Qazaq24.com, Aikyn.KZ дереккөзінен алынған ақпаратқа сүйене отырып мәлімет бөліседі..
Алғашқы жарыс күнінің нәтижелерін бір шолып өтейік. Бірінші күні конькимен жүгіруден әйелдер арасында 3000 метр қашықтықта жүлделер сарапқа салынған еді. Бұл бағдарламада Қазақстан атынан екі спортшымыз өнер көрсетті. Жүлделі орыннан көріне алмасақ та, спортшыларымыз үздік ондықтың қатарына енді. Надежда Морозова 4:01.200 уақыт көрсеткішімен алтыншы болып мәреге жетсе, Елизавета Голубева 4:03.300 уақыт көрсеткішімен оныншы орынға тұрақтады.
Ал қарсылас италиялық Франческа Лолобриджида Олимпиада рекордын жаңартып, алтын медаль жеңіп алды – 3:54.280. Екінші орынды норвегиялық Рагне Виклунд (3:56.540) иеленді. Ал канадалық Валери Мальте (3:56.930) үшінші болып мәреге жетті.
Келесі кезекте шаңғышыларымыз әйелдер арасында скиатлон жарысында сынға түсті. Еліміздің атынан екі спортшы жарыс жолына шығып, біз күткен нәтижелерді тіркей алмады. Ксения Шалыгина 53-орынға табан тіресе, Надежда Степашкина 60-орынды иеленді.
Олимпиаданың алтын жүлдесін Швеция спортшысы Фрида Карлссон жеңіп алды. Екінші орында да швециялық Эбба Андерссон тұрса, қола жүлде Норвегия өкілі Хейди Венгке бұйырды.
Олимпиаданың екінші күні дәл осы спорт түрінен ерлер құрамасының атынан Наиль Башмаков пен Әмірғали Мұратбеков өнер көрсетті. Олар да жарыс жолын сәтсіз аяқтады.
Қазақстандық биатлоншыларымыз да аралас эстафета бойынша жарысқа қатысқан еді. Бұл сайыста ел намысын Владислав Киреев, Әсет Дүйсенов, Милана Генёва және Айша Ракишева қорғады. Құрамамыз жарысты 21-орынмен аяқтады.
Олимпиадада жеңіс тұғырының ең жоғары сатысына Франция құрамасы көтерілді. Италия күміс жүлдеге ие болса, қола медаль Германияға бұйырды.
Жалпы, медаль кестесінде норвегиялықтар бір күнде үш алтын және бір қола медаль қанжығалап, жалпы есепте алты жүлдемен көш бастады. Тау шаңғысы және командалық мәнерлеп сырғанау бәсекесінде сәтті өнер көрсеткен америкалықтар екі алтын медальмен екінші орынға жайғасты. Италия құрамасы қоржынына алты медаль түсті. Осылайша, олар медаль кестесінде үшінші орыннан көрінді. Қазірге Жапония, Аустрия, Германия, Чехия, Франция, Швеция және Швейцария құрамаларында бір алтын жүлдеден бар. Ал Оңтүстік Корея және Словения құрамалары бір күміс, Болгария, Канада және Қытай құрамаларында бір қола жүлде бар.