Aikyn.KZ парақшасынан алынған деректерге сүйене отырып, Qazaq24.com хабарлама жасады..
Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің соңғы мәліметіне сәйкес, өткен жылдың өзінде елімізде қатерлі ісікке шалдыққан 42 мыңнан астам жаңа жағдай тіркелген. Ал бүгінде диспансерлік есепте тұрған науқастардың жалпы саны 246 мың адамға жеткен. Бұл көрсеткіш онкологиялық аурулардың қоғам үшін қаншалықты өзекті мәселе екенін айқын көрсетеді.
Жалпы алғанда, онкологиялық аурулар дүниежүзілік статистикада да, Қазақстандағы денсаулық сақтау көрсеткіштерінде де өлім-жітім себептері бойынша екінші орында тұр. Бірінші орында жүрек-қан тамырлары аурулары, яғни инфаркт пен инсульт сияқты дерттер келеді. Қатерлі ісік адам өміріне қауіп төндіретін негізгі аурулардың бірі болғандықтан, мемлекет бұл бағыттағы медициналық көмекті дамытуға ерекше көңіл бөліп келеді.
Мәселен, елімізде 2023-2027 жылдарға арналған Қатерлі ісікпен күрес жөніндегі кешенді жоспар қабылданған. Бұл құжат Қазақстандағы онкологиялық көмектің барлық жүйесін жаңғыртуға бағытталған негізгі стратегиялық бағдарлама саналады. Кешенді жоспардың басты мақсаты – қатерлі ісікті ерте кезеңде анықтаудың тиімділігін арттыру, мамандандырылған емдеу тәсілдерін дамыту, заманауи терапиялық әдістерді енгізу және елдің барлық өңірінде онкологиялық инфрақұрылымды нығайту.
Аталған жоспарды іске асыру үшін мемлекет тарапынан шамамен 460,7 млрд теңге көлемінде қомақты қаржы бөлінген. Бұл қаражат медициналық қызметтердің қолжетімділігін арттыруға ғана емес, сонымен қатар аурудың асқынған түрлерін азайтуға және қатерлі ісіктен болатын өлім-жітім деңгейін төмендетуге бағытталған.
Кешенді жоспардың нәтижесі белгілі бір деңгейде байқала да бастады. Соңғы жылдары онкологиялық аурулардан болатын өлім-жітім көрсеткіші азайып келеді. Мысалы, былтыр бұл көрсеткіш 100 мың адамға шаққанда 61 жағдайға дейін төмендеген. Сонымен қатар пациенттердің бес жылдық өмір сүру көрсеткіші 63 пайызға дейін өскен. Бұл – медицина саласындағы оң өзгерістердің көрінісі.
Алайда осы көрсеткіштер елімізде онкологиялық науқастарды емдеу толық деңгейде жақсарды дегенді білдіре ме деген сұрақ туындайды. Өйткені әлеуметтік желілерге көз жүгіртсек, шетелге барып ем қабылдап жатқан отандастарымыздың аз емес екенін байқаймыз.
Расында, Қазақстанда онкологиялық дерті бар науқастарға ем тегін көрсетіледі. Ал көптеген шет мемлекеттерде мұндай емдеу қызметтері толықтай ақылы түрде жүргізіледі. Ондағы химиотерапия, сәулелік терапия, таргеттік терапия немесе күрделі хирургиялық операциялардың бағасы өте қымбат. Мұндай қаржыны қарапайым табысы бар көптеген отбасы көтере алмайтыны анық.
Сондықтан соңғы жылдары ауыр дертке шалдыққан жандарға көмектесу үшін әлеуметтік желілер арқылы қаражат жинау үрдісі кең тарады. Науқастың атынан арнайы есепшот ашылып, емге қажетті миллиондаған теңге халықтан жиналады. Бастапқыда, яғни отандастарымыз Facebook пен Instagram желілерін кеңінен қолдана бастаған, 2010-жылдары мұндай жағдайлар қоғамға тосындау көрінетін. Алайда уақыт өте келе бұл құбылыс үйреншікті жағдайға айналып бара жатқандай.
Қазір әлеуметтік желіні ашқан сайын ауыр дертке шалдыққан адамның тағдырын баяндаған жазбаларды жиі кездестіреміз. Онда науқастың жағдайы күн сайын нашарлап бара жатқаны видео немесе фотосуреттер арқылы көрсетіліп, шетелде ем қабылдау үшін қаржылай көмек сұралады.
Алайда шетелде емделіп, толық сауығып кеткен қазақстандықтар туралы нақты әрі толық статистика жоқ. Мұндай мәліметтер денсаулық сақтау органдарында жүргізіле ме, жоқ па – бұл да көпшілікке беймәлім.
Әлеуметтік желілер арқылы қаражат жинап жүрген науқастардың көпшілігінің әлеуметтік жағдайы күрделі екені белгілі. Сонымен қатар халықтан көмек сұрамай-ақ, өз қаржысына шетелде емделуге мүмкіндік табатын азаматтар да бар.
Осы тұста заңды сұрақ туындайды: қаржысы бар да, жоқ та науқастар неге шетелде емделуді қалайды? Отандық медицина онкологиялық ауруларды емдеуде әлсіз бе? Дәрі-дәрмектердің сапасы төмен бе? Әлде диагноз қою жүйесінде мәселе бар ма?
Осы сұрақтарды медицина саласының мамандарына қойып көрдік.
Медицина саласында 20 жылдан астам еңбек етіп жүрген жалпы тәжірибелік дәрігер Күмісай Аташева қатерлі ісікке шалдыққан науқастардың шетелге емделуге ұмтылуын, ең алдымен, ақпараттық ықпалмен байланыстырады.
– Әлеуметтік желілерде жүз мыңдаған, тіпті миллиондаған оқырманы бар танымал адамдар немесе блогерлер науқасың атынан есепшот ашып, халықтан қаражат жинаған жағдайлар жиі болды. Олар қоғамда танымал болғандықтан, емге қажетті қаржы да жылдам жиналды. Соның нәтижесінде, науқастар шетелде ем қабылдай бастады. Осылайша, шетелде емделу белгілі бір деңгейде жарнамаланды деуге болады. Кей жағдайда мұндай науқандар арқылы кейбір адамдар өздері де табыс тапты, – дейді дәрігер.
Маманның айтуынша, отандастарымыздың шетелге қызығуының тағы бір себебі – ол жақтағы қызмет көрсету деңгейінің жоғары болуы.
– Науқас ақшасын төлейді. Ұшақтан түскен сәттен бастап арнайы қызметкерлер қарсы алып, клиникаға орналасқанға дейін барлық ұйымдастыру жұмысын өздері атқарады. Біздегідей ұзақ уақыт құжат жинап, түрлі мекеменің табалдырығын тоздырудың қажеті жоқ. Көптеген мәселе бір-екі кабинетте шешіледі, – дейді ол.
Сонымен қатар маман Қазақстанда да онкологиялық көмектің сапасы жылдан-жылға жақсарып келе жатқанын атап өтті.
– Елімізде қатерлі ісікті ерте анықтауға арналған скринингтік бағдарламалар енгізілген. Азаматтар бұл тексерулерден тегін өте алады. Бұрын қатерлі ісіктің ағзаға қаншалықты таралғанын анықтайтын ПЭТ/КТ аппараттары тек Астана қаласында ғана болатын. Қазір мұндай құрылғылар Алматы, Шымкент, Атырау қалаларында да бар. Түркияда бұл тексерудің бағасы шамамен 2500 доллар тұрады. Ал бізде науқастар кезек арқылы тегін немесе салыстырмалы түрде арзан бағамен өте алады, – дейді дәрігер.
Күмісай Аташева, сондай-ақ Қазақстанда генетикалық-молекулярлық зерттеулердің де дамып келе жатқанын атап өтті. Мұндай тестілер науқасқа ең тиімді емдеу тәсілін таңдауға мүмкіндік береді.
– Мысалы, науқасқа алдымен химиотерапия қажет пе, әлде операция тиімді ме немесе емді дәрілік терапиядан бастау керек пе – осының бәрін молекулалық зерттеулер анықтауға көмектеседі, – дейді ол.
Дегенмен маман саладағы негізгі проблемалардың бірін де жасырмай айтты. Оның пікірінше, онколог мамандардың жетіспеушілігі және науқастарға психологиялық қолдау көрсетудің әлсіздігі белгілі бір қиындықтар туғызады.
– Көп жағдайда пациенттер дәрігерден тек медициналық ем ғана емес, моральдық қолдау да күтеді. Егер мұндай қолдау жеткіліксіз болса, науқастар клиникадан клиникаға ауысып, әртүрлі маманнан кеңес алып, тіпті шетелге кетуге де шешім қабылдай-ды, – дейді ол.
Ал фармаколог Нұрас Алибаев науқастардың шетелде емделуге ұмтылуын көбіне логистикалық және бюрократиялық қиындықтармен байланыстырады.
– Науқастар емді бастау үшін біраз уақыт күтуге мәжбүр болады. Ал онкологиялық ауруларда уа-қыт – ең маңызды фактор. Себебі ісіктің қалай дамитынын алдын ала болжау қиын. Пациент алдымен жергілікті емханаға тіркеледі, одан кейін бірнеше талдау тапсырады, түрлі маманның кеңесін алады. Бұл процестер кейде ұзаққа созылады, – дейді ол.
Фармакологтың айтуынша, Қазақстанда онкологиялық ауруларды емдеуде қолданылатын химиялық препараттардың басым бөлігі – классикалық цитостатиктер.
– Олардың қатарына Цисплатин, Карбоплатин, Доксорубицин, Циклофосфамид сияқты дәрілер жатады. Бұл препараттардың көпшілігі – генерикалық дәрілер. Яғни, бастапқы түпнұсқа препараттардың патент мерзімі аяқталғаннан кейін әртүрлі елдерде сол препараттың аналогтары өндіріледі. Белсенді заты бірдей болғанымен, құрамындағы қосымша заттарда айырмашылық болуы мүмкін. Сол себепті кейбір науқастар түпнұсқа препараттардың сапасы жоғары деп есептейді, – дейді ол.
Сонымен қатар маман Қазақстандағы емдеу жүйесі халықаралық клиникалық хаттамаларға сәйкес жүргізілетінін атап өтті.
– Мысалы, таргеттік терапияда қолданылатын Трастузумаб, Элотузумаб, Иматиниб, ал иммунотерапияда қолданылатын Пембролизумаб секілді препараттар жоғары тиімділік көрсетіп отыр. Әсіресе, сүт безі, өкпе және колоректалды қатерлі ісік түрлерін емдеуде жақсы нәтижелер байқалады, – дейді ол.
Қорыта айтқанда, Қазақстанда қатерлі ісікке шалдыққан науқастарды емдеу халықаралық стандарттарға сай жүргізіледі. Мемлекет бұл бағытқа айтарлықтай қаржы бөліп, медициналық инфрақұрылымды жетілдіруге күш салып келеді. Соның нәтижесінде, соңғы жылдары пациенттердің өмір сүру ұзақтығы да артып отыр.
Соған қарамастан, шетелде емделуге деген сұраныс әлі де жоғары. Мұның себебі тек медициналық факторлармен ғана шектелмейді. Психологиялық сенім, бюрократиялық кедергілер, қызмет көрсету сапасы және ақпараттық ықпал сияқты түрлі әлеуметтік фактор да бұл үрдіске әсер етуде.
Сондықтан онкологиямен күресте тек медициналық технологияларды дамыту ғана емес, сонымен қатар пациентке бағытталған қызмет мәдениетін қалыптастыру, жедел ұйымдастыру жүйесін жетілдіру және дәрігер мен науқас арасындағы сенімді нығайту да маңызды міндеттердің бірі болып қала бермек.
Айгүл СЕЙІЛ