Aikyn.KZ парақшасынан алынған ақпаратқа сүйене отырып, Qazaq24.com хабарлама жасады..
Екеуі де қарапайым өнім болып көрінгенімен, оның құрамында адам денсаулығы үшін аса маңызды табиғи компонент жатыр. Ликопин деп аталатын бұл пигмент бүгінде алматылық ғалымдардың зерттеу нысанына айналған. «Қазақ қайта өңдеу және тағам өнеркәсібі ғылыми-зерттеу институтының» ғалымдары табиғи антиоксиданттар негізінде онкологиялық аурулардың алдын алуға көмектесетін биологиялық қоспа әзірлеп жатыр. Мамандар бұл жобамен екі жылға жуық уақыттан бері айналысып келеді.
Өнімнің басты ерекшелігі – оның табиғи құрамында. Белсенді қоспаның негізін каротиноидтар, дәрумендер мен органикалық қышқылдар секілді пайдалы элементтер құрайды. Одан бөлек, табиғи антиоксиданттардың үлесі де жоғары. Осындай қасиеттеріне байланысты ғалымдар оны жай ғана қоспа емес, ағзаға пайдалы функционалды өнім ретінде бағалап отыр. Институт ғалымдары бізге жобаның ғылыми жаңалығы мен өзектілігі туралы баяндап берді.
– Қазір әзірленіп жатқан биологиялық белсенді қоспаның ғылыми жаңалығы бірнеше бағытта көрінеді. Ғылыми жоба аясында отандық шикізат саналатын қызанақ пен қарбыз негізінде ликопин алу технологиясы ұсынылып, оны тұрақты формаға келтіру жолға қойылған. Лиофильді және инфрақызыл кептіру әдістері арқылы биологиялық белсенді заттардың максималды сақталуын қамтамасыз ететін технология әзірленді. Өнімнің агроөнеркәсіпте де маңызы жоғары. Себебі ауыл шаруашылығында өндірілетін көкөніс және бақша өнімдерінің шамамен 40-50 пайызы әртүрлі себептермен өңделмей, далада немесе сақтау кезінде жоғалады. Аталған технология мұндай шикізатты терең өңдеуге мүмкіндік береді, яғни қалдықсыз өндіріс элементтерін енгізуге ықпал етеді. Нарықтағы басқа өнімдермен салыстырсақ, бұл ББҚ табиғи отандық шикізаттан алынған, көпкомпонентті антиоксиданттық кешенге ие, – деді техника ғылымдарының докторы, профессор, Ұлттық ғылым академиясының академигі Өрісбай Шоманов.
Ғалымдардың дәл лиофильді және инфрақызыл кептіру әдістеріне тоқталуы кездейсоқ емес. Әр технология өзіндік артықшылыққа ие. Мәселен, инфрақызыл кептіру әдісі энергияны үнемдеуімен, жылдамдығымен және микробиологиялық тұрғыдан қауіпсіз өнім алуға мүмкіндік беруімен ерекшеленеді. Ең бастысы, өңдеу барысында өнімнің түсі, дәмі мен сапасы айтарлықтай өзгермейді. Ал лиофильді кептіру, керісінше, төмен температурада жүргізіледі. Бұл термолабильді қосылыстарды, соның ішінде ликопинді сақтап қалуға көмектеседі. Осының нәтижесінде, өнімнің құрылымы бұзылмай, биологиялық белсенділігі сақталады.
American Cancer Society жариялаған 2024 жылғы деректерге назар аударсақ, 2022 жылы әлемде шамамен 20 миллион жаңа қатерлі ісік жағдайы тіркелсе, 9,7 миллион адам осы дерттен көз жұмған. Сарапшылардың болжамынша, қатерлі ісікке шалдығу көрсеткіші 2050 жылға қарай 35 миллионға жетуі мүмкін.
Институт ғалымдарының айтуынша, қатерлі ісікке қарсы препараттар әдетте әртүрлі тәсілмен, көбіне улы заттардан алынады. Ал олар препаратты көкөністен алуды жөн деп тапқан. Зерттеу аясында мамандар препараттардың бірнеше түрін әзірлеп жатыр. Оның ішінде профилактикалық әрі емдік мақсатта қолданылатын өнімдер бар. Мұндай қоспаларды күнделікті пайдалануға болады. Әсіресе, оның балалардың ағзасын онкологиялық аурулардан алдын алуға пайдасы мол.
– Қазір Қазақстан халқының рационында каротиноидтар сияқты биологиялық белсенді заттардың тапшылығы байқалады. Бұл олардың жеткілікті мөлшерде табиғи көкөніс пен жеміс-жидек тұтынбауының салдары. Қосымша маңызды аспект – тағамдық мәдениеттің өзгеруі. Қалалық ортада өмір сүретін халықтың бір бөлігі тез дайындалатын, калориясы жоғары, бірақ биологиялық белсенділігі төмен өнімдерді тұтынуға бейім. Бұл антиоксиданттық қорғау жүйесінің әлсіреуіне әкелуі ықтимал. Ликопин адам организмімен синтезделмейтіндіктен, оны тек тағам арқылы алу қажет. Сондықтан рационды байыту немесе ББҚ қолдану – тағамдық заттардың тапшылығын өтеудің тиімді жолы саналады, – деді техника ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор Гүлжан Жұмалиева.
Мамандардың сөзінше, әзірленіп жатқан өнім әзірге сынақ кезеңінде. Сондықтан оның нақты қаншалықты тиімді екенін анықтау үшін қосымша зерттеулер жүргізілмек. Қазір ғалымдар өнімді дайындау технологиясын жетілдіріп, оны тағам құрамына енгізу бағытында жұмыс істеп келеді.
– Өнімді профилактикалық құрал ретінде қарастырудың ғылыми негізі ликопиннің антиоксиданттық қасиеттерімен тығыз байланысты. Ол еркін радикалдарды бейтараптандырып, жасушалардың зақымдануын төмендетеді және онкологиялық процестердің даму қаупін азайтады. Өнімнің құрамы адамның тәуліктік ликопин қажеттілігін қамтамасыз етуге бағытталған. Бұл оны тамақ рационын толықтыратын функционалды тағамдық өнім ретінде қарастыруға мүмкіндік береді, – деді «Қазақ қайта өңдеу және тағам өнеркәсібі» ҒЗИ ғылыми қызметкері Анель Байзақова.
Осыған дейін белсенді қоспаның қауіпсіздігі мен сапасы физико-химиялық, микробиологиялық және органолептикалық көрсеткіштер бойынша бағаланған, сондай-ақ халықаралық және ұлттық стандарттарға сәйкес талдаудан өткен.
– Биологиялық белсенді қоспалар дәрілік препараттарға қарағанда міндетті түрде кең ауқымды клиникалық зерттеулерді талап етпейді. Жоғарыда атап өткеніміздей, әзірленіп жатқан өнімнің ғылыми негізін күшейту мақсатында доклиникалық және клиникалық зерттеулер жүргізу мүмкіндігі қарастырылып жатыр. Алайда мұндай зерттеулер үлкен шығынды, ұзақ уақыт пен заманауи жоғары технологиялық жабдықты қажет ететінін атап өткен жөн. Бірақ соған қарамастан, өнімнің қауіпсіздігін дәлелдеу үшін қажетті зерттеулер мен сынақтарды толық көлемде жүргіземіз, – деді профессор Ө.Шоманов.
Қазір ғалымдар қоспаға патент алуды көздеп отыр. Егер жоба сәтті жүзеге асса, ол елімізде профилактика мәдениетін қалыптастыруға ықпал ететін өнімдердің бірі болмақ.
Алтынай БАУЫРЖАНҚЫЗЫ,
Алматы қаласы