Qazaq24.com, Aikyn.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып мәлімдеме жасады..
«Референдум –2026» онлайн марафоны барысында Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Нұрсұлтан Байтілесов жаңа Конституция жобасындағы зайырлылық қағидаты мен адам құқықтарын қорғау мәселесіне қатысты пікір білдірді, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
– Біз жаңа Конституция жобасының 7-бабына тоқталамыз. Бірақ алдымен 1-бапқа назар аударайық. Онда Қазақстан Республикасы демократиялық, зайырлы және құқықтық мемлекет деп жазылған. Бұл жерде басты құндылық – адам құқықтарының қорғалуы, – деді ол «Референдум–2026» атты онлайн марафонда.
Депутаттың айтуынша, 7-бапта мемлекет пен діннің арақатынасы айқын көрсетіледі. Қазіргі ақпараттық дәуірде діни ұйымдар мен ағымдардың ықпал ету мүмкіндігі кеңейгенін ескеріп, азаматтардың сенім бостандығын сақтай отырып, өзге адамдардың құқықтарына нұқсан келтіретін әрекеттерге жол бермеу қажет екенін атап өтті.
– Бұрынғы 1995 жылғы Конституциядағы баппен салыстырғанда қазіргі діни ұйымдардың және ағымдардың ақпараттық мүмкіндіктері мүлдем өзгеше. Әрбір азамат өз сеніміне ерікті түрде ие болуы тиіс. Алайда егер діни ағымдардың әрекеті басқа азаматтардың денсаулығына немесе құқығына қауіп төндірсе, бұл шектелуі керек. Мысалы, егер бір азамат белгілі бір діни ағымға кірсе, ол өз әйелін немесе басқа азаматты мәжбүрлеп сол ағымға кіргізе алмайды. Бұл – адамның құқығын шектеу, – деді Нұрсұлтан Байтілесов.
Оның пікірінше, Конституцияда зайырлылық ұстанымын нақты әрі айқын бекіту – құқықтық мемлекетті нығайтудың маңызды тетігі.
– Бір азаматтың қалауы екінші азаматтың құқығын шектемеуге тиіс. Бұл – зайырлы мемлекеттегі негізгі қағидат және Конституцияның басты мәнінің бірі, – деді ол.