Qazaq24.com, Sputnik.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып жаңалық жариялады..
АСТАНА, 20 ақпан – Sputnik. Таразда 13 жастағы қызды белгісіз біреулер тапа-тал түсте ұрлап кетпек болған. Абырой болғанда жасөспірімді Нұркен Омаров құтқарып қалды. Оқиға туралы Sputnik Қазақстан тілшісіне қызды құтқарған ер адамның өзі айтып берді.
Дәл сол күні Нұркен мешіттен шығып, аялдамада тұрған.
"Аялдамада бір кішкентай оқушы қыз тұрды. Оған әу баста мән бермеппін. Ұялы телефоныммен сөйлесіп тұр ем, бір көлік ана қыздың қасына келіп тоқтап, сигнал берді. "Отыр көлікке" деп айтып жатты. Мен оны қыздың әкесі деп ойлаппын", - дейді қызды құтқарған Нұркен.
Қыз көлікке отырмаған. Іле-шала көлік ішінен екі адам атып шығып, қызды көлікке қарай сүйреп, күштеп отырғызбақ болады.
"Екі адам шамамен 35-40 жаста. Қыз қарсыласып жатты. "Ей, тиіспеңдер" деп мен араша түстім. "Сен кімсің, ағасысың ба?" деді. Мен не айтарымды білмей қалдым. Бір шеті қыздың туыстары ма деп те ойлап қалдым. Біреуі "Мен Мұхаммед пайғамбармын, бұл қыз менің әйелім болу керек" деп бір нәрселерді айтып тұр", - дейді Нұркен.
Нұркен қыздың өзінен сұрай бастайды. Бірақ жасөспірім бұл адамдардың кім екенін танымайтын боп шықты.
"Қыз қалшылдап қорыққаннан сөйлей де алмайды. Ана екі адамнан қызды ажыратып алып, арт жағыма қарай тығып алып, оларды жолатпай қойдым. Полиция шақырамын деп кетіңдер деп ем, "керек емес, шақырма" деп тайып тұрды", - дейді Нұркен Омаров.
Күдіктілер сау адамдар боп көрінбеді, дейді ол.
"Біреуі шегіп алған сияқты көрінді, көздері қып-қызыл боп қанталап кеткен. Кейін білдім, екіншісі психиатриялық диспансерде есепте тұрады екен. Жалпы ата-аналарға айтарым, баланы үнемі назарда ұстаңыздар", - дейді 13 жастағы қызды құтқарып қалған азамат.
Оқушы сол күні сабақтан шығып үйіне бара жатқан беті екен.
Нұркен Омаров бассейнде құтқарушы, сосын күзетші болып еңбек еткен. Қазір жұмыссыз.
Кеше оны Жамбыл облысының әкімі мақтау қағазымен марапаттап, ақшалай сертификат табыстады. Аймақ басшысы оны тұрақты жұмыспен қамту мәселесін қарастыру жөнінде жауапты тұлғаларға нақты міндет жүктеді.