Нұралхан Көшеров: Түркістанда әлеуметтік экономикалық өсім тұрақты

19.02.2026

Qazaq24.com, Inform.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып ақпарат бөліседі..

— Осы жылы да бірінші кездесуімді киелі Түркістан қаласының тұрғындары — өздеріңізбен өткізгенді жөн санадым. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев 2026 жылдың қаңтар айында Қызылорда қаласында Ұлттық Құрылтайдың бесінші отырысында еліміздің келешек даму бағдары мен қоғамдағы өзекті мәселелер туралы ойларын ортаға салды. Бұл бастамалар мемлекеттік басқаруды ықшамдап, оның тиімділігін арттыруға, халықтың жағдайын одан әрі көтеруге бағытталған. Мемлекет басшысының Жарлығына сәйкес, облыс әкімдеріне барлық аудан, қалалардың тұрғындарымен кездесіп, мәселелерді ашық диалог алаңында шешу міндеттелген. Былтырғы кездесуде Түркістан қаласы бойынша 17 мәселе көтерілген. Олардың 16-сы шешімін тауып, 1 мәселесі биыл шешіледі. Сіздер сұраған спорт кешендердің құрылысы аяқталып, қолданысқа берілді. Одан бөлек 111 көшеге асфальт төселді. Осының барлығы сіздердің қала тұрғыны ретінде белсенді ұстанымдарыңыз бен жергілікті әкімдікпен бірлесе атқарған жұмыстардың нәтижесінде жүзеге асты. Бүгінгі кездесуде де белсенділік танытып, ойларыңызда жүрген мәселелерді бірге талқылап, шешімін табуға атсалысайық, — деп Нұралхан Көшеров мемлекеттің қолдауы мен жүйелі жұмыстың нәтижесінде Түркістан қаласының негізгі әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерінде оң өсім қалыптасқанын атап өтті. 

Фото: Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі

Жалпы өңірлік өнім көлемі 2025 жылы 526,3 млрд теңгені құрап, өткен жылғы кезеңмен салыстырғанда 15,5 пайызға өсті. Өнеркәсіп өнім көлемі 2025 жылы 45,9 млрд теңгеге жетіп, өткен жылғы кезеңмен салыстырғанда 10,3 пайызға артқан. Шаһарда жаңа нысандар салынып, туристік, өндірістік әлеует көтеріліп келеді.

Халықпен кездесуде қала әкімі Әзімбек Пазылбекұлының өткен жылғы жұмыстар бойынша баяндамасы тыңдалды.

Фото: Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі

Одан кейін қала тұрғындары тарапынан көтерілген өзекті мәселелер тыңдалып, ұсыныс-пікірлер қабылданды. Әрбір азаматқа өз пікірін еркін айтуға, өтініш-тілектерін жеткізуге толық мүмкіндік берілді. Тұрғындар жерді заңдастыру, баспанамен қамту, инфрақұрылым, қоғамдық көлік, тұрғын үйлердегі кемшіліктер, әлеуметтік қолдау, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жол сапасы, білім, туризмді дамыту, әлеуметтік нысандар құрылысы және өзге де мәселелерді қозғады.

Облыс әкімі Нұралхан Көшеров әрбір сұраққа нақты жауап беріп, жауапты басқарма басшылары мен тиісті мекеме жетекшілеріне тапсырмалар жүктеді. Көтерілген мәселелердің кезең-кезеңімен шешілуі бақылауға алынатынын жеткізді.

Фото: Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі

Кездесуге қатысқан тұрғындар өңірдегі, қаладағы ілкімді істер мен бастамаларға оң бағаларын беріп, көтерілген мәселелер шешімін табатынына сенімін білдірді.

Фото: Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі

Айта кетейік, Түркістан облысында өндіріс орындарын ашу, инвестиция тартуға басымдық берілген. Өңір экономикасына 1,7 трлн теңге инвестиция тартылып, өсім 121,6 пайызды құрады. Оның ішінде 1,1 трлн теңгесі — жеке инвестиция. Экономиканы әртараптандыру мақсатында өткен жылы 340 млрд теңгеге 58 инвестициялық жоба іске қосылып, 8 мыңнан астам жұмыс орны ашылды. Оның ішінде мақта өңдеу, алюминий бұйымдары, тұрғын үйлерге арналған газ қазандықтары және сусын шығаратын зауыттар, уран және әк өңдеу кешендері ашылды. Мемлекеттік бюджетке салық түсімі алдыңғы жылмен салыстырғанда 234 млрд.теңгеге өсіп, алғаш рет 1 трлн теңгеге жетті.

Оқиғаларды жіберіп алмау үшін Qazaq24.com сайтынан ең өзекті жаңалықтарды қарап отырыңыз.
Читать полностью