Нұржан Қоянақов: Киберспорт ол да спорт

29.07.2026

Qazaq24.com, Aikyn.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып түсініктеме береді..

Бүгін Астанадағы Барыс-аренада «Болашақ ойындары – 2026» атты халықаралық мультиспорт турнирінің ашылу салтанаты өтті. Әлемнің 34 елінен жиналған 800-ге жуық спортшы бағын сынайды. PUBG дисциплинасы бойынша елімізден бір ғана команда қатысады. Ол – DIGA Esports командасы. Соның мүшесі, PUBG ойыншысы Нұржан Қоянақов ойынға қалай келгенін айтып берді, - деп хабарлайды Aikyn.kz.

PUBG дисциплинасы бойынша жарыс 31 шілде мен 2 тамыз аралығында Beeline Arena ұлттық теннис орталығында өтеді.

Оның айтуынша, DIGA Esports құрамында төрт ойыншы бар.

– Ашық ойындар квалификация ұйымдастырған болатын. Олардың басты талабы – команданың құрамы еліміздің әр өңіріндегі ойыншылардан жасақталу. Сөйтіп біздің командада Атырау, Орал, Астана мен Алматыдан төрт жігіт жиналды. Мұндай құраммен бірінші рет сайысқа қатысып, іріктеуден өтіп, одан бірінші орын алып, «Болашақ ойындарына» жолдамаға іліндік. Бұған дейін де түрлі чемпионаттарға қатыстық, бірақ осындай халықаралық деңгейдегі шараға бірінші қатысуымыз. Дегенмен өз мүмкіндігімізді жоғары бағалаймыз. Лайықты нәтиже көрсетуге бар күшімізді саламыз. Жеңіс тұғырынан көрінерміз,  – дейді ол.

Айтуынша, ойында 64 адам үлкен картаның жан-жағына түсіріледі.  Нәтижесінде картада қалған біреуі ғана жеңімпаз боп танылады.

– Әрине, қобалжып отырмын. Іште уайым да бар. Бұл ойында бәрін сәттілік шешеді. Біздің жолымыз болар деп үміттенемін, – деген ол өздерімен бірге бағын сынағалы тұрған 15 команданың осал емес екенін жеткізді. –   Азия елдері мен Еурропадан қатысатын командалар мықты қарсылас, – деді ол.

Алматылық жігіттің осы ойынды ойнап жүргеніне 7 жыл болған. Үй іші оның ойын ойнатынын білмейді.

– Бәрі Дәуір деген досымнан басталды. Екеуміз университеттің 1-курсында ойнадық. Бұл ойын дәл осы кезде шықан еді. Артынан Алматыда осыған қатысты сайыстар өте бастады. Біз де қызығушылық танытып, қатысып, әуелде 3-2 орын алдық. Тағы бір сондай сайыста 1 орын алғанда бір ұйым байқап, бізді қолдады. Міне, сол кезден ойынға көңіл бөлдік. Киберспорт – ол да спорт, – дейді Нұржан Қоянақов.

Кибер ойыншы команда құрамындағы әр жігіттің негізгі кәсібі барын сөз етті. «Мысалы менің өз компьютерлік клубым бар. Одан бұрын маркетинг саласында жұмыс істеймін. Сол секілді өзге жігіттердің де негізгі кәсібі бар. Бірақ бос уақытымызда ойын ойнаймыз» деді ол.

Еске сала кетейік, «Болашақ ойындары – 2026» турнирі Астанада 29 шілде мен 9 тамыз аралығында өтеді. 

Маңызды жаңалықтар мен жаңартуларды өткізіп алмау үшін Qazaq24.com сайтын қадағалаңыз.
Читать полностью