Qazaq24.com, Azh.KZ дереккөзінен алынған ақпаратқа сүйене отырып жаңалық таратты..
Әлемдегі ең ірі технологиялық гиганттардың бірі NVIDIA компаниясының негізін қалаушы әрі бас директоры Дженсен Хуанг Астанаға алғаш рет жұмыс сапарымен келді. Сапар барысында халықаралық alem.ai орталығында мейманға еліміздің жасанды интеллект (ЖИ) экожүйесі мен жаһандық Physical AI хабын құру стратегиясы таныстырылды.
Дженсен Хуанг Астанадағы Сингулярлық мұрайжайын, толығымен жасанды интеллект көмегімен контент жасайтын әлемдегі алғашқы AI Cinema кинотеатрын және мемлекеттік қызметтерді табиғи тілде ұсынатын alem.gpt чат-көмекшісі бар Self-Service Center кеңістігін аралап көрді. NVIDIA басшысы мұражай қорындағы 1980 жылғы RIVA TNT бейнекартасына өз қолтаңбасын қалдырды.
«Кез келген елдің ең құнды қазынасы — оның адамдарының мәдениеті мен зияткерлік әлеуеті. Қазақстандық әзірлеушілер, кәсіпкерлер мен студенттердің қазір өзіндік қазақстандық ЖІ жасап шығаруға сирек мүмкіндігі бар. Өршіл мақсаттар мен қуатты ғылыми-инженерлік базаның арқасында Қазақстан жаңа стартаптарды іске қосып, тұтас салаларды өзгерте алады», – деп атап өтті NVIDIA бас директоры Дженсен Хуанг.
Сапар аясында мемлекеттік құрылымдар мен отандық IT-қоғамдастық бірқатар ауқымды бастамаларды ұсынды:
Инфрақұрылым мен қуат: Екібастұзда жалпы қуаты 1 ГВт-қа жететін Data Center Valley деректерді өңдеу орталықтарының кластері таныстырылды. Оның 215 МВт құрайтын бірінші кезеңінің қуаттары толықтай броньдалған. Сондай-ақ Alem.Cloud жүйесінде NVIDIA H200 графикалық процессорлары қолданылатыны көрсетілді.
Отандық стартаптар мен технологиялар: NVIDIA басшысына ұшқышсыз аппараттар шығаратын ARC Aero, өнеркәсіпке арналған QazTWIN цифрлық егіздер платформасы, Astana Dynamics роботталған краулерлері, DeepInfra бұлтты инфрақұрылымы, MiraiTech биомеханикалық құрылғылары және Blockchair блокчейн-аналитикасы көрсетілді. Бұдан бөлек, 40 миллион аудиториясы бар қазақстандық алғашқы юникорн — Higgsfield негізін қалаушылармен кездесу өтті.
Физикалық ЖІ және Ақылды қалалар: Freedom компаниясы Алматы мен Астананың цифрлық егіздерін жасауға бағытталған City-Scale Physical AI жобасын ұсынды. Бұл жүйе автономды роботтарды шынайы қала ортасында оқытуға мүмкіндік береді.
Адами капитал мен кадрлар: Мейман GUINNESS WORLD RECORDS рекордын орнатқан HackAlem AI хакатонының жеңімпаздарымен, TUMO Astana, Tomorrow School студенттерімен және Qazaq AI Research University (QAIRU) өкілдерімен жүздесті.
Сапардың қорытынды кезеңінде ҚР Премьер-министрінің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев пен Дженсен Хуанг fireside chat форматында эксклюзивті сұхбат өткізіп, глобалды AI-экономикадағы Қазақстанның рөлі мен инфрақұрылымды дамыту мәселелерін талқылады.
«Қазақстан бұл индустрияның болашағын қалыптастыратын елдердің қатарынан өз орнын алуға ниетті. NVIDIA сияқты технологиялық көшбасшылармен бірге біз Қазақстанды зияткерлік жүйелер мен робототехника жасалатын, сыналатын және өнеркәсіпке енгізілетін Physical AI дамытудың жаһандық алаңына айналдыруды көздеп отырмыз», – деді Цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев.
Дженсен Хуангтың сапары Астанада қыркүйек айынан бері өтіп жатқан «AI Month» жасанды интеллект айлығының түйінді оқиғасы болды.
Бүгін, 15:06