей, қайталанбас актрисалары. Сәбира апам сахнада қандай шынайы болса, өмірде де сондай табиғи қалпынан айнымайтын. Ішкі мәдениеті биік, парасаты терең жан еді. Ал Фарида – сахнада да, өмірде де ерекше жаратылған тұлға. Оның өнері де, адами болмысы да бөлек болатын. Фарида – сахнада теңдесі жоқ актриса ғана емес, отбасында да өз орнын тапқан аяулы ана болды. Бізді тәрбиелеген – сол буынның үлкендері. Сәбира Майқанова, Шолпан Жандарбекова, Бикен Римова, Елубай Өмірзақов сынды театр әлемінің тарландары біз үшін екінші мектеп болды. Олар бізді үйретіп қана қойған жоқ, бауырына тартып, қамқорлық танытты. «Таланттарың бар» деп үміт артып, үлкен рөлдерді сеніп тапсыратын. Сол сенім бізге күш берді, қиялымызға қанат бітірді.
– Сұхбаттарыңызда театр өнерінің саңлақтары Сәбира, Шолпан, Бикен апаларымыз сізді туған қызындай қарап, қамқорлық танытқанын жиі айтасыз. Өзіңізден кейінгі буын арасында осындай сабақтастық сақталды ма?
– Театрға алғаш келген күнімізден-ақ бізді үлкен буын ерекше ықыласпен қарсы алды. Біз оларды «апа» деп туған анамыздай сыйладық. Алдынан кесіп өтпей, бағыт-бағдарымызды соларға қарап түзейтін едік. Бір сапарымызда Бикен апа мен Шолпан апа екеуі бір нөмірде, ал біз 5-6 қыз болып бір бөлмеде жаттық. Сол кезде Шолпан апам мені шақырып алып: «Толған қыздың арасында не бітіресің, бізге келіп жат», – деп өз қасына алғысы келді. Әйтеуір, мені өздерінше жақсы көретінін сезіп тұратынмын. Ал мен болсам қысылғаннан: «Ұят болады, бармай-ақ қояйын, осында жата беремін», – дедім.
Кезінде үнемі тастамай киетін бір көйлегім бар еді. Сол көйлек өзіме қатты ұнайтын. Бір күні Сәбира апам қарап отырып әзіл аралас: «Әй, Нүкетай, өзің оймақтай болып алып, мына көйлегіңді тастамай киесің ғой», – дегені бар. «Басқа да көйлектерім бар, апа, бірақ өзіме осы көйлек ұнайды», – деймін. Сонда «Шеш, өлшейік» деді. Неге екенін түсінбей, бойымды өлшеп алды. Кейін білдім ғой, Сәбира апамның өзі ісмер, киімге шебер еді. Сөйтсем, театрдың ашылатын күні Бикен апа екеуі маған арнайы көйлек тіктіріп қойыпты. Шақырып алып, «киіп көр» деді. Көйлек үстіме дәл келді. Тап бір өзіме құйып қойғандай. «Сахнаға осы көйлекпен шығасың» деді. Олардың сөзін жерге тастай алмадым. Олардың жастарға деген ықыласы ерекше болатын. Біз сол мейірімнің, сол талаптың ортасында өстік. Әр сөзі, әр қимылы – біз үшін нағыз мектеп еді. Әсіресе, Сәбира Майқанова, Бикен Римова, Хадиша Бөкеева апаларымыздың сахнадағы үні балконда отырған көрерменге дейін анық естілетін. Сөздің салмағы, дауыс мәдениеті дегенді сол кісілерден үйрендік. Бүгінгі заман басқа, талап басқа. Жастардың да өз деңгейі бар, киінуі де, өзін ұстауы да өзгеше. Қазіргі жастарды нашар деп айта алмаймын, бірақ кейде олардың үніне қарап, студент кезінде дұрыс қалыптаспаған шығар деген де ой келеді... Өзім жақсы адамдарды көрсем, оларды туған қызымдай көремін. Қолымнан келгенше ақылымды айтып, бағыт көрсеткім келеді. «Сахнада бәсең сөйлеме, көрерменге дауысың жетсін» деп ақылымды айтып жүремін. Олар да басын иіп, мені өздерінше қадірлей бастайды. Ұрпақтар арасындағы сабақтастық әлі де үзілген жоқ деп ойлаймын, жарығым.
– Байқауымызша, сізді өнермен көп нәрсе байланыстырады. Театрға қызмет ете жүріп өмірлік жартыңызды сахнада жолықтырсаңыз, қайын енеңіз де елге белгілі өнер адамы болды. Отбасыңызда перзентіңіз де шығармашылықтан кенде емес. Осыған қарап өнер саласымен тұтас бір династия айналысты деп айта аламыз ба?
– Иә, біз отбасымызбен өнерге жақынбыз. Қызым Земфира – мәдениеттанушы. Ол ерікті ретінде қазақ тілінің дамуына өз үлесін қосуды азаматтық парызы санайды. Қазіргі қазақ тілінің жай-күйіне алаңдап, осы бағытта түрлі бастаманы қолға алып жүр. Сондай бір жобаларының бірі – қазақ тілін жырларды жаттау арқылы оқыту. Бұдан бөлек, тағы бір бастамасы Алматы қаласындағы көрнекі жарнамалардағы тілдік қателерді түзетуге бағытталған. Сонымен қатар «Киелі Жетісу» атты сайты бар, сол жерде өз мақалаларын жариялап отырады. Біздің отбасымыз үшін өнер мен руханият – ажырамас ұғым. Сондықтан мұны белгілі бір деңгейде шығармашылық сабақтастық, рухани жалғастық деп айтуға әбден болады.
– Ел анасы ретінде бүгінгі өскелең ұрпаққа қандай ақыл-кеңесіңізді айтар едіңіз? Неге үйреніп, неден жиренуіміз керек?
– Әр дәуірдің өз талабы, өз ағымы бар. Қазір заман басқа. Дегенмен санасы сергек, ойы озық жас қай кезеңде де өзін жоғалтпайды деп сенемін. Менің айтарым, ең алдымен, жастар үлкенді сыйлауды ұмытпауы керек. Адамның жүрегін ауыртатын орынсыз сөзден аулақ болған жөн. Біз ауылдың тәрбиесін көріп өскен буынбыз. Үлкен кісіні көрсек, басымызды иіп, сәлем беретінбіз. Тағы бір айтарым – адалдық. Өтірік айтпау, шындыққа берік болу – адамның ең асыл қасиеттерінің бірі. Адамды сүю, айналаңа мейіріммен қарау да – үлкен мінез. Осындай қасиеттер адамды биіктете түседі, тұлға ретінде қалыптастырады. Саналы адам өзін-өзі тәрбиелейді, өз жолын табады. Ал санасыздық – адамды адастыратын нәрсе. Сондықтан әр жас ең алдымен өзінің ішкі мәдениетін, адамгершілік болмысын қалыптастыруға мән беруге тиіс деп айтқым келеді.
Сахнадағы серіктерімді жиі сағынамын
– Ғасырға жуықтаған ғұмыр жолыңызға қарап нендей баға берер едіңіз, апа? «Әттеген-айлар» көп болды ма?
– Мен үшін ең бастысы – сахнаға деген адалдық. Театрда жетпіс жылға жуық адалынан еңбек еттім. Әр рөліме үстірт қараған емеспін. Сахнада кейіпкерімнің сөзін жай ғана жатқа айтып бере салмай, оның болмысын, жүріс-тұрысын, сөйлеу мәнерін, жан дүниесін терең зерттеп, жүрегімнен өткізіп барып қана сахнаға шығатынмын. Сол жауапкершілік менің бүкіл шығармашылық жолымның өзегіне айналды. Бүгін өткен өміріме көз жүгіртсем, театрыма, көрерменіме алғыстан басқа айтарым жоқ. Өйткені мен оларды шын жүрегіммен жақсы көрдім. Ал адам шынайы ықыласты әрдайым сезеді. Сол себепті көрермен де мені қастерлейді деп ұғамын. Енді, міне, жасым тоқсаннан асты, тәубе! Қазір кішкене ауырыңқырап жүрмін, айналайын.
– Жылдар жылжыған сайын көңіл төрінен орын алған жандардың қатары сирей береді. Жаныңызға мұң ұялататын осы тұс емес пе? Кімді сағынасыз, кімге сыр шертесіз?
– Уақыт өткен сайын адамдар о дүниеге кете береді екен... (күрсінді) Әсіресе, бірге оқыған, бірге қызметтес болған өзімнің қатар құрбыларым, жаттан жақынға айналған достарым бақилыққа атттанғанда, бұл хабарды қабылдау оңай болған жоқ. Қабырғам қайысты... Әсіресе, сахнадағы серіктерім Асанәлі Әшімов, Фарида Шәріпова, Әнуар Молдабеков, Райымбек Сейтметов, Раушан Әуезбаеваларды жиі сағынамын. Бәрі де жүрегіме жақын адамдар еді, сондықтан олардың әрқайсысын бөліп-жарып айту да қиын. Қазір сол күндерді, бірге өткен сәттерді еске алып, іштей сағынышпен еске аламын. Жас ұлғайған сайын мұндай сезім тереңдей түседі екен. Дегенмен тағдырға разымын.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан
Алтынай БАУЫРЖАНҚЫЗЫ