Нұрлан Қасымов: Бір ауысымда мың адамды қабылдай аламыз

10.02.2026

Aikyn.KZ парақшасындағы деректерге сәйкес, Qazaq24.com ақпарат таратты..

Бұл – Ақмола өңіріндегі бюджеттен шығын шығарылмай, инвестордың қаражатына тұрғызылған алғашқы ірі нысан. Орайды пайдаланып, Viamedis Kosshy ЖШС Бас директорының бірінші орынбасары Нұрлан Қасымовпен әңгімелескен едік.

– Нұрлан Қаукенұлы, білуімізше, жаңадан ашылған емхана Қосшыдағы денсаулық сақтау кешенінің бір бөлігі ғана. Кешен туралы толығырақ айтып берсеңіз?

– Осыдан екі жыл бұрын Мемлекет басшысы Қосшы қаласының даму жоспарымен танысып, медициналық мекеме салуды тапсырған болатын. 2024 жылдың тамызында 30 мың шаршы метр аумақта денсаулық сақтау кешенінің құрылысы басталды. Қазіргі күні емхана пайдалануға берілді, ал аурухананың құрылысы бітті, енді ішкі жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұйырса, аурухананы шілде айында ашуды жоспарлап отырмыз. Одан бөлек, аталған аумақта дәрігерлерге арналған тұрғын үй мен пансионат салынып жатыр. 

– Дәрігерлерге арналған тұрғын үй түсінікті, ал пансионат не үшін керек?

– Пансионат емханаға көрінуге алыс жерден келген науқастар үшін салынады. Таңертең ерте дәрігерге көріну үшін науқас басқа ауданнан кештетіп келуі мүмкін. Сол кезде пансионатқа түнейді. Немесе ауру­ханада туыстары жатқан адамдар науқасты жиі-жиі бақылап отыруы үшін пансионатқа орналасады. Өйткені білесіздер, қалада қонақүйлердің бағалары тым қымбат. 

– Жаңа емхананың қандай да бір ерекшелігі бар ма?

– Жаңа емхана заманауи құрал-жаб­­­дықпен толық қамтылған. Мұнда алғашқы санитариялық көмектен бастап шұғыл, жоспарлы, мамандандырылған қызметтер көрсетіледі. Мекемеміз бір ауысымда мыңнан астам адамды қабылдай алады. Жаңа емхананың 100 мың адамға арнап салынғанын да айта кетуіміз керек. Яғни, Қосшы қаласының халқына қоса, Ақмола облысына қарасты 7 ауданның халқына қызмет көрсетеді. 

Бұрын емханаларда балалар, әйелдер, ересек адамдарды бөлек-бөлек қарайтын. Біздің ерекшелігіміз, осы жүйеге қайта ора­лып жатырмыз. Балалардың өз учаскелік дәрігер, педиатрлары болады, ересек адам­дарды бөлек емдейміз, бір қабатта әйелдер консультациясы жұмысын бастайды. Қыз-келіншектер гинекология, маммография бойынша терапевтке қаралмай-ақ, бірден әйелдер консультациясына келеді. Диспан­серлік тіркеуде тұрған науқастарға бөлек учаске жасаймыз. Жай науқастардың учас­кесі бөлек болады. Сондай-ақ бұрын Қос­­шыдағы емханаларда зертхана болмады. Биоматериалдарды Астана қаласына жіберуге тура келетін. Енді анализдерді қысқа мерзім ішінде анықтауға мүмкіндік бар. Емхананың тағы бір ерекшелігі, дәрігерлер мен медби­келердің біліктілігі үнемі жетілдіріліп оты­ратын болады. Ғылымдағы соңғы жа­ңа­лықтар ескеріліп, науқасқа көмек көрсе­тудің жол­дарын көрсетеміз. Ол, әрине, ма­некен арқы­лы жүзеге асырылады. Жалпы, біздің компа­нияның басқаруында Павлодар, Степногорск және Көкшетау қалаларында осындай типті емханалар бар екенін айта кеткен жөн.

Жуырда ғана Қосшы қаласында жаңадан ашылғанына көп болмаған №1 емхананың халқын бізге ауыстырды. Себебі ол емхана кішірек болды, белгілі бір саланың маман­дары жетіспеді. Енді ол емхананың ғимараты балалар ауруханасына айналады. Есесіне, шілде айында біздің кешенде ашылатын аурухана тек ересектерге қызмет көрсетеді. Емхана мен аурухананың екеуі бірге жұмыс істей бастаған кезде шын мәніндегі үлкен кешенге айналатынына сеніміміз зор. 

– Жаңа денсаулық сақтау кешені бюджет қаржысына емес, инвесторлардың көмегімен салыныпты. Бұл сонда қалай? Емхана халыққа толықтай тегін қызмет көрсете ме әлде белгілі бір қызмет түрлері ақылы ма?

– Иә, бұл кешенді салғанда мемлекеттік бюджеттен қаражат бөлінбеді. Бірақ мемлекеттік тапсырысты орындау аясында әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры көмек көрсетті. Жобаның инвесторы – Viamedis Kosshy жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Жобаның жалпы құны – 30 миллиард теңге. Ал емханаға келсек, бізде қызмет түрлері ақылы емес. Себебі адамдар ай сайын МӘМС жүйесіне жарна төлеп отыр. Соның есебінен барлық медициналық қызмет түрі тегін көрсетіледі. 

– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан 

Айгүл СЕЙІЛ

Оқиғаларды жіберіп алмау үшін Qazaq24.com сайтынан ең өзекті жаңалықтарды қарап отырыңыз.
Читать полностью