Aikyn.KZ парақшасынан алынған деректерге сүйене отырып, Qazaq24.com жаңалық жариялайды..
Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары Нұрлыбек Нәлібаевтың төрағалығымен мемлекеттік шекарадағы автомобиль өткізу пункттерін жаңғырту мәселесіне арналған кеңес өтті, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Жиынға Көлік, Қаржы, Өнеркәсіп және құрылыс министрліктерінің, Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің және «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ өкілдері қатысты.
Кеңесте Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың шекара маңы инфрақұрылымын дамыту жөніндегі тапсырмаларын іске асыру барысы талқыланды. Атап айтқанда, автомобиль өткізу пункттерін жаңғырту, олардың өткізу қабілетін арттыру, азаматтар мен кәсіпкерлер үшін қолайлы жағдай жасау, сондай-ақ шекаралық және кедендік бақылау рәсімдерін жеделдету мәселелеріне басымдық берілді.
Нұрлыбек Нәлібаев өткізу пункттерін жаңарту және оларды заманауи техникалық құралдармен жабдықтау жобалары Мемлекет басшысы мен Үкіметтің ерекше бақылауында екенін атап өтті.
Кеңес қорытындысы бойынша Көлік министрлігіне Өнеркәсіп және құрылыс министрлігімен, «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ және ҰҚК Шекара қызметімен бірлесіп эскиздік жобаларды қайта қарау тапсырылды. Сонымен қатар қазіргі заманғы сәулеттік-қасбеттік материалдарды пайдалану, жолаушылар мен жүк ағындарын тиімді ұйымдастыру талаптарын ескере отырып, өткізу пункттерінің бірыңғай дизайн-кодын бекіту міндеті қойылды.
Сондай-ақ жауапты мемлекеттік органдар мен ұйымдарға құрылыс жұмыстарының сапасы мен мерзіміне бақылауды күшейтіп, жобалардың іске асырылуына тұрақты мониторинг жүргізу тапсырылды.
Жаңғырту жұмыстары аяқталғаннан кейін автомобиль өткізу пункттерінің өткізу қабілеті бірнеше есе артып, шекаралық және кедендік бақылаудан өту уақыты қысқарады. Бұл сыртқы экономикалық қызметке қатысушылар үшін қауіпсіз әрі қолайлы жағдай қалыптастырып, еліміздің транзиттік әлеуетін одан әрі арттыруға мүмкіндік береді.